Қалтамыздағы қаржы қаншалықты үнемделді?

0
983

Әдетте жыл басында түрлі мақсат қойылады, түрлі жоспар жасалынады. Дей тұрғанмен бүгінгі күні жоспары қағаз жүзінде ғана қалатын істің қатары көбейіп, есесіне нәтижесін жар салып көрсететін жұмыстар сирек кездесетін болды. Халық сондықтан жағымды жаңалыққа орай бөркін аспанға атудың орнына, аң-таң күй кешіп, сенімсіздік танытып жүр. біз айтып отырған сондай жағымды әрі халық үшін әлі де сенімсіз жаңалықтың бірі – жаңа жылдың жаңа күнінен бастап коммуналдық қызметтер үшін жаңа баға енгізу.

Биыл Қазақстан аумағында коммуналдық төлем түрлері арзандайды деп желтоқсан айында ақпарат құралдары арқылы Экономика министрлігі жар салды. Демек, халық енді суық су мен кәріз қызметін, жылу мен электр жарығын төмендетілген тарифпен төлемек.

«Жаңа жылдан соң келетін коммуналдық түбіртекті көргенде отандастарымыздың қабағы әдет-тегідей түйілмейтін болады» деген Экономика министрлігінің болжамы мен есебі қаншалықты шынайы екеніне халықпен бірге көз жеткізгіміз келді. Аз-кем әңгіме сол төңіректе болмақ. Сіз бен біздің қалтамыздағы қаржы қаншалықты үнемделеді? Нәтиже қандай?

Біресе азық-түлік бағасы қымбаттап, енді бірде дәрі-дәрмектің бағасы өршіп, одан қалса кеңсе тауарларының бағасы аспандай беретініне бой үйретіп қалған халық коммуналдық қызметтер тарифі арзандайды дегенде иланбаған. Шындығына келгенде қараша қауым жағымды жаңалықтың рас-өтірігіне әлі күнге дейін көз жеткізе алмай, қолдарындағы төлем қағаздарына қайта-қайта қарап, салыстырып, тіпті, сенер-сенбестерін білмей жан-жақтан сұрастыруда. Көбісі төлемдердің неліктен арзандағанын білмей дал.

«Неге коммуналдық қызмет тарифтері төмендеді? Жарық, жылу, электр энергиясын өндіруші кәсіпорындары бұл шешімге қалай келісті?» деп сауал тастағандар қатары көп. Оған билік басындағылар да, көзі ашық оқырман да бір ғана жауап берді. Бұл – Елбасының жолдауының нәтижесі.

Н.Ә. Назарбаевтың 5 қазан күнгі халыққа Жолдауында экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керектігі атап өтіліп, «коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы әлі күнге дейін ашық емес» деген болатын. Яғни, мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде коммуналдық қызметтердің тарифін төмендету қолға алынды.

Соның негізінде төлемақы бағасын арзандату жүзеге асуда. Бұл тиын-тебенді есептеп күн көріп отырған қараша қауым үшін әрине қуаныш. Бірақ тағы да «бірақ» бар. Күйініп отырған себеп не дерсіз?

Сонда бұл жағдай бізде Президенттің Жолдауынсыз жақсы бастамалар жүзеге аспайтын болғанын тағы бір дәлелдемей ме? Тапсырма берілместен бұрын, халыққа икемделіп жұмыс жасауға болмас па еді?..

Қыркүйек айында министр-ліктерге бөлінген қыруар қаржы, жалпы көлемі 80 миллиард теңге игерілмей бір шу шықты. Немесе керісінше, қаржыны игеру мақсатында ақша пайдасы мен маңызы жоқ жұмыстарға жұмсалып, халық тағы бір ашынды. «Біздің үкіметте ақша шашылып жатқан секілді. Бірақ ол қаржы пайдалы іске жұмсалмайды» деп күйінетін халық «Жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созып, көпбалалы аналарға қолдау танытып, шалғай аудандардағы тозығы жеткен ауылдар мен ондағы мекемелерге қаржы бөліп немесе осындай пайдалы істерді тапсырмасыз орындаса ғой»  – дейді.

Күйіну, ашыну көп бүгінгі күні төмендетілген тариф бойынша төлем жасау халыққа аз да болса медеу болып отыр. Доңыз жылынан бастап іске асып отырған шара бойынша облыс орталығындағы көрсеткіш төмендегідей. Талды-қорған қаласының тарифі 10%-ға дейін төмендеген. Мысалы, қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Талдықорғанжылусервис» мекемесі 1 Гкал жылудың құнын 2772 теңгеден 2513 теңгеге түсірген. Осыған дейін талдықорғандықтар бір текше метр ыстық суға 207,53 теңге төлеп келсе, енді 186,78 теңге көлемінде төлем жасайды. Бір текше метр суық судың құны 67,66 теңгеден 61,37 теңгеге арзандаған.

Жарықты көп пайдаланатындар үшін де жағымды жаңалық бар. Бұрынғы жылы 1кВт/сағатқа 16,39 теңге жұмсап келген тұрғындар енді 14,68 теңге төлейді, құны 1, 71 теңгеге арзандап отыр.

Түйін:

Халық жағдайымен аз да болса санасу, айлық еңбекақыларына орай төлем-дерді, азық-түлікті, дәрі бағасын арзандату тұрғындарға, әсіресе аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік жағынан үлкен қолдау болмақ.

Мемлекет халқымен, тұрғын-дарымен мемлекет болып отыр. Ал тұрғындарының қыстырылып, қымтырылып күн көруі мемлекет болашағына балта шабумен бірдей емес пе? Сондықтан «Ауырғанын жасырған өледінің» кебін кимес үшін ақты ақ, қараны қара деп айтуымыз тиіс. Ал халыққа аз да болса пайдалы бастамалар бой көтерсе, қуанып, құба-құп деу де міндетіміз.

Бірақ, қымбатшылыққа еті үйреніп, танауын тасқа соққан балықтай есеңгіреп қалған бұқара бұл жасалған жеңілдіктер ұзағынан бола ма, болмай ма деп үрейленіп жүр. Себеп, біздің үкімет, халықты бір қолымен ұрып, бір қолымен сипап отыруды әдетке айналдырған!

Шынар ЖЕҢІСҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ