Басты мақсат – білім сапасын арттыру

1
1686

   ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәлімдеуімен 6 сәуірден бастап еліміз мектептері қашықтықтан оқыту жүйесіне көшіріліп, оқушылар соңғы тоқсанды онлайн форматта оқуда.  Талдықорған қаласына қарасты Мойнақ ауылындағы мектепке дейінгі шағын орталығы бар №23 орта мектебі де бұл оқыту жүйесінің талаптарын мүлтіксіз орындауда.

     Оқудың жаңаша түрін енгізу шешімі қабылданғаннан бастап мектеп ұжымы қысқа мерзім ішінде дайындық жұмыстарын қызу ұйымдастырып, мектеп оқушыларының онлайн форматта дәріс алуы үшін барынша жағдай жасады. Мектеп директоры Айгүл Мусекенова ата-аналар мен оқушыларға бейнежазба жолдау арқылы жаңа оқу форматы жайлы барынша мәлімет беріп, ата-аналардан балаларының сабаққа қатысуы мен қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу мәселесінің маңызды екенін атап көрсетті.

     Қашықтықтан оқыту мәселесі алғаш жолға қойылған кезде Білім және ғылым министрі басқа дамыған елдерде орын алып жатқан қиындықтар біздің елде де туындауы мүмкін екенін атап көрсетіп, Президент қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берген.   Мәселен, бір отбасында бірнеше мектеп оқушысы болған жағдайда олардың бәріне бірдей техникалық құрал-жабдықтар жетіспеуі немесе кейбірінде тіпті интернет байланысы да жоқ болуы мүмкін. Ал бұл мәселе бойынша аталған мектепте келеңсіз оқиғалар орын алмаған. Өйткені, көмекке мұқтаж және аз қамтылған отбасындағы оқушылар жағдайы да ескерусіз қалмапты. Мектеп әкімшілігі бірінші кезекте ұстаздар мен оқушылардың техникалық құрылғылармен, интернет желісімен қамтылуы туралы мәліметтер жинақтаған. Жәрдемді  қажет ететін отбасыларды, көпбалалы аналар мен мұғалімдерді  анықтағаннан кейін, оларды техникалық құралдармен қаматамасыз етуді іске асырған. Оған қоса, мектеп директорының ықпалымен демеушілер тартылып, жағдайы төмен 3 отбасына интернет желісі тартылып, 6 отбасы балаларының ұялы байланыс құралдарына бірлік салынса, 2 отбасына теледидар беріліпті. Ал Талдықорған қалалық білім бөлімінің көмегімен бір  көпбалалалы отбасы интернет желісімен қамтамасыз етілген.

     Айгүл Таласбайқызының айтуынша, бүгінде қашықтықтан оқыту жүйесімен сабақ өткізуде ешқандай қиыншылықтар туындап отырған жоқ, ата-аналар тарапынан да арыз-шағым түспеген.

Жаңа оқу форматы туралы шешім қабылданғаннан  қызу дайындық шараларын жүргізіліп, оқушыларымыз бен ұстаздарымыз үшін барынша жағдай жасалды. Қашықтықтан оқыту жүйесі бәріміз үшін алғашқы тәжірибе. Бастапқыда жаңа жүйе болғандықтан, бәрінде де қобалжу сезімінің болғаны белгілі. Дегенмен, мұғалімдер де, оқушылар да жаңа жүйеге икемделе бастады. Тек біздің алдағы басты мақсатымыз – білім сапасын төмендетпеу, – дейді ол.

     Смартфон мен жаңа технологияларға әуес  бүгінгінің  балалары үшін ноутбк пайдаланып, ұялы байланыс құралдары арқылы жұмыс жасау ешқандай қиындық туғызбасы анық. Тек білім алу үшін бар зейін-зердесін салса болғаны. Ал директордың оқу жөніндегі орынбасары Қарғаш Асылбекова қашықтықтан оқытудың алғашқы аптасы сәтті өткенін айтады.

 Бүгінде жаңа форматқа сәйкес оқушылар «Kundelik», «BILIM Land», «Daryn.Online» сынды платформалар арқылы онлайн сабақ алуда. Сонымен бірге, «Балапан», «Еларна» телеарналарында берілетін сабақтарды да ресурс ретінде пайдаланып, соңынан мұғалімдерге кері байланысқа шығу арқылы жаңа сабақты бекітіп отырады. ІV тоқсанның алғашқы аптасын да тәмамдадық. Оқушылардың сабақ нәтижелерін төмен деп айтуға келмейді.Ұстаздарымыз да оқушылармен түрлі платформаларда сабақ жүргізіп, білім сапасының төмендемеуі үшін барынша жұмыстар атқаруда. Алдағы уақыттарда нәтиже одан әрі жақсара түсетініне сенеміз, – дейді Қ. Болатқызы.

     Жаңа формат іске асырылғаннан бастап мектепте шараларды ұйымдастыру үшін арнайы мобильдік топ құрылып, мектеп психологы баланы қашықтықтан табысты оқыту үшін ата-ана мен ұстаздарға, оқушыларға арнайы кеңестер беріп жүр. Ал дефектолог маманы болса ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға аптасына бір рет қашықтықтан кеңес беріп, мүмкіндігі шектеулі оқушылардың әлеуметтік бейімделуіне және қашықтықтан білім алуына ықпал етуде.

     Білім сапасының жоғары болуы мен оқушылардың ынта-жігерін арттыруда үйдегі ата-ананың да ықпалы зор. Сол себепті ұстаздар қауымы оқушының ата-анасымен бірыңғай онлайн кездесулер ұйымдастырып, баланың оқу және сабаққа дайындалу барысын қадағалап отыру үшін ата-анамен тығыз байланыс орнатуды жөн санайды.  

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

Кілтсөздер:БІЛІМ


1 пікір

Добавить комментарий для Айдан Отменить ответ