COVID-19 вакцинасы: Журналист Жанар да екпе еккізді

0
1598

Елімізде 1 ақпаннан   COVID-19 індетіне қарсы жаппай вакцина салу басталды.  Алматы облысы бойынша   екі күн ішінде  Жетісудың 50  тұрғынына коронавирустық  инфекцияға қарсы екпе салынды.

Вакцинацияны  Алматы  облысы  әкімінің орынбасарлары Батыржан Байжұманов пен Рустам Али бастады. Сонымен қатар   облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жансеңгіров,  облыс бойынша  бас  мемлекеттік  санитарлық  дәрігерінің  орынбасары Асхат Чарапиев те  екпе еккізді.

Шенеуніктер қатарынан Алматы облысының бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де шет қалмады. Коронавирустық инфекциядан алғашқы болып екпе еккізгендердің бірі  облыстық  «Огни Алатау»  газетінің журналисі Жанар Мықтыбаева.

Алғы шептен көрінген Жанардың сөзінше,  вакцинаның жанама әсері болған жоқ. «Менің басты мақсатым – инфекцияны жұқтырып алу  қорқынышынан арылу. Әрі, бұл тәжтажалдың тезірек ел ішінен жоғалып кетіп, баяғыша қалыпты өмірге кешсек екен деймін.  Сондықтан  да  вакцинация  салғызуға  шешім қабылдадым»  – дейді  әріптесіміз.

Қазіргі күнде екпе алғандардың  жағдайлары жақсы, олар – дәрігерлер  бақылауында болмақ.  Ал,  21 күннен кейін екпе қайталап салынады.

Айта кетейік, ел  аймағында ресейлік «Спутник V» вакцинасы егілуде. 15 ақпаннан бастап Қарағанды фармацевтикалық кешені негізінде шығарылған Gam-COVID-Вaк  вакцинасы қосылмақ. Ал,  екінші тоқсаннан бастап отандық QazCovid-In препаратын іске қосу көзделген.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ