Лашығы жоқ үйі жоқ қазақ қайтіп күн көрер?

0
1263

Жақында болған қайғылы оқиға қазақстандықтардың еңсесін түсіріп, жанын жаралы етті. Сондағы ой: «Бұл жағдай менің де басымнан өтуі мүмкін еді ғой» деген үрейден туған секемшілдік. Себебі де айқын, шекесі шылқып отырған ешкім жоқ. Баспанасыз қазақтың басым бөлігі сол бір өртке оранған лашықтай жерде тірлік кешіп отыр. Талайдың қабырғасын қайыстырып, кеудесін өксікке толтырған жан «жарасына» енді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары кеп тұз септі. Өз жарасын өзі жалап емдеп үйренген бөрі текті қазақтың шамына тиді. Сондағы қылған амалы, қазақстандықтарға лашықта тұруға ты-йым салатын жаңа заң жобасын үкімет қарауына енгізуді ұсынды.

Бұл туралы ҚР ІІМ орынбасары Юрий Ильин үкіметтің кезекті баспасөз мәслихатының бірінде мәлім етті. «Біз рес-публика бойынша сараптама жасаймыз, сосын лашықты пайдалануға тыйым салу үшін заң жобасын үкіметке ұсынамыз», – дейді шенеунік. Бес баланың қазасынан кейін халықтың тұрмыстық қауіпсіздігін осындай амалмен арттырамыз деп түсінсе керек. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, басынан баспана артылып, қалтасынан қара бақыр төгіліп жүрсе, лашықта күн көріп несі бар? Қайбір жетіскеннің амалы дерсіз, жалдамалы пәтерден «времянканың» бағасы әлдеқайда төмен. Бағасына сәйкес, тұрмыс кешуге қолайлылық шарттары да орындалмаған. Мұндай лашықтардың көбі қала сыртында орналасады. Тиісінше, мектептен де жырақ. Қаршадайынан қарашаның тұрмысына бой үйреткен бала да амалсыздан көндігеді. Тіпті, не күлеріңізді, не жыларыңызды білмей дал боласыз. Дамушы елде отырып, қонжығынан айырылған аюдайын аңырап қалған ананың, ішіне өксік толтырып қайғыдан қан жұтқан бір отбасының жағдайынан соң халықты енді шарасыздыққа итермелеп отырған министрліктің әрекетіне не дей аласыз?

«Білсеңіздер, бұрын жемқорлық туралы мәселелер пайда болатын. Ол жер инспекциясы, сәулет мәселесі, газ, төтенше жағдайлар өкілдерінен рұқсат керек еді. Біз оларды азайтқанбыз. Енді міне, нәтижесін көріп отырмыз. Жосықсыз құрылысшылар уақытша лашықтар соғады, сосын оларды адамдарға тұруға өткізеді», – деп тағы қосты бір сөзінде. Алайда, шенеуніктің бұл ойы қоғамда наразылық туғыза бас-тады. Себебі, мұндай заң күшіне енсе, қараша үйді қанағат етіп, «сарайларды» сағалап жүрген қазақтың барар жері, басар тауы қалмайды. Баспана салу үшін  бірнеше мемлекеттік мекемелердің алдынан өту мәселесінде «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді жою мақсатында рұқсат беруші органдардың талабын азайтқан еді. Алайда, түйткілді мәселенің себебін анықтап, қайғылы жағдайдың қайталанбау жолдарын қарастырудың орнына салдарын кінәлі етіп, оқиғаны одан әрі ушықтырып жіберетін билік өкілдері де бар арамызда.

Осы тұста, Юрий мырза Қазақстан заңы бойынша үйдің иесі өздігінен меншіктерін халыққа қызмет көрсету орталығына немесе әкімдік арқылы тіркеуі керек дегенді алға тартты. «Нәтижесін көріп отырмыз» деп қадап айтқан сөзінен де кінәні кімге артып отырғанын есті адам түсінсе керек. «Жосықсыз құрылысшылар уақытша лашықтар соғады, сосын оларды адамдарға тұруға өткізеді», – деді ол. Министрлік өкілі тұрғындардың қауіпсіздік мәселесіне тұрғын үйді тұрғызғандар да, оны жалға бергендер де кінәлі екенін айтып, елімізде болған қайғылы оқиғаға лашықта тұрған ата-аналардың өздері кінәлі дейтін секілді. Байқасақ, алтынмен апталып, күміспен қапталмаса да, мәртебесіне татитындай кең сарайда отырған Ильин мырза, халықтың қарынын қампайту тұрмақ, өз жанын өзі әрең бағып отырған шарасыздардың  лашығынан айырып барып «заңсыздықты» жоятындай боп отыр.

Екі аяғын үкіметтің иығына артып салып, «Әләуләйлім бітсе, халауләйлім басталады» дейтін Алдардай қутыкеш те емес біздің халық. Әуелден момын-ақ. Сол момындығынан болар, аядай жерде бала-шағасын аялап, қуықтай жерде құдайға тәубәсын айтып отыруға бейіл. Бәлкім, сол түні өрт болмағанда, адам аярлық хәлде өмір сүріп жатқан отбасылардың барын білмес пе еді, билік. Аяғының астына көз салмайтын байқамас па еді, өкімет. Момындығы да сол, өкіметке қол жаюдан қайыр жоқ екендігін түсінген болар.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі күні елімізде 2,5 миллионнан астам адам баспанаға мұқтаж болса,  800 мың адам –тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы екен. Тұрғын үйге қол жеткізу бағдарламалары орташа айлығы 150-200 мың теңге болатын әлеуметтік жағдайы жақсы халықтың қалтасына сай келсе, айлығы шайлығына жетпейтін тұрғындар баспанаға қол жеткізу тұрмақ, орталықтан пәтер жалдауға шамасы келмейтіндігін айтады.

Мәселенің бір ұшы жұмыссыздыққа келіп тіреледі. Мемлекет басшысы Қазақстанда бір отбасы  500 мың теңге табыс табады деп есептесе, бір отбасының айлық кірісі аталған сумманың жартысына да жетпейтіні жасырын емес. Н. Назарбаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында 10 миллион теңгенің пәтерін сатып алу тиімсіз емес екендігін атап өткен болатын.  Белгілі ақпарат көзінің хабарлауынша, «Егер (отбасыда) екі адам Қазақстандағы орташа жалақымен жұмыс істесе, бұл шамамен 500 мың теңге, онда 50 мың теңге деген соншалықты көп ақша емес, оның үстіне ақырын-ақырын төлеп бітіреді», – деді Елбасы. Сонда, айлық жалақысы 50 мыңнан аспайтын жанұяның жағдайын қайда қоямыз?

Елімізде 86 мың жас жұмыссыз бар дейді статистика. Оның басым бөлігі Алматы қаласында болса, алып мегаполистің ізін ала Түркістан мен Қарағанды облысы тізімнен бой көрсетеді. Алматы облысының жұмыссыздық көрсеткіші қаншалықты екенін білмекке Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан жауап алғанды жөн санадық. Басқарма басшысының орынбасары Б.Жақсыбаеваның айтуынша, статистика бойынша 3-тоқсандағы  Алматы облысының  жұмыссыздық көрсеткіші 4,6%-ды құрайды. Жылдық қорытынды әлі шыққан жоқ. «Жұмыссыздық көрсеткішін азайту мақсатында Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша жұмыстар атқарылып жатыр, атап айтсақ, жастарға микро-кредит, білім грантын бөлуді қолға алдық» дейді Б. Жақсыбаева.

Біздің биліктегі шенеуніктерге халық проблемасын шешу жөнінде тапсырма берілсе, тыйым салу мен шектеу қоюдан әрі аса алмай қалатыны өкінішті. Шынтуайтында, халықты жұмыссыздықтан арылтудың жолдарын қарастырған абзалырақ болар еді. Жоғарыда атап өткеніміздей, жақсы табысқа ие отбасылар ғана баспананы өз күшімен иеленуге мүмкіндігі бар. Бұл ұсыныстың қашан заң күшіне енетіні әзірге сізге де, бізге де беймәлім.

Табиғаты бөлек, танымы басқа басшы қазақтың қарапайым ғана «Құмырсқаның илеуін бұзба» деген тыйымның астарын, обал-сауабын түсінбеген болса керек. Алда-жалда лашықта тұруға тыйым салына қалса,  Асан Қайғышалап кетеміз бе деген үрей басым.

Құйрығы жоқ, жалы жоқ –

Құлан қайтіп күн көрер?!

Аяғы жоқ, қолы жоқ –

Жылан қайтіп күн көрер?! – деп еді 6 ғасыр бұрын. Бүгінгі қазақ қоғамының көрінісін дөп басқандай абыз баба. Тек бұл күнде, «Лашығы жоқ, үйі жоқ, қазақ қайтіп күн көрер?» деудің сәл-ақ алдында тұрғандаймыз.

ОСЫ ЕКІ АРАДА

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан: «Бізге цифрдің қажеті жоқ. Бізге венгр балалар қажет», – деп мәлімдеді. Қазақстан демографияда цифрға ғана жүгінсе, Венгрия бұл мәселеде өзгеше ойлайтын болып шықты. Венгрия мемлекеті демографияны көтеру мақсатында екі баладан көп отбасыларға кредит бағдарламаларын ұсынуды жоспарлаған. Дәлірек айтқанда, бұл кредитке жас отбасылар баспана ала алады, сонымен бірге, оларға автокөлік сатып алуға субсидия да беріледі. Кемінде төрт бала асырап отырған әйелдер табыс салығынан босатылмақшы. Енді Қазақстандағы жағдайды ойлап көріңіз. Айдың-күннің аманында әлеуметтік жағдайдың ауыртпашылығы салдарынан, төрт кредит бес баланың тағдырын өртке орады.

Д.БЕРЕКЕТ.


ПІКІР ЖАЗУ