Ұлттық жауһарлар ұлттың кәдесіне жарап тұр

1508

Қазақ халқының қолөнерінің ғажап, көркем екеніне талас жоқ. Өнерді жасаушы – халық. Ал уақыт сынынан өткен ұлттық жауһарларымызға қарап, алтынқол ата-әжелеріміздің шеберлігіне бас иеміз.

Қазақ халқы ертеден тері илеп, былғарыдан тұрмысқа қажетті заттарды дайындаған, ою ойып, сырмақ сырған, түн қатып, талай түскиiздiң басын қайырған, ағаштан түйін түйген. Бір сөзбен айтқанда, өнер мен еңбекті қиыстырып, тұрмысқа қажетті сапалы әрі пайдалы бұйымдарды өз қолдарынан жасаған.

Бүгінде ұлттық бұйым дегенде «Әдемі-ай» компаниясы, академик Төрегелді Шармановтың «Құлыншақ» атты бие сүтінен да-йындалатын балмұздағы мен шоколады, әнші Қыдырәлі Болмановтың «Бал бала» атты Алдар Көсе, Тазша бала, Ер Төстік сынды кейіпкерлер негізінде жасалған ойыншықтары ойға оралады.

Қазір ұлттық нақышта, ою басылған белдік, әмиян, сөмке, ыдыс-аяқ, тұрмысқа қажетті бұйымдарды табу оңай. Қолөнершілер мен шеберлеріміз қазақ халқының көне мұраларын қайта жаңғыртып, заманауи әдіспен жаңартып, ел назарына ұсынып келеді. Сонымен қатар, ұлттық нақышта, ұлттық бояуы сіңген дүниелерді нарыққа бейімдеп, бизнес көзіне айналдырып, табыс табуда.

Ал халқымыздың тұрмыстық тұтынуындағы бүтін аспаптың бірегейі – ағаш. Халқымыздың өмір-тіршілігінде баспанасы киіз үйінен бастап, ет тартатын астау-табағы, құрт езетін астауы, сүт, қымыз құятын шарасы, шөміш, саптыаяқ секілді барлық ыдыс-аяғы, қарапайым қасығына дейін ағаштан жасалып отырған.

Неге десеңіз, ағаш бұйымдар ыңғайлы, пайдалануға тиімді. Сонымен бірге ол тұрмыстық зат есебінде ғана емес, сән үшін де қолданылып, биік өнер дәрежесіне жеткізілген. Оның ішінде сыйлы, қадірлі қонағына ұсынатын ыдыс-аяқтың жөні тіптен бөлек. Кейінгі кездері ел ішінде осы дәстүрді ұстанатын отбасылардың қатары көбейіп, ағаш бұйымдарды күнделікті тұрмысына қолдана бас-тады. Сонымен бірге, ағаштан ойылып, ұлттық өрнек салынған қазақы табақтарды пайдалану да сәнге айналған. Әсіресе ет тартуға арналған ағаш астаулар бүгінде өтімді.

Тұтынушымен тікелей жұмыс істеуде таптырмас құралға айналған Instagram әлеуметтік желісі арқылы «астау», «табақ» деп іздеп көрсек, қаншама бизнес өкілдерін табуға болады. Түрлі пішімде, түрлі өрнек пен түрде бұйым ұсынып отырған кәсіпкерлер нарықтың талабына бейімделе білген. Әлеуметтік желілер арқылы жарнамалаудың тәсілдерін қолдана отырып, тұтынушылардың қызығушылығы мен сұранысын арттырып, өз кәсіптерін дөңгелетіп отырғандар қатары жетерлік.

Алайда аса ыждаһаттылық пен төзімділікті талап етіп, кәсіби шеберлікпен атқарылатын бұл жұмыстың құны да арзан емес. Астаулардың ең арзаны 15 мыңның айналасында басталып, 30-40 мың теңге аралығында сатылады.

«Қазір ұлттық киімдер тігіліп, қолөнер бұйымдары, тұрмысқа қажетті заттар көптеп жасалынуда. Бірақ, бағасы қымбат. Тұрмысы орташа халықтың қалтасы бұл заттарды алуға көтермейді» деген қараша қауымның назы да орынды.

Дәстүрден танбай, қолөнердiң қадiрiн арттырып, заманауи технология тiлiмен үндестiрiп жүрген, шеберлерді әңгімеге тарттық. Әуелгіде ағаштан астау, табақ жонуды ермек санап, бүгінде кәсіп көзіне айналдырып отырған шебер: «Бұл кәсіпке бала кезімнен қызығушылығым бар. Ағаштан түрлі заттар жасауға қызығатынмын. Бүгінде тапсырыс аламыз. Ас тартатын астауды, қымызға арналған ыдыстарды да жасаймын.

Ағаш бұйымдары табиғи зат болғаннан кейін таза ұстап, орнымен қолдансаңыз ұзақ жылға шыдас береді. Сондықтан ағаш ыдыстарды тұтынушылар қатары жыл санап көбейіп келеді.

Өзіміздің арнайы құрал-сайманымыз бар. Олар ағаш шабатын шот, қашаудың түр-түрі, үскі секілді тағы басқа да құралдар» – дейді.

«Астаулардың бағасы қымбат емес пе? Халыққа қаншалықты қолжетімді деп ойлайсыздар?» деген едік. Бұл сауалымызға: «Негізі астау жасау оңай шаруа емес. Бұл жұмысты соңына сапалы жеткізуге төзім керек. Қолеңбек. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, ыдыс-аяқтар көбінесе ағаштың безінен, қатты жерінен жасалынады. Ол ағаштарды табу да оңайға түспейді. Бір емес, екі емес көп ағаш керек екені белгілі ғой. Сол үшін арнайы ағаш сатып аламыз.

Үшіншіден, жасаған ыдысымыз сапалы болу үшін де бар өнерімізді саламыз. Ағаш ыдыс жарылып кетпеуі үшін оны майлаймыз. Сонда оның ішіне су сіңбейді. Осы сияқты аса кірпияз жұмыстары, қажетті ағаш, май т.б. заттары бар. Сондықтан құны да қымбат болады.

Тауардың көлеміне, жасалған бедерлеріне және тапсырыс санына байланысты бағаланады» – деп жауап берді.

Халық назы мен шебердің жа-уаптарынан соң, «өз қолымыз өз аузымызға жетіп», яғни ұлттық жауһарларымызды халқымыз пайдаланып, қолжетімді болатын уақыт әбден келді деген ой түйіндейміз.

Шыны керек, қазір отандық, ұлттық дүниелереге, яғни киімдерге, үй жиһаздары, әртүрлі бұйымдарға қарағанда шетелдік тауарлардың бағасы арзан. Өз елімізден шыққан тауарлар халыққа бірдей қолжетімді деп айтуға келмейді.

Сондықтан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бас-тау» жобасының қолға алып жатқан жоспарлары орындалып, шағын кәсіпорындар ашуға көптеп мүмкіндік берсе құба-құп. Сонда он саусағынан өнер тамған шебердің еңбегі де бағаланып, халықтың қалтасына қиындық түспеген болар еді…

Түйін:

Бізді әлемге танытатын не? Әрине, ұлттық киім, ұлттық тағам, ұлттық бұйымдарымыз. Бұл Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өткізілуі барысында айғақтала түсті. Әлемнің 187 елінен келген туристер ұлттық брендтерімізге қызығушылықпен сүйсіне қарады.

Сондықтан әлемге қазақ елін таныту үшін оның инвестициялық мүмкіндіктерімен қатар ұлттық дүниелерін ұсына білсек, танымалдылықтың арқасында экономикамыздың табысы мен пайдасы артатыны анық. Демек, экспорттың шырайын шығару – күнтәртібіндегі міндет болмақ.

Әрі халқымыздың дәстүрлі ұлттық қолөнерін, оның эстетикалық талғамын, халық өнерінің өзіндік ерекшелігін – жасалу, орындалу және сақталуын, пайдасы мен маңызын келешек ұрпаққа түсіндіруді де ұмытпаған жөн.

Ұлттық жауһарлар ұлттың кәдесіне жарап тұр. Ал бұл заман – қазақтың өз өнерін, байлығын өзіне әрі өзгеге көрсететін заман.

Шынар ЖЕҢІСҚЫЗЫ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ