Ұстаздық үлкен шабытты талап етеді

1041

Газет редакциясы орналасқан ғимаратта ерсілі-қарсылы сабылысқан оқушылардың бейнесін көріп, өзіңіздің қайғысызқамсыз шағыңызды еске аласыз. Сосын келіп, қайырылмасқа кеткен бейғам шақты қайрандайсыз. «Ustudy» деген маңдайша жазуы бар орталықтың есігінен үңілгеніміз сол екен, әсте қамсыз жүрген оқушыны көрмедік. Сөйтсек, сапа мен санның, бақ пен баптың аражігін ажырататын ұлттық бірыңғай тестілеу деп аталатын сынақ дайындығына кіріскен оқушылар екен. Осы тұста «Ол не қылған орталық? Көк қағазды көздеген айлалының кәсібі ме, жоқ, оқушыға пайдасы бар орталық па?» деген көкейдегі заңды сауалдың қылаң бермесі бар ма? Бақсақ, өзіндік тәртібі мен талаптары бар, сапаға баса мән беретін ұжым екен. Көңіліміз көншіген соң, ғимаратты аралап көріп, Жұмаділ Шалғынбаев есімді директордың орынбасарын сөзге тартып, сұхбат құрдық.

– «Ustudy» онлайн тестілеу орталығы кімнің идеясымен және қашан құрылды?

– «Ustudy» оқыту орталығы бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс істейді. Алғаш рет Алматы қаласында 2009 жылы ашылды. Ол кезде тек қана мектеп оқушыларынан сынақ тестін алумен айналысатын. 2016 жылға дейін нәтижелі жұмыстар атқарып келді. 2013 жылы ашылған Тараз қаласындағы «125» атты білім беру орталығымен қосылып, 2016-2017 жылдарында еліміздің 16 ірі қалаларында «Ustudy» орталығы өз жұмысын бастады. Яғни, екі ірі оқыту орталығының бірігуімен өмірге келген. «Ustudy» орталығының бас директоры Жанат Рахмани мен «125» орталығының басшысы Әлібек Есенов еді. Екеуі де – белгілі кәсіпкер. Инвестор тартып, орталық ауқымын кеңейтіп, әлі де бірігіп жұмыс атқаруда.

 – Осы оқу орталығында оқитын оқушылардың білім деңгейі, пайыздық көрсеткіші қандай?

– 2017 жылы грантқа түсушілер саны 90%-ды құрады. Ал, 2018 жылы 94%-ға өсті. Оқу жылының басында, яғни қыркүйекте орталыққа қабылданған оқушы маусым айында жақсы нәтиже көрсетіп, жоғары оқу орнына грантпен қабылдануы тиіс. Біздің мақсатымыз – осы. Бір жылғы көрсеткіш – келесі жылға жарнама.

– Талдықорған қаласында бұдан өзге «Арай» білім орталығы, республикада «Edtech», «Достық» секілді тестке дайындау орталықтары бар. Ал, «Ustudy»-дің олардан қандай артықшылықтары бар? Өзгелермен бәсекелес бола ала ма?

– Өзге де орталықтармен араласып, тәжірибе алмасып тұрамыз. Біздің айта кетерлік бір артықшылығымыз, балалар сынақ тестін компьютерлік диагностика арқылы тапсырады. Оларды бақылаушы – камера. 150 оқушы сынақ тапсырса, оны бақылайтын бір адам жеткілікті. Оның өзі бейнебақылау камерасын қадағалап отырады. Кейбір орталықтарда әлі күнге дейін қағаз жүзінде тапсырып, оны бірнеше адам бақылап отырады. Тағы бір қолайлылығы қатемен жұмыс жасауға мүмкіндік бар. Мәселен, бір оқушы математика пәнінен 3 сұрақтан мүлт кетсе, бұл тақырып 8 сынып математика оқулығының 155 бетінде бар, қайталап оқы деген хабар беріледі. Оқушының ізденуге арналатын уақыты осылайша үнемделеді. Бұл тестілеуде ғана кездесетін артықшылық делік. Ал, білім беру жүйесінде өз ұстанымымыз бар. Соңғы кезде мынандай бір оқиғамен жиі кездесіп жүрмін. Бізге ата-анасы мен бала келеді. Оқушыны әңгімеге тартып, қандай мамандық таңдағанын сұраймын. Мысалы, «Логистика» дейді. Олар немене айналысады десем, оқушы үнсіз қалады да, анасы жауап береді. Соданақ, байқауға болады. Балалардың 60%-ы атаананың қалауымен, ықпалымен ғана мамандық игеруге мәжбүр. Ал, ондай мәжбүрлікпен оқыған баланың оқуға деген қызығушылығын ояту қиын. Тіпті, жақсы нәтиже көрсетпеуі де мүмкін. Себебі, ол жүрегі қаламаған дүние. Сондықтан, менің алғашқы міндетім – баланың арман-мақсатын, қызығушылығын айқындау. Оны дұрыс бағытқа сілтеген соң ғана, білім беру мәселесіне тоқталуға болады. Кейбір оқушыларды өмірдің шындығы армандауға мұрса бермейді. Дәрігер боламын десе, ата-анасының «Олардың айлығы аз», мұғалім боламын десе «Мұғалімнің жұмысы ауыр» деген сынды кедергі пікірлерді жиі естиді. Өткен жолы бір оқушы аспаз болғысы келетіндігін айтты. Ал, анасы «Қарағаш» сауда үйінде аспаз болайын деп пе едің?» деп кесіп айтты. Бұл маған да, балаға да ауыр тиді. Мен ғаламтордан анасына «Мишлен жұлдызын» иеленген аспаздар туралы көрсеттім. Соншалықты арланатын жұмыс емес екендігін дәлелдегім келді. Біздің қоғамның проблемасы да сол, үнемі жаман тұсын көруге асықпыз. Естуімше, басқа орталықтарда мұндай ұстаным жоқ секілді. Бала қай арнаны таңдағанын айтса, соған бағыттап салады. Пікірімен санаспайды, оның нені қалап, нені қаламайтындығын сұрамайды. Мен өз жұмысымды жақсы көретіндігім де содан болар. Кәсіппен айналысатын кейбір достарым ұсыныс білдіреді, бірігіп кәсіп бастайық дейді. «Сен немен айналысасың?» – десем, «Мен парфюмерия сатамын» – дейді. Сонда «Сенің кәсібіңде бір шикілік шықса, не болады?» – деп сұрасам, достарым: «Сауда көлемі азаяды, екінші менен сатып алмайды» – дейді. Мен «Ал, менің жұмысымнан бір шикілік шықса, бір отбасы болашағының бұлдыр болу ықтималдылығы зор» деймін. Енді, өзіңіз де айырмашылығын бағамдап көріңіз. Екеуміз де өзімізге ұнайтын іспен айналысудамыз, алайда екеуінің қоғамға берері екі түрлі.

– Орталықтың негізін қалаушы Ж.Рахманидың пікірінше, 10-11 сынып оқушылары үшін мектептің айтарлықтай қажеті шамалы. Оқушы ол уақытта үлкен өмірге бейімделуі қажет дейді. Сіздердің орталықта базалық білімнен бөлек, оқушыларға рухани қолдау көрсетіле ме?

– Бізге алғаш рет келіп сынақ тестін тапсырған оқушы өз деңгейін анықтаған соң дегбірсізденіп, «Мен үлгермеймін. Мен ештеңе білмейді екенмін» деп мазасыздана бастайды. Сол кезде біз дереу психологиялық көмек көрсетуге тырысамыз. Өтпелі кезеңдегі оқушылардың назары әр нәрсеге ауып, сабақ оқуына кедергі болатын жайттар бар. Сол аталған кедергілердің алдын алып, әрбір куратор оқушымен жеке жұмыс жасайды, сырласады, алаңдатып жүрген мәселелерін талқылайды. Тіпті, кейде кабинетіме келіп, жеке бас «мәселесін» айтатындар бар. Ол қуантарлық жағдай. Себебі, бала бізге үлкен сенім артады деген сөз. Достары мен ата-анасына айта алмайтын сырларын бізбен келіп бөліседі. Біз сол екі заман арасындағы, яғни 1970-80 жылдары өмір сүрген ата-ана мен 2000 жылдары өмірге келген бала арасындағы алтын көпір болуды мақсат тұтамыз. Ана мен бала арасындағы махаббатты нығайтуға күш саламыз. Айына бір рет міндетті түрде мамандыққа, өзін-өзі жетілдіруге, психологияға байланысты тренингтер өткізіледі.

– Оқытушы мамандарды қандай талаптарға сүйене отырып жұмысқа қабылдайсыздар?

– Біз жұмыс жасауға ниетті кандидаттарға арнайы тест ұсынамыз. Әңгімелесуге келген мұғалімді еш сөзге тартпастан білімін тексеру мақсатында тест тапсырмасын береміз. Жауап нәтижесі шекті мәні 95-тен асса ғана әңгіме жүргізіп, қырларын, қызығушылығын ашуға тырысамыз. Олай ететін себебіміз, тәжірибе көрсетті. Кейбір сөзге шешен мұғалімнің білім беру деңгейі аз болуы мүмкін. Ал кейде, көп ашылып сөйлемейтін мұғалімнің оқыту методикасы ерекше болады. Іріктеуден өтсе, сынама ретінде сабақ өткізуін бақылаймыз. «Сіз неге басқа жерде емес, бізде жұмыс жасағыңыз келеді?» деген сауалға әркім әрқалай жауап береді. «Бұл жердің жалақысы жақсы» десе, «Сау болыңыз!» дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Ал кейбірі, «Мен мұғалімге артылатын артық жүктемелерден шаршадым. Маған тек оқушы және тақта мен бор керек. Мен тек үйретуді ғана қалаймын. Нәтижесін кейін көресіз» деп келсе, қуана қабылдаймыз. Бүгінде орталықта 200-ден астам оқушы бар, ал оқытушылар саны 20 шақты. Бір топта 14 оқушы бар. Бір пән 80 минутқа созылады. Оқу ақысы – айына 27 мың теңге.

– Неліктен оқушылар ақылы түрде қосымша білім алуға мәжбүр? Неге мектеп олардың қажеттілігін қанағаттандыра алмайды?

– Мен де сіздің ойыңызбен келісемін. Атааналардың ақшасы жетпесе де баласының білім алуы үшін барын аямай жатқанын көргенде жүрегім ауырады. Ең өкініштісі, мұғалім мектепте сабақ оқыту үшін ғана жұмыс істемейді. Олардың қосымша міндеттемелері бар. Мектепке тексеру комиссиясы немесе беделді адамдардың бірі келетін болса, дастарханын жайып, жағдайын жасайтын мұғалім. Партиялық ұйымдардың да жұмысын атқаратын мұғалім. Тіпті, Астанада болған қайғылы оқиғадан соң, әрбір мұғалімге оқушыларының үйлерін аралап, тұрмыстық жағдайын бақылау жұмысы жүктелді. Ол мысалы, физик мұғалім. Ана жақта сабақ үйренуі тиіс 7-сынып күтіп отыр. Оған қоса, күнделіктің де 4 түрі бар. Оларды толтыру керек. Негізі, ұстаздық деген – үлкен шабытты талап ететін мамандық. Олар балаға креативті түрде білім беріп, бала психологиясына оң әсерін қалдыруы керек адам. Алайда, ана шараға да қатысып, мына жиыннан да қалмауға мәжбүр. Айналып келгенде, ондай шабытқа мұғалімнің энергиясы қалмайды. Күші сарқылады. Бірде басқа аймақтағы қалаға барғанымызда, мектеп директорларымен кездесіп, түскі ас ішіп отырғанбыз. Сол өңірдің беделді бір адамы болды арамызда. Білім жүйесі және мұғалімдер туралы сөз болғанда, отырғандардың бірі «Менің балам білім беру орталығында 3 ай дайындалса да грантқа түсе алмады. Сол орталықтардың пайдасы жоқ. Жауып тастау керек» деген пікір білдірді. Қалғандары да қостап, сөзін растады. Орталықта оқығандардың шамамен 10%-ы оқуға түсе алмай қалады. Сол 10 пайыздың ішіндегі оқушылар болар деп топшыладым. Мен оған дейін үндемей, әңгімеге араласпай отырған едім. «Кешіріңіз, сіз 4 ай қосымша сабақ алып грантқа түсе алмады деп отырсыз ба, әлде 11 жыл мектепте оқып грантқа түсе алмады деп өкініп отырсыз ба?» деген сұрақ қойдым. Біздің орталықта 6 ай оқыған баланың оқуға түсу мүмкіндігі 90 пайызға артады. Сондықтан, нәтижені іспен дәлелдеуді жөн көреміз. Қазақстанда білім беру жүйесінде үлкен мәселе бары жасырын емес. Бір жылдары Үндістанға жұмыс барысымен бардық. Үндістердің шамамен 180 миллион оқушысы бар. Жыл сайын 8 миллион оқушы мектеп бітіреді. Білім министрлігі 2 қабатты қарапайым ғимаратта отыр. Тіпті, біздің ауыл әкімдігінің ғимараты одан он есе артық. Сол аядай жерде отырып, 180 миллион оқушының білім беру жүйесін басқарып отыр. Кешегі күні Білім және ғылым министрі ауысты ғой. Биыл болмаса да, келесі жылы жақсы өзгерістер болатын шығар деген үміт артамыз.

– Орталықта қазақ және орыс сыныбы оқушылары болса, қайсысының саны басым?

– 100 пайыз қазақ мектебінің оқушылары. Орыс тобын әлі күнге жинап көрген емеспіз. Талдықорғанды қойып, халықтың 60%-ын орыс ұлты өкілдері құрайтын Өскеменнің өзінен орталықта орыс тобы болған емес. Мәселе, менталитетте болар. Мен кезіктірген орыс тілді оқушылардың басым бөлігінде «Мен өзім дайындаламын» деген ұстаным болды. Ал кейбірі «Мектеп бітірген соң әскерге барамын. Келген соң әкеммен бірге көлік жөндеу орталығын ашамын» дегенді айтады. Олар біз қарапайым деп санайтын кәсіпті игеруге бейім. Бірі электрик, бірі сантехник деген секілді. Ал біздің қазақтың балалары «креслоға» жақынырақ келеді, міндетті түрде жоғары білім алуды дұрыс көреді.

– Байқауымша, ішкі тәртіп мәселесі дұрыс жолға қойылған секілді…

– Орталықта тестілеу барысында төмен нәтиже көрсеткен оқушы «қызыл тізімге» енеді. Ескертпе беріледі. Кураторлар сол оқушымен жекелей жұмыс жасайды. Тағы бір мәрте сүрінсе, оқушымен қоштасуға тура келеді. Оны кейбірі «Орталықтан шығарып жіберді» деп, қатаң сын ретінде қабылдайды. Керісінше, оқушыға біздің көмегіміз тимеген соң онымен қоштастық. Яғни, өз қателігімізді мойындадық. Ата-анасын шақырып алып, «Кешіріңіз, балаңызға көмектесе алмадық. Бізге бекер ақша жұмсағанша, жекелей оқытатын оқытушыларға бергеніңіз жөн. Мүмкін балаға топпен бірге жұмыс жасаған қолайсыз болар» деп мән-жайды түсіндіреміз. Тәртіпке қатаң қараймыз. Тәрбие мен білім ұшақтың қос қанаты секілді. Бірі болмаса, құрдымға кетеді. Сондықтан, тәрбие үйден, білім бізден деген ұстанымды ата-аналарға ескертеміз. Орталықта қыз балаларға ашық-шашық киінуге, шашын жайып жүруге тыйым салынған. Жасыратыны жоқ, жас жеткіншек болғасын қыз балаға көз салып, қыздардың бой түзейтін шағы. Сондықтан, балалардың назары оқудан басқа ешнәрсеге аумауын қадағалаймыз. Дегенмен, арасында бір рет өзіміздің бақылауымызбен балаларды демалту мақсатында іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Мәселен, былтыр компанияның туған күніне орай мейрамхананы түгелдей жалға алып, би кешін ұйымдастырдық. Мұндай демалыс балаларға, әсіресе оқу барысында үлкен стрессте жүрген оқушыларға керек-ақ.

– Еңбектеріңіз жемісті болғай. Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Данагүл БЕРЕКЕТ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ