Алматы облысы: Қаланы түтінмен ластайтын қазандықтар газға ауыстырылады

0
3224

 Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Бағлан Тәнекеновтың айтуынша Алматы облысында бірден үш қазандық газға ауыстырылады. Соның арқасында эксплуатациялық шығындар едәуір азайып, өңірдің экологиялық жағдайының жақсаруына оң ықпал етеді. Бұл туралы   Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Белгілі болғандай, жылыту маусымы басталғанға дейін, биылғы жылдың қыркүйегінде облыстағы үш қазандықты газ жүйесіне көшіру жоспарланып отыр. Олардың екеуі Талдықорғанда, біреуі Қапшағайда. Бұл мақсатқа 2,6 млрд.теңге бөлінген, оның ішінде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында бөлінген 1,5 млрд. теңге де бар.  Сөйтіп, үш маңызды жобаның екеуі «ЖЖҚ» арқылы жүзеге асырылмақ.

Бұдан бөлек, Балпық би ауылындағы орталық қазандық кеңейтіліп, оған ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Оған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы 256,5 млн. теңге қарастырылған. Сол сияқты Қарабұлақ кенті мен Сарқан қаласына «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 108,4 млн. теңге бөлінген. Жалпы қаралған қаржы  365 млн. теңгені құрайды.

Барлық нысанда жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүруде. Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының тиісті деңгейде өтуі облыс басшылығының бақылауында.

Еске салсақ, Алматы облысында жалпы алдағы жылыту маусымына дайындық үшін жергілікті бюджеттен 9,9 миллиард теңге бөлінді. Тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 35 орталық қазандыққа, 64,3 км жылу трассасына, 13,4 электр желілеріне және үш мыңнан астам трансформаторға жөндеу жасалуда.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

 

 


ПІКІР ЖАЗУ