Кітапта кеткен қателік жүрекке қаяу түсіріп тұр

1
3781

«Туған өлке мен жер тарихы – әркімді бейжай қалдырмайтын тақырып. Ал өскелең ұрпақ өз өлкесінің тарихын біліп жүруі тиіс. Өйткені, өткеніңді білмей, болашаққа қадам басу қиын». Бұл – газет редакциясына арнайы келіп, Еркін ауылы турасында ой қаузаған Тортай ақсақалдың айтқаны.

Әркідік ел мен жер тарихына көңіл бөліп жүретін, тұнып тұрған шежірешіл ағаның сөзінше  Еркін ауылының тарихы тереңнен бастау алады. Газетіміздің 2017 жылғы санында жарияланған мақаласында ол былай деп жазыпты: «1880- 1885 жылдары қазіргі Еркін ауылының қоныстанған жері – Қараталдың оң жақ жағалауы болған. Яғни Ойсаз – жоғарғы жағы. Домалақ саз – төменгі жағы. Ауылға ең алғашқы қоныстанған ағайынды – Садық-Сыдық (өзбек Наманғаннан), (қазіргі Еркін ауыл). Бұлардың елге келу тарихы өзбек жерінен біздің мекенге саудамен айналысып жүріп, бастарына іс түсіп, бүкіл мал-мүлкінен айрылып, тоналып, елдеріне қайтуға қорқақтайды. Біздің аталарымыздан жер сұрап, осында тұрақтапты». Дәл осы мақалада «Еркін» деген атау еркіндік алу, еркін болу деген мақсатпен қойылған, ал бұл атауды мемлекет қайраткері Ораз Жандосов қойғандығын да жазады.
Бұл жайында қалам тербеп жазудағы негізгі ой осы арнада өрбімек. Нақты айтсақ, екі жыл бұрын жарық көрген «Тарихымен тағдырлас Талдықорған» атты кітаптағы «Қала іргесіндегі ауыл» атты жазбасы хақында болмақ. Аталмыш кітап сол кездегі қала әкімі Б. Қарасаевтың қолдауымен жарық көріпті. Ал кітаптың 130-шы бетіндегі жазбада қателік орын алынғанын айтқан Еркін ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тортай Ізбасқанов ойын былайша тарқатты.
«Еркін ауылы Есберлі бабаның жері. Бұл турасында осы газетте Ырым Кененбайдың «Ел қорғаны Есберлі» атты мақаласы да жарық көрді. Осы мақаланы оқысаң, Еркін ауылының тарихы туралы біраз дүниенің түйіні тарқатылады. Ал енді манағы кітапқа енген жазбада қате деректер келтірілген. Сөзім дәлелді болу үшін осы кітаптағы дүниеге ден қойсақ. Мұны жазған облыстық «Жетісу» газетінің журналисі Қажет Андас былай дейді: «Бұл өңір бір кездері әйгілі Тәнеке бидің басқаруында болғаны белгілі. Ол туралы облыстық «Алатау» газетінің №33 (724)14.08. 2015 жылғы санындағы Жемісбек Толымбекұлының «Екі тарап бітімге келді» атты мақаласында: «Мәскеу архивінен Болатбек Нәсенов: «Аякөз округы, 15 наурыз, 1851 жыл, №872 бұйрық. Тәнеке батыр, 44 жаста. 1846 жылдан болыс (волостной управитель), Жазғы жайлауы Балақты (урочище). Қыстауы «Ақешкі», – деп көрсетеді. Еркін ауылының жері Ақпатша заманында елі Қаптағай Дөсетұлы Тәнеке батырға қарасты болса, бері келе ұйғыр нәсілдері Садық, бірде Салық, енді бірде Сыдық қоныстанып, одан Кемаращыға Жалайырдың Қошқар тармағы мекен еткені рас. Осы дерек Тәнеке бидің осы өңірді басқарғанын, тіпті, ұйғырлар қазақ даласына келмей тұрып-ақ біздің ата қонысымыз болғанын білдіреді».
Осындағы Тәнеке батыр, 44 жаста. 1846 жылдан болыс (волостной управитель), Жазғы жайлауы Балақты (урочище). Қыстауы «Ақешкі» деп жазылған жазба қате дерек. Неге! Себебін айтайын: «Балақты деген өзен Жыланды деген жерден бастау алады. Қалай «Балақты» таудан асып түседі, одан бергі біздің жер болып табылады. Мұның Тәнекеге еш қатысы жоқ. Бұл жайында әжептәуір әңгіме де болды. Тұрсын Әбдуали бастаған біраз ақсақал мұны Қажеттің өзіне айтып, газет редакциясына барғанбыз. Ал ол бұл деректі Жемісбек Толымбекұлының мақаласынан алып, жаза салғанын айтты. Дей тұрғанмен, жерге қатысты кез келген дерек зерттеліп, зерделеніп жазылуы тиіс емес пе?      Толымбек жазды екен деп кітапқа мұндай деректі енгізу деген дұрыс емес екендігін жетісулық тарихшылар Қажеттің өзіне айтқан-тын. Ол болса: «Жарайды, қателік менен кетті. Бұл туралы қайта «Жетісу» газетіне жазамын» деген еді. Одан бері екі жыл өтті ғой. Негізінде, осы мәселе бойынша Қажеттің алдына бірнеше мәрте бардым, бұл туралы бас редактор Әміре Әрінге де айттым. Ол Қажетті кабинетіне шақырып: «Мынаны түзет, ұят болады» деген-тін. Амал не, жабулы қазанның қақпағы ашылмады.
Жалпы, Еркін ауылының алғашқы атауы – Садық-Сыдық. Мына кітапта Тәнеке Садық-Сыдықты әкеп отырғызған деп жазады. Алайда, Тәнеке 1880 жылы өмірден озып кетсе, Садық-Сыдықтың келуі 1885 жыл. Оның туыстары бүгінге дейін осы Еркін ауылында (Наманғанның өзбегі) тұрып жатыр. Осы төңіректегі ойды қысқаша қайырғанда, Тәнекенің Садық-Сыдықты әкеп отырғызбағанын тағы да баса айтқым келеді. Тереңнен ойлап қарасаң, бір болыстың жерін екінші болыс иелене алмайды ғой, – деп ағынан жарылған Тортай ақсақал кітаптағы қатені ел біліп жүрсін, алдағы уақытта жер тарихына қатысты жарық көретін жазбаларда осындай деректерді нақтылап берген жөн дегенді меңзеді. Айтуынша, кітаптағы қателік жүрекке қаяу түсіріп тұр…
Ал қателігін мойындап, газетке арнайы мақала беремін деген облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қажет Андас ақсақалдарға айтқан сөзінде тұрып, бұл істі аяқсыз қалдырмайды деген ойдамыз.

С.ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

Кілтсөздер:АЙТАРЫМ БАРКІТАП


1 пікір

  1. Гүлжан Мұқатай қызы,Тәнеке батыр шөбересі. 3 октября, 2020 at 19:10 Ответить

    С.Қасымбекқызы Садық Сыдық пропискасы сақталыппа еді. Тәнекенің өзің жаназасын шығарыппа едің? Егер тарихи фактыдан мақрұм болсаң, жазып нең бар еді.Жылдарды қайдан алдың,әлде Еркін ауылының көксақал,қарасақалдары берген мәліметі бе.? Есберлі атаң қойшы болып, асау мінезді туған інісі Еспамбеттің келіншегін тартып алып,содан қан төгіс жанжалдан көшіп кеткенін білесің бе ? Әміре Арынның алдына неше барып, жөндетем дейсің,нені жөндетпексің,тарихты қайта бұратын шамаң жете ме ?Әміре де күн көрінгеннің сөзіне ерсе, ақылдылығы,білімділігі,тектілігі белгілі болды.Тортай ақсақал Б.Сүлеевті Еркін ауылы көшесінен алу керек деген білімсіз даурықпасынан,елдің арасына іріткі салғанынан Әміре екеуің хабарсызсыңдар ма?
    мен көптен бері көк жәшікті ашпап едім,Әрін Әміре мынауыңа жол болсын