Жылқы мен қазақ тел ұғым

1234

Ұлт болашағына көз тастау үшін, тарихқа қайта үңілу ежелден келе жатқан үрдістердің бірі. Құдды бір «бумеранг» заңы дерсіз: алға қадам басамын десеңіз, өткенді зерделеуге міндеттісіз. Осы ережені ескере отырып, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жария етті. Түркі жұртының қастерлі қарашаңырағы  – тәуелсіз елдің төлтума болмысын тайға таңба басқандай етіп айқындап берді. Соның бірі  – атқа міну мәдениетін қайта жаңғырту, қалыптастыру. «Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі», – дейді Н.Назарбаев өз мақаласында.

Келіспеске шараңыз жоқ. Жаңа ғасырға техника тілі мен ғылымы еніп кеткенімен, салт атты жауынгердің үстемдік етіп тұрған заманына құрмет етпей қоймайсыз. Себебі, ол – тегімізге, қанымызға сіңген асыл қасиет. Тіпті, Сақ  әйелдерінің салтына енген тұлпар үсті жауынгерлікке әбден бейімделіп, балаларының ат құлағында ойнауы әлем халықтарының үрейін туғызды. Ор қояндай орғып, қабыландай қарғып, қазанат мінген қазақ Еуропа мен Кіші Азияны мекен етіп, Жерорта теңізін бойлай орналасқан  ұлттардың зәре-құтын қашырған деседі. Қазақтың ер баланы 5-7 жасқа келгенде ашамайлап атқа мінгізу ғұрпы бекерден жасалмаса керек-ті. Ел іргесі сөгіліп, жау жағадан алғанда атойлап атқа қонған бозбалалардың ұлтарақтай жері үшін қыршын жанын қиғаны тарихтан белгілі. Міне, жүректілік қайда! Жылқының жалына жармасып өскен жас бала ержүрек болмай көрсін осыдан соң.

Әлқисса, арада талай ғасыр өтсе де Елбасы өз мақаласында атап өткен «…Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді» деуі жаңа ғасыр ұрпақтарының тағылымды тарихқа жасаған тағзымы іспетті. Осы тұста көрнекті ақын, жырға жүйрік Жұматай Жақыпбаевтың Кенежирен туралы: «Бермейтін-ақ атым еді қайтейін, Бес моторлы самолетке баспа-бас», – деп күңіренгені еске түседі. Хас тұлпардың қадір-қасиетінің құнды болғаны соншалық, бай-бағландардың арасындағы алыс-беріс «валютасына» айналды. Айыбы бар ағайынға да, қыздан дәмелі күйеуге қалыңмал есебінде кесілетін пұл – пәленбай тұяқ жылқы. «Қыз Жібек» жырындағы «Орамалы қалқаның бес жүз жорға» деген жолдары  да осының айғағы. Шашасына шаң жұқтырмай, ойнақтаған қазақ жылқылары қысық көз көршінің де қызғанышын тудырған. Тарихқа сүйенсек, Үйсін күнбиі Елжауға Хань әулеті қызын беріп, есесіне  мың қара тұлпарды иеленген. Алып теректің өзегіне біткен жегіқұрттай, бір ұлыстың сорына бұйырған сол қытай ханшасы мың қара тұлпарға татығаны еске түскенде өкініш кернейді. Осы бір тарихи оқиғадан соң Қытайға тараған қазақ тұлпары Үндістан мен Америкаға шұрқырасып кете барған-ды.

Әлмисақтан ат десе ішкен асын жерге қойған қазаққа тән бір ойын бар. Ол – бәйге. Қазақтың өз табиғатына сай, атойлауға, қиқулата шабуға, делебесін қоздырып, аламаннан дес бермеуге, жүзден жүйрік болуға ұмтылған жарыс түрі. Тағы да тауанды тарих таспасына жүгінеміз келіп. Осыдан 6 ғасыр бұрын, Керей мен Жәнібектің қазақ хандығын құрған шағында Шу өзенінің бойында бәйге ұйымдастыруы да тегін емес. Бұл бір көкіректі қуаныш кернегенде қазіргі тілмен айтқанда ағзадағы «адреналинді» босату үшін ойлап табылған спорт түрі сынды. Бәйге бар жерде, әлбетте, не бап озады, не бақ озады. Ең күйінтерлігі Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасында:

«…Қазанат Шулатқан арғын елін, Арқа халқын,

Естіген Батыраш та Құла даңқын.

Сатылап сұрап еді кісі салып

Қолына түсіруге Ақан атын»,  –деп жазылғанындай, не опасыздық озады. Әрине, Батыраштардың бұ қылығы бәйгенің бәсін түсірмек емес. Түркі даласының төсін ат дүбірімен шаңға бөктіріп, жүйрікті тізгіндеген жұдырықтай баланың рухын жігерлендіретін осы бір спорт түрінің тәрбиелік мәні тереңде жатыр.

Қазақ жұртында ән мен күйден, жыраулық пен зергерліктен өзге сондай бір бекзат өнер түрі бар. Ол – атбегілік өнері. Асқан ыждаһаттылық пен сабырды, зейін-зердені талап ететін асыл өнер ат ұстаған жұрттың бәріне бірдей бұйырмаған. Мүлт кетсеңіз, бабы тайып, жүйріктен мәстекке айналдырып алуыңыз ғажап емес. Десе де, атбегілердің төккен тері өтеусіз қалмайды. Құлагер тұлпар мерт болған Сағынайдың асында бас бәйгеге мың тұсақ қой мен бес жүз жылқы тігілгенін ескерсеңіз, еткен еңбектің бодауы өтелетінін аңғаруға болады.

«Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген қазақы мақалға сүйенсек, қазақтың рухты батырларының ішінде азаматы мен қазанаты үйлескен баһадүрлер баршылық. Атап айтсақ, Қобыланды батырдың Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, Ер Тарғынның Тарланы, Қабанбайдың Қубасы, Шақшақ Жәнібектің Қаракөгі, Бармақ батырдың Сандалкөгі, Ақан серінің Құлагері, Исатайдың Ақтабаны, Амангелді батырдың Шалқасқасы, Кейкі мергеннің Кераты, Ерқосайдың торысы – егесін ес тұтқан жануарлар.

Иә, кешегі аңыз – бүгінгі тарих. Ал, ХХІ ғасырдың жаңа қазағы десе, ер-тұрмансыз, үзеңгісіз, жүгенсіз автокөлікпен болмысы астасып бара жатқан замандастарың есіңе түседі. Осы орайда, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жылқы тектес қазақтың болмыс-бітімін дер шағында жаңа ұрпақтың жадына салып, қолына қамшысын ұстатқандай әсер қалдырады. Жаңа қазақ дегеннен шығады, жаңа заман ұрпағының білгені артық болмас деген ниетпен айта кеткенді жөн көрдік. Ата-бабамыздың түсінігінде, жылқы малы пайдалану әдісіне орай бірнеше топқа бөлген. Желден жүйрік шабыс атын тұлпар, сәйгүлік, саңлақ, бәйге ат деп бөлсе, мініс атты аяқ ылау, жетек ат, қосақ ат, түп ат, көсем ат деп жіктейді. Ал, той мен жиынға барарда сәні мен салтанаты келіскен жорғаны төкпе жорға, айдама жорға, шайқалған жорға деп әспеттеп баптаған.

P.S. Жылқыны қолға үйреткен Тұран даласының ұрпағы да тарпаң сынды асау, асыл, паң әрі текті. Мәңгілік елдің абыро-йын асқақтатып, керуен-ғасырлы тарихымызды болашаққа жетелейтін де тұлпар текті қазақ. Әлгі аңыз-әфсанасында гректер негізінен кентавр деп Сақ жауынгерін суреттеген дейді. Балталап шапса да ажырамастай көрінген осы бір символикалық кейіпкердің өзі біздің азаматы мен қазанаты тұтасқан балбал тұлғалы бабалар бейнесі болар, бәлкім?!

Д.БЕРЕКЕТ.

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ