Еңселі ескерткіш керек-ақ

0
2805

31 мамыр – Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Аталмыш дата еліміз тарихындағы ақтаңдақ беттердің бірі. Олай деуге бірнеше себеп бар. Маңыздысы ұлт қасіретін бір күн болса да еске салып, өткен уақытқа тағзым жасар атаулы күннің ел тарихына енуі.

 Тәуелсіздік алғаннан кейін жаппай Сталиндік қудалау науқанына ұшыраған жандарды ақтау, кеңестік жылдарда зиян шеккен азаматтарды түгендеу қарқынды жүрді. Соның негізінде мемлекеттік деңгейде ұсыныстар көтеріліп, арнайы мәртебе беру мәселесі күн тәртібіне шықты. Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жыл Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ  31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Содан бері жыл сайын ел аумағында аталып өтіледі.

Тарихшылардың кейбірі кеңес одағына қарасты елдердегі репрессия 1928 жылдан басталды десе, тағы бір бөлімі патшалық ресей тұсынан басталды дегенді айтады. Салмағы мен айтар ойы басым екінші пікірді қуаттаушылар репрессияны кезең-кезеңге бөліп қарастырған жөн деп санайды. Қазіргі біздің айтып жүргеніміз 30 жылдың бас-аяғы ғана. Белгілі тарихшы Бүркітбай Аяған кеңес үкіметі орнағаннан кейін жаппай қудалаудың күшейіп, этноцид жасау басталғанын айтады. Ұлттық зардап шегуде қазақтай зиян көрген бірде бір ұлт жоқ дейді ғалым.

 – «Кеңес үкіметі тұсындағы қуғын-сүргіннің бірінші толқыны 1917–1921-шы жылы болды. Ол кеңес өкіметінің саясатын қолдамаған оппозиционерлер қудалана бастады. Азамат соғысынан кейін Кеңес өкіметі нығайып, ауқымды жүйелі жұмыс басталды. Қуғын-сүргіндердің екінші толқыны 21-30-шы жылын қамтыды. Осы кезеңде «кулакка» қарсы күрес басталады. Оларға ауқатты шаруаларды, содан кейін орта шаруаларды жатқызды. 1928–1932  зұлымдық аштықтың жылдары болды», –  дейді зерттеуші ғалым.

Тарихшы айтқандай алдымен ұлт зиялылары жаппай атылып, атылмағаны ұзақ уақытқа лагерлерге айдалды. Сол жылдары ресми мәлімет бойынша қазақстанда 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген. Солардың 5 мыңға жуығының сүйегі Алматы облысының Жаңалық елді мекенінде жатыр. Осылай басталған репрессияның соңы ұлы жұт ашаршылыққа ұласты. Миллиондаған адам шетке кетуге мәжбүр болды. Сол кездегі Жетісу облысы қазіргі Алматы облысы аумағынан қытайға, Қырғызстанға одан ары Пәкістан, Ауғанстанға босып кетті. Жаппай репрессияның құрбандарын ресми дерек 2 жарым миллиондай деп көрсеткенімен, өзге тарихшылар мұнымен келіспейді. Әркім өз сандарын көрсетеді. Осының нәтижесінде бір нақты шешімге келе алмады. Мақала басында  түйіні тарқатылмаған ақтаңдақ деуіміздің себебі осында еді. «Қырылған қазақ көп қой, оны санмен өлшеу аздық қылады», – дейді тоқсанның төртеуіне келген Мұзафар ақсақал. Туған жері Жамбыл ауданы. Тағдыр тауқыметімен туған топырақтан алыстаған қария ел егемендігін алып жатқан тұста отанына оралған.

  • Ол кезде құндақтағы бала екенмін. Әкем зиялы адам болатын. Қыспақ көбейді, ағасы мен әкесі атылды. Ендігі кезек өзіне келгенде бір түнде әулетімізді бастап Қырғызстанға өтіп кетіпті. Кейін ол жер де тарылып, Ауғанстанға жылыстадық. Ақыры Иранға барып тұрақтадық. Сол жерде өсіп өндік. Кейін Тәуелсіздік таңы атты дегенде елге оралдық. Осы барыста қаншама жақындарымнан айырылдым. Жолда қаншасы мерт болды. Қазір тарихшылар неше миллион деп көрсетіп жүр ғой. Егер сол адамдар қырылмаса, біз тіпті де көп болар ма едік деп ойлаймын. Большевиктер бірнеше ғана емес, неше жүз миллионға жететін халықты қырып отыр ғой былай қарасаңыз.»

Көргені мен көкейіне түйгені көп Мұзафар ақсақалдың айтқаны өте қисынды. Себебі, ұлттың демографиялық құлдырауы осы жылдарда басталды. Және оның орны ешқашан толмайды да.  Ашаршылыққа ілінгендердің арасында адам етін жеу де белең алған. Бұл ұлттық генофондың бұзылуына әкелді. 1992 жылы жарық көрген «Қызылдар қырғыны» кітабында осы жайттар қасіретті жылдардың тірі куәгерлердің сөзімен беріледі.

Қазір Қазақстанның басты қалаларында ашаршылыққа арналған ескерткіштер бар. Мұндай ескерткіш Талдықорған қаласында да бар. Бар деген аты болмаса, далада жатқан қара тасты әкеп қоя салғандай әсер етеді. Тек бетіне 1931-33 жылдары аштық нәубетіне ұшырағандарға арналған ескерткіш деген тақта ғана орнатылған. Өскелең ұрпақты өткен тарихымыздың қасіретін біліп, жадына түйіп өссін деп ұрандатқанымызбен, №2 мектеп жанындағы ескерткіштің бар-жоғы белгісіз болып, елеусіз тұрғаны жанға батады. Қасынан өткен адамдардан ашаршылық, саяси — қуғын сүргін құрбандарына орнатылған ескерткіш қайда орналасқан деген сауал қойғанбыз. Қала тұрғындарының біреуі де бұдан хабарсыз болып шықты. Білетіндері батырлар мен билердің мүсіндері. Бабалар көрген қасіретті тарихтан сыр шертуі тиіс ескерткіш мектепке де керек емес сияқты. Іргесінде тиіп тұрса да жан-жағын қоқыс пен арамшөп басып, күтім көрмеген. Өткен өмірімізден сабақ алар, бүгінге тәубе жасар мұндай қасиетті орын облыс тұрмақ әр аудан, әр ауылда болса артықтық етпейді. Алматыдағы қуғын-сүргін  құрбандарына қойылған белгі тас та зиялы қауымның күш салуымен әрең алынып, орнына арнайы мүсін тұрғызылған еді. Қазаны шағылып, үміті сөнген жас ананың өлі мен тірі арасындағы баласын құшақтай отырған символикалық мәнді ескерткіш көп адамның көңілінен шыққан. Ашылу салтында Алматының жарты жұрты келіп, гүл шоқтарын қойып, тағзым жасаған-тұғын.

Еврей жұртында ғасырлар бойы көрген азабына тәу ететін «қасірет қабырғасы» бар. Оны «Жоқтау қабырғасы» деп те атайды. Сол жерге жылына миллиондаған еврей барып мінәжәт жасайды. «Қасірет қабырғасы»  мемориалды-кешені еліміздің бірнеше облыс орталығына орнатылған. Алматы облысындағы Жаңалық ауылында еңселі ескерткіш пен музей ғана тұр. Ал Талдықорғандағы тас ескерткіш жергілікті билік пен зиялы қауымның есінен шығып кеткен сыңайлы. Осы уақытқа дейін Жетісу төріне өткенімізді ұмыттырмайтын, болашақ ұрпақтың есінде қалдырар ескерткіш орнатайық деген бастама көтерген жанды көрмедік. «Рухани жаңғыру» аясында түгенделер деп күткенбіз. Бірақ, біздің шенділер құрғақ конференция өткізіп, ас беріп, шапан таратудан ары аспады.

Өткен тарихымызды лайықты деңгейде бағалай алмасақ елдікке сын, болашақ алдында қарыз. Ұлтқа жасалған ұлы зұлматты еске алу  әлеуметтік желілер мен БАҚ -та ғана айтылып қалмайды деген үміттеміз.

А.НАЗЫМ.


Кілтсөздер:КӨКЕЙКЕСТІ


ПІКІР ЖАЗУ