Қиялдың мертіккен күні
Жақын арада өткен ведомствоның аппараттық кеңесінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қыркүйекке дейін қалған тоқсанның бейнесабақтарын түсіру керектігі жайлы сөз етті. Бұл жаңалық біраз ата-ана мен оқушыны абдыратып тастағаны рас. Себебі, бейнесабақтар дайындалып жатқанына қарағанда, келесі оқу жылы да онлайн түрде өтеді ме деген күдік жоқ емес. Бұл тұрғыда кей ата-ана қашықтықтан оқытудың кемшіл тұстары барын да айтады. Олардың ойынша, баланың үйде көк жәшікке телміріп дәріс тыңдағанынан гөрі, мектеп қабырғасында ұстаздарының тәлім-тәрбиесімен білім алғаны анағұрлым жақсы. Әлемдік пандемияға байланысты сын сағатта шұғыл шешім қабылдап, қашықтықтан оқытуға мәжбүр болғанымыз айдан анық. Алайда, биыл алтын ұя мектебімен қош айтысып, үлкен өмірге қадам басқалы отырған жас түлектің жағдайы қалай болмақ? Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық қай деңгейде жүргізілуде? Өзгеріске толы болған оқу жылынан соң ҰБТ сынағында да өзгерістер орын алады ма? Көптің көкейіндегі сауал – осы.
Жұқпалы дертке байланысты оқудың жүйесі өзгертілгенімен, ҰБТ-ның тестілеу форматы өзгермейді. Елдің Бас мұғалімі Асхат Аймағамбетовтің мәлімдеуінше, тестілеу әдет-тегідей бес пән бойынша жазбаша түрде өтеді. Олардың үшеуі – міндетті, екеуі – таңдау бойынша. Биыл тестілеу уақыты 3 сағат 50 минуттан 4 сағатқа дейін артып, оқушыға калькулятор қолдануға да рұқсат беріліп отыр. Алайда қойылар талап та қатаң. Себебі, түлектер тест тапсыратын ғимаратқа face ID, яғни бет-әлпетті танитын құрылғы арқылы кіргізіледі. Бейнежазбаны қарау кезінде оқушының тыйым салынған затты пайдаланғаны анықталса, ҰБТ нәтижесі жойылады. Сондай-ақ, биылғы жаңашылдықтардың бірі – педагогикалық мамандықтар бойынша ҰБТ-дан өту баллы бұрын 60 болса, енді ол 70-ке дейін көтерілген. Тестілеу кезінде коронавирустық пандемияға байланысты санитарлық-эпиде-миологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтау қатаң қадағаланбақ. Бұл жылы 131 755 түлек Ұлттық бірыңғай тестті тапсырады. ҰБТ 20 маусымнан 5 шілдеге дейін 15 лекпен, 161 пункте өткізіледі деп жоспарланған.
Жыл сайын оқушылар 11-сыныпқа көшкеннен кейін ҰБТ сынағына дайындықты қызу бастайтын. Мектепте ұстаздарының, ал одан сырт уақытта қосымша дайындау орталықтарының көмегіне жү-гінетін. Биылдыққа Ұлттық тестілеу орталығының сай-тындағы 70 нұсқа арқылы байқау сынағын тапсырып, өз беттерінше дайындалды. Кейбір шалғай ауылдың оқушылары интернет байланысының на-шарлығынан байқау тес-тін тапсырмақ түгілі, дәріс тыңдаудың өзінде біраз қиналып қалғандығын да естіп жүрміз. Ал соңғы тоқсаннан бері дайындықтың бетін көрмей, өз бетінше әзірленген талапкер ҰБТ сәтінде білімін дәлелдей ала алар ма екен деген сөздер қазірден ел ішінде желдей есіп жүр. Ал мендік сананы: тест жүйесімен білім бағалауға келісім берілген күнді қиялдың мерттіккен күні дейтін біртүрлі ой мазалай береді. Неге?
Лина АЙДЫНҚЫЗЫ