Қазыналы қария еді….

1
1155

«Жас өлсе, бәйтерегің сынғандай-ақ, Кәрі өлсе соққан дауыл тынғандай-ақ». Аталы сөз, халық нақылы, орынды айтылған дейміз-ау! «Асарын асады, жасарын жасады». Бала-шағасының алдында кетті. Арманы жоқ-деп, Алланның әміріне мойынсынасың! Алайда, қазыналы қара орманның, бір әулеттің, әулеттің ғана емес-ау, ауылдың, бүкіл бір аймақтың абызы, көкірегі толған шежіре, «балтыры сыздап, басы ауырғанға дәруіштей дәрмен берген дана қарт өмірден өтті. Әттеген-ай,-деп сан соғып қалдым. Сұхбаттаса алмадым. Тіршіліктің күйбеңімен ертең, бүрсүгіні жазып алармын деп жүргенде, баласы Абай: «Әкем дүние салды» деп хабар берді.

Наурыздың 28 күні 88 жасында дүние салған Нұрымов Қадыр абыз жайлы көп айтуға болады. Бозбала шағымда көрдім. Елден жырақтап кеткенде, салғырттығымнан көп қарияның бірі, тәлім берген ұстаз деп жүріппін. Сөйтсем, сұңғыла қарияның, білімдарлы-
ғынан бөлек, шежірешілігін,
халық емінің қыр-сырын жетік меңгергеннен мүлде хабарсыз болыппын. Тау суынның бастауындай мөлдір, әңгіме айтса арыдан тартып, толғайтынын да кейіннен, тым кеш білдім. Оның өзінде баласы Абай досым отбасылық әңгімеміз қариялар төңірегінде ойысқанда, «қазыналы, ауызы дуалы қарт қалмады. Көбі шыбындаған жылқыдай, әкім-қаралаға жалтақтап күнелтіп жүр. Айбаты бар, айтары бар, ақсақалға зарығып қалдым, елге келсем, елдің, мұң-мұқтажынан еңсемді көтере алмай қалам» дегенде: « Біздің шалмен бір сырласып көрсеңші, әкесін тықпалап жатыр деп, ойлап қалма? Айтары бар, ақсақал іздеп жүрмін дедің ғой» дегені бар-ды.
– Шежре айта ма? Қандай тылсым қасиеттері бар? – деп тықсыра түстім.
– Сен білмейді екенсің ғой, Саған да кінә жоқ, сыртта жүрсің. Әкеміз анандай, мынандай – деп мақтану бізге жат. Әкесінің атын жамылып, шен-шекпен алу бізде жоқ. Берген тәлім-тәрбиесімен өстік. Енді сол асқартауымыздың асқақтаған абыройына дақ түсіріп алмасақ деп, жан-жағымызға сауысқандай сақтықпен екі шоқып, бір қарап жүрміз, Айтеке! Тек айтарым, ол кісі тарихты қопарып қана қоймай, байырғы бабалар дәстүрін жалғастырушы. Шөптің тамырларын жинайды. Сонымен ем-дом жасайды. Мына сен ішіп отырған «уқорғасын» өте улы шөп, орнымен қолдана білмесең тіл тартпай өліп кетесің. Сенің қасыңда отырып өзім бақылап отырып саған ішкізіп отырмын. Бұл өз әкемнің маған берген тәлімі – деді. Онда, келістік мен сәуірдің 7-сі, Алла бұйырса қайта айналып келемін. Сен әкеңді дайында. Сұхбат бере ала ма ? Шаршап қалмай ма? – дегенімде:
– 88жасқа келді, әлі тың. Сөйлегенде өзіңді шатастырады, жады мықты көресің – деді. Амал, қанша, Алла маған абыз ақсақалмен жүздесуді бұйырмады. Өзекті өртейтін өкініш те сол! Есіме, жазушы Қасымхан Бегмановтың тарихшы, этнограф-ғалым, шежіреші, қоғам қайраткері

Жағда Бабалықұлы жайлы
сұхбат әңгімесі ойыма орал-
ды. Шөптің алуан түрін
сараптап, қай шөп, қан-
дай ауруларға ем бола-
тын тәпіштеп тұрып айтып кеткен ғой, жарықтық.

Атадан балаға сабақтасып келе жатқан, халықтық медицина жайлы жілігін шағып, далада жатқан ен байлықты халық денсаулығына қолдана алмай, химикаттық тәбілеткаларға тәуелді болып жүрген жоқпыз ба? Қадыр ақсақалдың баласы, Абайдың айтуынша, әкесі арғы бетте жүргенде асқазан ауруымен қатты ауырыпты. Емханаларды жағалап, медицинаның шарапатын көрем дегенде, дәрігерлер, ауруың асқынған, өмірің ұзақ болмайды деп аруханадан шығарып тастапты. Отызға да толмаған Қадыр ақсақал өзін-өзі осы «уқорғасынмен» емдеп жазып алған. Қайта айналып дәрігерге барғанда, бойыңда кеселдің ізі де жоқ, сізді кім емдеді деп таңғалыпты. Міне , «асқынған ауруды алтын төсек емдемейді» деген тәмсілді жоққа шығарған халықтық медицианның құдіреті. Әрине, ажалға араша тұрар, шипагерлік тәжірбие бар. Асқынған емнің күретамырын қиып, Алланың пәрменімен қаншама адамға өмір сыйлаған Жағда Бабалықұлы, Қадыр Нұрымұлы сияқты білгірлер бүгінде жоқтың қасы. Әйтпесе, бұл екі кісі де түбелікті шипагерлікті ұстанып, емшілікпен айналыспаған абыздар. Шықпас жанға себепкер болған «уқорғасын жайлы Қадыр ақсақалдың баласы Абай да маған жан-жақты мағлұмат берген-ді. Тұқымыздан түбірі үзілмеген дерт мені де шыр айналдырды. Қанқысым, панкратит, гастрит, асқазан жарасы (язва), қойшы ауруханаға тұрақты мекеніме айналды. Бірде, ауылдан хабарласқан Абайға асқазаным мазалап жүргенін, больницада жатқынымды айттым. «Сен ауруханадан шыққан соң кел, мен бір дәрі ішкіземін төрт-бес күнге келетін бол»-деді. Аң-таң болып, бұл қалай емдейді-деп, жолға шықтым. Бардым, үйіне бәйбішесіне қазан көтертіп қойыпты.
– Ойбай, ауыр тамақ ішпеймін, жеңіл-желпі болмаса, қажет емес -дедім.
— «Жаман үйді, қонағы билейді»-дегізбей тыныш отыр. Бергенді іш, қазір саған «уқорғасын» берем-деді. Шошып кетім. «Сен мені өлтіре алмай жүрсің бе? — Абай, онсызда өлтірсек деп жүрген дұшпаным көп. Ол дегенің заһар «у» ғой — десем, сенде менде ішеміз. Осыдан панкратиттің жойылмаса маған кел — деп, бір шәугім қайнаған «уқорғасынды» сорпа, етпен қосып, шай ішкендей алты-жеті кесесін екеуміз іштік. Сора-сора тер басып, сүлгімен сүртіп, қасымда үш сағат отырып салқын су ішкізбей қадағалады. Несін айтасың сәл майлы тамақ жесем, түйнейтін асқазан мазаламады. Содан үш күн «уқорғасын» ішіп қалаға кетіп қалдым. Қалаға келген соң екі жетіден кейін дәрігерге барсам, «бәрі-жақсы дәрілерді уақытысында ішіп жүргеніңіз көрініп тұр», — дейді. Ия, дей салдым. Содан екі жыл асқазан мазаламады. Биыл қайта ауырды. Абайға қайта хабарластым. «Мен саған бір жеті ішу керек дедім, сен болсаң үш күннен соң тайып тұрдың — деп ренжіді. Сен білесіңбе әкем осы «уқорғасымен күйеу баласы Рамазанды асқазан дертінен құлан-таза айықтырған. 67-ге келді, сол жездеміз. 20 жыл бұрын өліп қала жаздаған. Әкеме күні бүгінге дейін алғысын айтып жүр. Жалпы, «алтын шөптің тамыры», «Қарандыз», «Уқорғасын», «Ермен», «Илан»-деген шөштердің емдік қасиеті зор. Сен бір келгенде саған соларды көрсетемін-деді. Айтқанындай, ауылға барғанымда, хабарласып ем, айтқан емдік шөптерді көрсетті. Бұлардың әрқайсының жинайтын мезілдері болады. Әкем осыларды жинап, ауырған туған-туыстарды емдейді. Керек десең спортшылар да келіп, ем алып кетеді деді.
– Әй, Абай, әкең туралы неге ертерек айтпадың, талай нәрсе алып қалар едік.
Қадыр ақсақалдың өз кіндігінен он бір бала өрбіген. Құдай қосқан қосағы Бүбіш әже екеуі сол он бір баладан 47 немере 19 шөбере сүйіпті. Батыр ана, батыр әке, балаларының барлығын оқытқан-тоқытқан әр салада қызмет атқарады. «Көргені жақсы көш бастайды» деген осы ғой. Қадыр абыздың бір баласы Айдар Алматыда халық медицинасымен айналысады. Әкесінен алған,-тәлім-тәрбиесін медицинамен ұштастырып жүр. Абай да құр алақан емес. Емдік шөптерді жинап кептіріп, қай шөптің қай ауруға ем екенін сағаттап айтуға бар. Өзекті өртеген бір өкініш Қадыр абыздан көне көздердің көрікті қыздырар тәлімді тарихи әңгімесін жазып ала алмадым. 1933 жылы шілде айында, Қытай Халық Республикасында дүниеге келіп, Үрімжі қаласындағы, Шыңжаң ұлттар институтының физика-математика факультетін бітірген. 1955 жылы туған Отаны Қазақстанға келіп, бір жыл ішінде араб әлібиінен орыс әлібиіне негізделген жазуға бейімделіп, Абай атындағы педагогикалық институтының үшінші курсына өз мамандығы бойынша қабылданып, зейнет жасына шыққанша білім саласына өлшеусіз үлес қосқан абыз қарттың еңбегі зая кетпеді. Бір білім ордасында 38 жыл үздіксіз еңбек еткен, Халық ағарту ісінің үздігі, Панфилов ауданының Құрметті азаматы, мыңдаған шәкірттің жүрегінен өшпестей орын алған Қадыр абыз халық медицинасының шет жағасын бабаларына көрсеткен. Алайда көкірегіне түйген, тарихи қазбаны біз аршып алып қала алмадық!
Бауыржан Момышұлының үлкен қарттарды:
– шал,
– қария,
– ақсақал
– және абыз деп төртке бөлгенін қалың бұқара ескере бермейді.
Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қарт – ШАЛ.
Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты – ҚАРИЯ деп,
тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айдынын асырып отырған қартты – АҚСАҚАЛ деп,
елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты – АБЫЗ деп атаған . Сол батыр бабамыз айтқандай әулеттің ғана емес, тұтас бір ауылдың, аймақтың айбарына айбар қосқан, тұла бойы тұнған тарих абыздан 90-жасқа таяғанда көз жазып қалдық! Алланың әміріне шара бар ма? Майлықожа ақын:

Мектепке беріп жасыңда,
Танытып құбыла білдірген.
Жыласаң көңілі жүдеген,
Қуансаң тасып үдеген.
Көрігіңе көңілі өсіп,
Алладан өмір тілеген.
Әкеңдей құбыла қамқорың,
Табылмас мынау дүниеден.
Мейірбаның жан әке,
Әкең де өлмес болсайшы-ай
Қасірет болып көңілге,
Қапада келмес болсайшы-ай.
Әкенің қадірін ұл мен қыз,
Тіріде білсе болсайшы-ай!

деп ата-ана туралы толғау толған. Қадыр абыздың 11 баласы да ата-ананың қадірін білді. Әкелерін асқар тауға, аналарын жасыл құрақ пен бұлаққа балады. Жаның жәнәтта болсын Абыз ата! Зымырандай зулаған уақыт, көзді ашып жұмғанша өте шығады-ау! Мамыр айының 8 жұлдызында Қадыр абыздың өмірден өткенне 40 күн толады.

Айтақын МҰХАМАДИ


1 пікір