Доланда дәрігерлік амбулатория ашылды
«Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша Райымбек ауылдық округіне қарасты Долан елді мекенінде ауылдық дәрігерлік амбулаториясының ашылуы өтті. Медициналық мекеменің ашылу салтанатына Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев қатысты.
Дәрігерлік амбулаторияның жобалық құны — 460 млн. Бас мердігер болып «GOLDENCITI DS» ЖШС табылады. Амбулаторияның ұжымында 18 қызметкер, оның ішінде екі жалпы тәжірибе дәрігері және жеті медбике бар.
Айта кету керек, бұған дейін бұл – кішігірім фельдшерлік-акушерлік орталық (ФАП) болған. Ауыл тұрғындарына Алмалыбақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға баруға тура келетін еді. Енді, елді мекендегі бес мыңға жуық ауыл тұрғыны жаңа ғимаратта медициналық көмек алатын болады.
С. НҮСІП.