Мемлекеттік қызметшілер марапатталды

0
1332

Талдықорғанда мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты шара өтті. Саланың үздік қызметкерлері Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Іс-шараға Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ләззат Бейсеқұлова және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлегендер мемлекеттік қызметші болудың үлкен еңбек және ерекше жауапкершілік екенін атап өтті.
Өңір әкімінің құттықтауы да осы кәсіп өкілдеріне жеткізілді. Осылайша, адал қызметі және лауазымдық міндеттерін мүлтіксіз орындағаны үшін Құрмет грамотасы облыстың әр аудан-қалаларында еңбек ететін мемлекеттік қызметшілерге табысталды. Марапатталғандардың арасында талғарлық Жұлдыз Әліпова да бар.
– Бұл салада еңбек етіп жүргеніме 11 жыл болды. Талғар ауданы Панфилов ауылдық округі әкімдігінің бас маманы болып жұмыс істеймін. Мемлекеттік қызмет мен үшін таңдау ғана емес – бұл менің болашағым. Бұл сіздің кішкентай туған ауылыңызға пайдаңды тигізуге үлкен мүмкіндік. Бүгін біздің еңбегіміз назардан тыс қалмағаны үшін алғысымды білдіргім келеді, – деді ол.
Іс-шарада Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов пен Алматы облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Сырым Дінбаев «Қазақстан Республикасының Үздік мемлекеттік қызметшісі» төсбелгісімен марапатталды.
Айта кетейік, облыста мемлекеттік қызмет саласында 7069 адам жұмыс істейді. Олардың 49 пайызы ерлер, 51 пайызы әйелдер.

С. БАЗАРҚҰЛОВА.


ПІКІР ЖАЗУ