Атқарылар ауқымды шаралар көп

0
1239

«Жетісу медиа» ақпараттық алаңында  ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойына Алматы облысының дайындық және өткізу барысын пысықтаған баспасөз мәслихаты өтті. Онда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов баяндама жасады.

Баяндамашы сөзіне жүгінсек, облыс басшысының тапсырмасына орай іс-шаралар жоспары қайта пысықталып, жаңа жобалар қосылған. Бүгінге дейін 803 іс-шара ұйымдастырылған. Ал, екінші жартыжылдықта 900 шара жүзеге асырылмақ екен.

«Негізгі үлкен шара Тәуелсіздік күні қарсаңында өтіп, жыл бойы атқарылған істердің қорытындысы шығарылады. Бұл шаралардың бәрінде ел тарихын тұғыр ете отырып, Тәуелсіздік алған отыз жылдағы белесті жолымызды көрсету – басты мақсат. Бұл күнге оңайшылықпен жеткен жоқпыз. Зауыттардың бәрі тоқтап, ауыл абдырап, қала қаңырап қалған кездер болды. Сол қиындықтардан өтіп, еліміз қайта еңсе түзеді. Жоспарлы шараларда осының бәрі қамтылған», – деді Рахмет Разбекұлы.

Баяндамада белгілі болғандай,  Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Тұңғыш Президент күніне орай «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты жылжымалы тақырыптық көрменің тұсаукесері, «Тәуелсіздік – ел бағы» тақырыбында белгілі қоғам қайраткерлерімен кездесу кеші, «Ұрпақтар есінде» жастар акциясы, республикалық ақындар айтысы, «Саят» ұлттық спорт түрлерінен «Сонар-2021» халықаралық  турнирі, «Жұлдызды 30 күн» Тәуелсіздік айлығы, Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай да іс-шаралар өтпек. Мұнымен қоса  түрлі  заманауи нысандар мен тұрғын үйлер пайдалануға берілмек. Бүгінге дейін 26 ірі нысан іске қосылыпты.

Баспасөз мәслихатында облыстық жастар саясаты мәселелері басқар-масының басшысы Елдар Сапаров  та сөз алды. Өз сөзінде мерейлі жыл аясында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы жүзеге асып жатқанын атап өтті. Осы орайда облыста 1216 акция өткізіліп, 75 мұқтаж отбасына баспана берілген, 9 мың шаңыраққа азық-түлік себеттері таратылған. Бұл іске еріктілер белсенді түрде атсалысқан.

Брифингте  меценат, кәсіпкер Шыңғыс Кенжеғұлов  пандемияның қатты ушыққан тұсында  еріктілермен бірігіп  облыстық   аурухана, перинаталды орталықтың қызметкерлеріне ыс-тық тамақ тасып, өкпені жасанды тыныстандыру аппаратымен де қамтыған сәттерін еске алды. Бүгінгі таңда тұрмысы төмен отбасыларын азық-түлікпен қамту ісін жүзеге асырып жатқанын  да айттты.

Баспасөз мәслихатында жур-налистер  өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

 

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

 


ПІКІР ЖАЗУ