Көлігін кепілге қойып, жарысқа барған спортшы
СПОРТ – ЖАС ТАЛҒАМАЙДЫ. ОНЫМЕН ЖАС ТА, ЖАСАМЫС ТА АЙНАЛЫСА АЛАДЫ. ТІПТІ, ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІНДЕ ҚЫТАЙЛЫҚ, СЕКСЕНГЕ ТАЯҒАН АРДАГЕР ТУРНИКТЕ ШЫР КӨБЕЛЕК АЙНАЛЫП, ҰРШЫҚША ИІРІЛІП ЖҮР.
«Спорт денсаулықтың басты кепілі», – деп дәрігерлер де ұдайы айтып келеді. Жаяу жүріңіз, көп қимылдаңыз, денеңіз үнемі қозғалыста болсын дейді. Спортты жанына серік етіп, түрлі Азиялық және халықаралық жарыстарда олжа салып жүрген жасөспірімдер, жастар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ардагер спортшылар неге мақтау мен марапаттардан құр қалып жүр?! Олимпиада шыңын бағындарған жүзден жүйрік шыққандар атақ-даңққа бөленіп, құрметтеліп, қомақты қаржы, бастарына үй, астарына темір тұлпар мінуде. Әрине, бұл да керек. Себебі, мемлекеттің атын шығарып, спорттағы айбынын көрсететін спортшылар. Бюджет қаражатынан жаттығу залдарында, олимпиадаға дейінгі төрт жыл аралықта күндіз-түні, маңдай терлерін төгеді. Олардың жандарында бапкерлер, дәрігер жүреді және спортшыларға құнарлы тағамдар беріліп, бір сөзбен айтқанда қажетті мүмкіндіктердің бәрі жасалады. «Судың да сұрауы барын» олар да жан-тәнімен түсінеді. Бар ғұмырын спортқа байлағандардың еңбектері ерен екенін ешкімде жоққа шыра алмайды. Боз кілемде арыстандай алысып, рингте жұдырықтасып, тонна-тонна ауыр салмақ көтергендер жарақаттан да құр алақан қалған емес. Ал, олимпиадалық тізімде жоқ, «қол күресі мен кір тасын» саусақпен көтеріп, Азияны 2011 жылдан бері бағындырып, рекордтар кітабына кірген ардагер спортшы Абдуали Тастановтың ерен еңбегі неге еленбейді?! Сонда, олимпиада шыңын бағындырғандарды ғана қадірлеп, өзге спортшыларды өзекке тепкеннен кім ұтты, кім ұтылды.. Оларда түрлі жарыстарға барып, қазақ мемлекетінің атын шығарып, туын көкке көтеріп, әнұранын асқақтатып, елге – алтын, күміс, қола медальдар әкеліп жатқан жоқ па. Қала берді ауыл спортын көтеріп, өзі ғана чемпион болып қана қоймай, баулыған спортшылары толағай табысқа жетседе, не аудан әкімі Алмас Әділ, не облыс әкімі Амандық Баталов бір жылы сөздерін айтуға жарамапты. Сонда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ауыл спортына баса көңіл бөліңдер» деген тапсырмасы қайда қалады?! Жалпы, спортты қала, дала деп бөлуге болмайды. Рас, қалалы жерде спортқа жақсырақ жағдай жасалған. Аудан орталықтарында бірлі жарым спорт кешендері бар. Ал, ауылды жерде туған өлкесіне жаны ашыған, үлкен меценаттар болмаса, ауыл мектептерінің спорт залдарында және кішігірім ғимараттарда спорт залы деген аты бар да, заты жоқ. Тіпті, ғимараттарда жаттығу жасап жүргендер де бар. Ал мақала авторы Абдуали Тастанов та спорт залдың жоқтығынан өз үйінде жаттығып, бапкерінен ақыл-кеңес алу үшін, Алматыға 250 шақырым ары-бері таксимен қатынап, жаттығуларға қатысқанын айтады. Спортты жан тәнімен сүйіп, өміріне серік еткен азамат ардагерілік жасқа келгенде олимпиадалық тізімге кірмеген. Айтуынша, қол күресі мен кір тасын көтеруден чемпиондық дәрежеге сан мәрте жеткен екен. Ол бұл салада өзі ғана жетістіктерге жетіп қоймай, 43 жасөспірімді спортқа баулуда. Үйреткен шәкірттерінің арасында мүмкіндігі шектеулі бала да бар екен. Биыл тамыз айында Азиялық ойындардың жарысы Алматыда өткен. Карантиндік шараға байланысты 9 мемлекеттен келген спортшылар арасында республика бойынша Алматы облысының жасөспрімдері үш алтын, бір күміс, бір қола алып, республиканың да, облыстың да мәртебесін көкке көтерді. Алайда, алтынмен апталып, күміспен қапталып, қоламен қоржын толтырып, елдің абыройын асқақтатқан спортшылар елеусіз, ескерусіз қалыпты. Облыс әкімі А.Баталов, аудан әкімі А.Әділ құттықтап, бір ауыз жылы сөз айтуға жарамаған. Азиялық және халықаралық жарыстарға бару үшін ардагер жаттықтырушы қаржы іздеп, қара терге түсіп жүр. Мәселен, Алматыда өткен азиялық жарысқа қатысуға мүгедек балаға «мүгедектер қоғамы» жол ақысын көтерсе, қалған екі бала өз қаражаттарымен, ал А.Тастановтың жол ақысын облыстық спорт басқармасы көтерген. Спортшылардың жеткен жетістігі тек жеке өз бастарына ғана емес, аудан, облыс, қала берді, республиканың абыройын асқақтатып тұр. Егер олар Азиялық масштабтағы жарыстарда оза шауып келсе, облыс басшысынан бастап аудан әкімдігіне дейін құрмет көрсетіп, өзгелерге неге үлгі-өнеге ретінде көрсетпейді. Мәселен, А.Тастанов Жапонияда өтетін жарысқа баруы үшін қаржы таба алмай, астындағы мініп жүрген көлігін кепілге қойып, несиеге қаржы алып жарысқа барған. Бойындағы бұла күшпен, қажыр-қайратына сенген ардагер Жапониядан алтынмен оралады. Алайда, жергілікті билік спортшының бұл жетістігін тағы да, елеп ескермеген. Шығынға белшеден батқан ардагер, күні бүгінге дейін кепілге қойған көлі-гін қайтарып ала алмай жүр. 2019 жылы Алматы облысына іс сапармен келген мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Нұр Отан» партиясында облыс тұрғындарын жеке қабылдағанда, ардагер спортшы А.Тастанов та министрдің қабылдауында болған. Ол жеткен жетістіктерін айтып, алған алтын медальдарын көрсетіп, жарысқа барудың қиындығын, кепілге қойған көлігін қайтара алмай жүргенін айтыпты. Министр сол арада облыстық «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаевқа ардагерге көмектесу керектігін айтып, егер көмектесе алмаса, өзім көмектесем, – деген екен. Министрдің алдында уәде берген «Нұр Отан» партиясының сол кездегі бірінші орынбасары Ж.Жөргенбаев (бүгінде Алматы облыстық маслихат хатшысы) сол уәделерінен тайқыған. Алдарына бірнеше рет барған спортшыға «Алаһу акбар» деп беттерін сипап, арқасынан қағып, шығарып салыпты. Ж. Жөргенбаевтан кейін «Нұр Отанды»басқарған Ғалиасқар Сарыбаевта көмектесем деп жүргенде ауданға әкім болып кетті, – дейді ардагер спортшы. Облыс әкімі Амандық Баталов жиында, болмаса басқа басқосуларда Абдуалиды көрсе «қалың қалай, кез келген уақытта маған кел, қабылдаймын» – дейді екен. Бірақ, сан мәрте облыс әкімдігіне барса, әкім «анда жүр, мында жүр, жиналыс өткізіп жатыр, қабылдай алмайды» деп әкімдіктің бірінші қабатынан қайтарып жібереді деген спортшының – облыс әкімі Амандық Баталовқа да өкпесі қара қазандай… Мені облыстық жол басқармасы басшысы болған Ержан Бәкірбайұлына тапсырып қойған. Ол кісі қазір Талдықорған қаласы әкімі болып тағайындалды. «Оның орнына барған жас жігітке барсам, маған әкім ондай тапсырма берген жоқ деді. Әбден сүйкімім кетті». 2011 жылдан бері Азияны бағындырып, 18 алтын медалін иеленіп, Москва қаласында өтетін Халықаралық турнирді алты жыл қатарынан бағындырып, рекордтар кітабына, 32 киллограмм кір тасын бір саусақпен 15 рет көтеріп, 60 жасқа келгенде көрсеткен спорттық көрсеткішін басшылық елеп, ескермегеніне налиды. Қолдаушысы, қорғаушысы жоқ ардагер өзге республикаларда және шет мемлекеттерде мұндай көрсеткіш көрсеткен спортшыларын алақанда аялап, ұстайтынын айтады. Қазақстанда спортқа баса назар аудару керек деп ауызбен айтылады. Ал, іс жүзінде бәрі басқаша, олимпиадалық тізімде бар спортшыларға жан-жақты жағдай жасалып, бізді қалтарыста қалдырды. Қол күресі мен кір тасын көтеру саласы мемлекеттік бюджетке енгізілмей қалған. Бізді көрсе әкім-қаралар осылар-ақ, жылу жинап, қайыр сұрағаннан жалықпайды екен деп айтатын шығар… Әйтпесе, Парламент, Сенат, тіпті, жергілікті мәслихат депутаттары өңірге жауапты облыс, аудан, қала әкімдері бар, неге жоғарыға дабыл қағып, олимпиадалық тізімге кірмеген спорт жарыстарын қаржыландырмасқа. Меніңше, осыны Президент пен үкіметке дұрыс жеткізсе, қолдау табатынына кәміл сенемін. Содан кейін, спортты ардагерлер, жастар деп бөлудің өзі артық. Олимпиада чемпиондары алтын, күміс, қола алғандар, тіпті жүлдесіз оралғандарда елеусіз қалып жатқан жоқ. Ал, біз жасымыз да, жасамысымыз да алтын, күміс, қола алып, елдің әнұранын, көк байрағын Азиялық, халықаралық жарыстарда сан мәрте көтерсек те, марапат тұрмақ, бір ауыз жылы сөз ести алмай, құсадан өлетін болдық. Тым құрыса, жарысқа бара жатсыңдар деп ақ тілек айтып шығарып салып, құрметпен күтіп алса, бізге сол да үлкен күш беретін еді ғой.. «Үй бер, жағдай жаса» – деп жатқанымыз жоқ, тым құрыса кепілге қойған ескі көлігімді алып беруге жардемдеспеді. Өмірімде бір-ақ рет, 2018 жылы үздік спортшы атағы беріліп, 150 мың теңге мемлекет тарапынан алыппын. Қол күресі деген өте қиын спорт түрі. Мұнда үнемі денеңдегі сіңірлер қатып тұруы керек және оған арналған арнайы тағамдар бар. Олар біздің түсімізге де кірмейді, ішкенде емеспіз. Оны алатын қаражатымыз да жоқ. Ұдайы жаттығатын тренажерлер болуы керек. Олда жоқ. Кейбір дүниелерді темір жонатын токорларға барып, тапсырыс беріп жасатып алам. Сонда да, чемпион болып жүрміз. Алла бұйырса, қараша айында Румынияның «Бухарест» қаласында әлемдік масштабта осы қол күресі мен кір тасын көтеруден үлкен жарыс өтеді. Қазір соған қызу дайындық үстіндеміз. Алайда, осы жарысқа барғанға қаржы таппай, демеуші іздеп, әкімдік пен кәсіпкерлердің босағасын тоздырып жүрміз. Бұл жарысқа әлем бойынша 1500 спортшы қатысады. Онда жасөспірімдер, жастар, ересектер, ардагерлер және мүмкіндігі шектеулі жандар бақтарын сынайтын болады. Жаттықтырып жүрген 43 баланың ішінен үш баласы спорт шеберлігіне үміткер екенін айтқан ардагер спортшының үлкен ұлы Асқар Абдуали дзюдо күресінен Алматы облысы бойынша чемпион. 2005 жылы дүниеге келген баласы Асхат мектеп қабырғасында білім алады, ол да дзюдомен айналысады.
ТҮЙІН ОРНЫНА: Ардагер спортшының мұң мен зары облыс әкімі Амандық Баталовқа жете ме, жетпей ме, бізге беймәлім. Алайда, біздің жергілікті билікте қатып қалған қағида бар. «Бұл спорт түрін дамытуға бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Сондықтан жәрдемдесе алмаймыз. Демеуші тапсаң, өздерің бара беріңдер», – деген ұстанымға желімдей жабысып қалған. Басқа-басқа, маған кез келген уақытта қабылдауыма келуіңе болады деген өңір басшысы Амандық Ғаббасұлына жолатпай жүрген шолақ белсенділер ауыл спорты үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, жастардың шымыр болып өсуіне атсалысып жүрген ардагерді облыс әкіміне кіргізбей жүргенін қалай бағамдауға болады?! Өздерінің қолдарынан қолұшын созу келмеген соң, тым құрыса Амандық Баталовпен жүздесуге мүмкіндік жасау олардың қызметтік парызы емес пе? Ардагер спортшыны әкімдік маңайына жолатпай, кеудесінен неге кері итеріп жүргенін Амандық Ғаббасұлы білмейді, білсе, екі аяқтарын бір етікке тығар еді. Бұл енді «байдың асын, байқұс қызғаныпты» дегеннің кері емес пе…
Айтақын МҰХАМАДИ