Өңірде 700 ауылдық жерге интернет тартылған

0
1140

Алматы облысында 732 ауылдың 700-і интернетпен қамтамасыз етілген.  220 ауылға талшықты оптикалық байланыс желілері тартылды.   Бұл туралы «Jetisy Media» алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Жиында  белгілі  болғандай, өңірдегі 24 ауыл Транстелеком ТОБЖ технологиясы арқылы жоғарғы жылдамдықты ғаламтормен  қамтамасыз етілген. Бұл қатарды жыл соңына дейін 41 елді мекен толықтырады деп күтілуде.

Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасы»    ММ-нің ақпараттық технологияларды енгізу және дамыту бөлімінің басшысы Жандос Ақылдың сөзінше,  660 ауылдық елді мекен мобильді интернетке қол жеткізе алады. 2022  жылы тағы 3 ауылға, атап айтсақ,  Алакөл ауданындағы Майқан ауылы, Жамбыл ауданының Еспе және Жартас ауылдары  ғаламторға қосылады. Бүгінде «250+» жобасының шеңбе-рінде Ақсу, Жамбыл, Алакөл, Кербұлақ, Панфилов, Сарқан және Ұйғыр аудандарындағы 21 ауылдағы желілерді жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар баспасөз мәслихатында ғаламторға қосылуға мүмкіндік беретін антенналарды орнатумен оның қауіпсіздігі де  әңгімеге арқау болды.

Өз сөзінде  Жандос  Қанатұлы  ұялы байланыс операторлары байланыс желілерін антенна-діңгек құрылымдарының санын көбейту арқылы ғана дамыта алатынын, оған түсіністікпен қарау керек екендігін баса айтты.

Ал, Қарасай ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ескендір Егеубектің айтуынша, халықты ұялы байланыспен қамтамасыз етуге арналған жабдық   ҚР байланыс саласындағы заңнамасына сәйкес алынған радиоэлектрондық құрылғыны  пайдалану рұқсаттамаларына сәйкес қолданылады.  «Қарасай ауданында «Кселл», «Билайн», «Теле2», «Алтел» операторларының интернет таратушы антенналары орнатылған. Алматы қаласына жақын орналасуына байланысты сапалы итернетке сұраныс жоғары. Өздеріңізге белгілі күшейткіш антенналады  орнатпас бұрын, байланыс операторлары санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алады. Антенналары бар жабдық орнатылғаннан кейін қауіпсіздік нормаларының сақталуын қамтамасыз   ету    үшін   өлшеулер жүргізіледі. Базалық станциялар нормативтік талаптарға сәйкес орнатылатындықтан, оның жұмысы адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз», – дейді Ескендір Егізбекұлы.

Осы жылдың 9 айында Алматы қаласы мен облысы бойынша өңірлік байланыс инспекциясы тұрғындардың шағымдары негізінде 42 байланыс сапасына тексеру жүргізілген. Қазіргі уақытта цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс операторлары өз міндеттемелерін жауапкершілікпен орындауы үшін мәлімделген параметрлерге сәйкес келмейтін байланысқа айыппұл мөлшерін көбейтуді қарастыруда.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ