Халық әртісі неге елеусіз қалды?
Жетісу өңірі табиғатқа да, талантқа да бай өлке. Арғы тарихын айтпағанның өзінде кешегі Тұрысбек Маманұлының жұрттың сауатын ашу жолында мектеп салдырғанының өзі не нәрсеге тұрады. Бұл бір ғана Ақсу ауданындағы тарихи құбылыс.
Ауыз әдебиетінде айшықты қолтаңбасын қалдырған Сара Тастанбекқызының Біржанмен айтысы да тарихи тағылым. Топырағы құнарлы, суы балдай, шұрайлы өлкеде кімдер дүниеге келмеді. Қазақ поэзиясының бәйтерегі Ілияс Жансүгіровтің де осы өлкеде дүниеге келгенін ескерсек, әдебиет әлемінде тәмсілге айналып кеткен «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деген аталы сөзін бүгін айтпайтын қазақ жоқ. Ғалымы да, алыбы да, патшасы да, ханшасы да ауыздарынан тастамайды. Әттең, тәмсілді айту бар да, осы бағаға лайық тұлғаларды елеп ескеріп жатқан ел жоқ қой. Жоғары білім алмаған социалистік Еңбек ері Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақовтардың көзін көрген, дала билерінің ділмарлығынан тәлім алған жетісудың төл перзенті, сахна саңлағы ақсулық Серік Бариұлы Шотықов Жетісу жерінде неге елеусіз қалды.
«Ер жігіт үйде туып түзде өледі» деген тәмсілді осы Серік Бариұлына қаратып айтуға болады. 1937 жылы 5 наурыз күні Талдықорған қаласы, Ақсу ауданында дүниеге келген. Қызметін қарапайым жолдан бастаған тума талант «табиғатынан елгезек, сезімтал жан болған дейді», — бірге қызмет жасаған әріптестері. Оның театрға актер болып орналасуының өзі бір тарих. Бойында табиғи таланты болса да болашақ актер театрға әуелі шопырлық жұмысқа орналасудан бастапты. Жаз айларында ұзақ мерзімді гастрольдік сапарға шыққан әртістерді тасып, өнер тарландарымен күні-түні бірге жүріп, олардың қарым-қабілетін, сахнада ойнайтын рөлдерін, әр кейіпкердің сөзін көкірегіне түйіп, жадына сақтап алған Серік, бірде аяқ астынан сахнаға шығуына тура келіпті. Оған басты себеп, театрдың белді әртісі Жақып Әбілтаев қатты ауырып, оның орнын алмастыратын әртіс табылмай, театр әртістері Серікке сахнаға шығуың керек деп жата жабысқан ғой.
— «Айналайын, өзіміз көмектесеміз, суфлер сыбырлап тұрады. Мына спектакльді құлатпайық. Билет сатылып қойылды деп қолқа салыпты. Бұл драматург, жазушы Қалтай Мұхаметжановтың «Бөлтірік бөрік астында» атты комедиясындағы рөл еді. Жақып Әбілтаев ойнайтын рөл фотограф Сайлаубектің образы болатын. Серік аға әуелі сахнаға шығудан қашқақтап, кейін артынан көніпті. Ол күнде әртістердің сахнадағы қимыл-әрекеттерін көзімен көріп, сөйлеген сөздерін құймақұлақ жаттап алған. Қойылым басталғанда суфлерді қажет етпеген шопыр бала кәнігі кәсіби әртістерше сахнада ойнақ салыпты. Міне, осы сәттен бастап Серік ағаның сахнаға деген махаббаты оянып, бар ынта-жігерін өнерге бағыттаған. Өмір жолында болған бір кездейсоқ жағдай Серік Бариұлын Қазақстанға танымал сахна шеберіне айналдырады. «Талабы тасты жарып, дарыны дараланған Серік Шотықов, режиссер Тастан Өтебаевтың көптеген қойылымдарында басты рөлдерді сомдап, режиссердің ойы мен идеясын белгілеген межесіне жеткізуде таптырмас талант, жорғадай тайпалаған өнер тарланы екендігін мойындатты» , — дейді қызылордалық Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театрының әртістері. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, театрдың көркемдік жетекшісі болған Хұсейін Әмір-Темір: «Сыр елінің өнерінде өзіндік із қалдырған азаматтың өз елінде де ізі қалса, есімі ел есінде сақталып, бір көшеге берілсе екен. Серікті туған жері де құрметтесе деген өзекжарды тілегін айтып қалды. Бұл азамат өнердің үлкен тұлғасы. Оны Жетісудың ел-жұрты елеп ескерсе үлкен мәртебе болар еді», — дейді.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақытбек Алпысбаев: «Қазақстанның халық әртісі Серік Бариұлымен бірге сонау 1970 жылдан бастап, ол дүниеден өткенше бірге қызмет жасадық. Сахнадағы жолдасым болды десем де болады. Гастрөлдерде бірге жүрдік. Ол кісінің өнерге деген құлшынысы, оған сондай берілгендігі екінің бірінің қолынан келмейді. Кәсібі шопырлық болса да көп оқып, көп ізденетін. Біз жоғары оқуды бітіріп келгенімізде «Сендер менің ұстазымсыңдар, сендер оқу көргенсіңдер. Мен сендерден үйренемін» дейтін. Сахнаға қалай дайындалу керектігін, рөлмен қалай жұмыс істеуді сол кісіден үйренетінбіз. Ол кісінің әлі де бергенінен берері көп еді. Құдайға шүкір, Құрмет орденінің иегері, Қазақстанның халық әртісі атағын алды. Қызылорда қаласында ол кісінің атында көше бар. Ендігі бір бұйымтай жетісулық басшылардан сұрайтынымыз, Серік Бариұлы Шотықовқа Талдықорған қаласынан бір көшенің аты берілсе, өзінің туып өскен Ақсу ауданында ол кісіні елеп, ескерсе», — деген өтініштерін айтады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарипа Төлепова: «Серік аға образды қалай сомдау керек, оның жан дүниесін қалай зерттеу керек екенін жетік меңгерген тұлға. Ол кісі әртістермен ерінбей, жалықпай жұмыс жасайтын. Адами қасиеті де өте жоғары кісі еді. Мен театрға келген жастардан үйренемін, олар менің ұстаздарым деп қуанатын. Әуелде мен мұны әзіл деп қабылдайтынмын. Кейін сөйлесе келе ол кісі айтады, «Менде актерлық білім жоқ қой, мен білім алып келген жастардан үйреніп жүрмін. Білмеймін деп айтуға намыстанбаймын. Білмегенімді қайта үйренгім келеді» , — деп көп ізденіп, көп оқитын. Кей кісілер болады ғой, көп оқиды бірақ алымы жоқ. Ал, Серік аға оқығанының бәрін өзінің зердесінен өткізетін. Соны өзіне өмірлік сабақ етіп алатын. Әйтпесе, қарапайым шопырлықтан халық әртісіне дейін көтерілу табиғи таланттың талпынысы емей немене. Ол кісіні бүкіл көрермен жақсы көретін. Халық Серік аға ойнайтын қойылымдарды арнайы сұрап, сол кісі үшін келдік деп айтатын.
Отбасында да қамқор әке, адал жар болды. Қапиза тәтеммен екеуі телефон арқылы әзілдесіп отыратын. Жұмыстан шығап бара жатқанда вахтада тұратын телефонмен соғып «Қапиза мен жұмыстан шықтым, қазір үйге барамын» дейтін. Ол кісі жайлы естелікті қысқа-нұсқа айтуға келмейді. Бірнеше күнге, бірнеше томға айналатын кітаптар жазуға болады. Ол кісімен ең алғаш 1983 жылы қаңтар айында осы театрға жұмысқа келіп орналасқаннан бері таныспын. Өте қарапайым, ақкөңіл, әзілқой адам еді. Әп дегеннен бізді жатырқамай, қамқорлық көрсетті. Ол кісімен бір сахнада әріптес болдық. Мен Кеңесбай Рахманның «Келін» деген спектаклінде келінді, ол кісі менің атамды ойнады. Дайындық жасап жатқан кезде неше түрлі нюанстар жасайтын. Біз ол кісіге қарап күлетінбіз. Кейін репетиция біткен соң «сен неге күлесің» дейді. Ойбай аға, өзіңіз ғой жаңа күлдірген десек, «сен не мен күлдірсем күле бересің бе? Оданда өз образыңды алып шықпайсың ба» дегеніне ренжіп қалатынбыз. Сөйтсем бізді қайрап, образға ену үшін жұмыс жасайды екен ғой, оны кейіннен білдік. Ол кісі «Бәйбіше-тоқал» спектаклін қойды. Сол кезде де актерлермен қалай жұмыс жасау керектігін көрсетті», — деп ағынан жарылған қызылордалық әртістердің Серік Бариұлын сағынышпен еске алуы, тума таланттың қадір-қасиетін айғақтап тұрған жоқ па? Серік Бариұлы театрдың алғашқы қарлығаштарының бірі болып, 1957 жылдан әртіс болып жұмыс істейді. Қарапайым шопырлықтан сахна сырына қанығып, өзіне жүктелген рөлдерді ойнай жүріп, шеберлігі шыңдалады. Өзінің 70 жылдық өмірінің 50 жылын Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ драма театрына арнаған сахна саңлағы 250-ден астам рөлдерді сомдаған. Солардың ішінде: Дулат, Нарша М.Әуезовтің «Қаракөз», Жантық, Қарабай Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Алдар Ш.Хұсейіновтің «Алдаркөсе», Жайнақ Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана», Понти Пилат Ш.Айтматовтың «Ақырзаман», Жанпида, Ш. Шекспирдің «Король Лир», Кэлин Абабий И.Друцэнің «Ең киелі қасиет», Майор И.Эркеннің «Сау басыма сақина», Добчинский, Д. Гогольдың «Ревизор», Құнанбай И.Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма», Хайдарбек Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек», Қария Т.Теменовтың «Алма бағы» және тағы басқа тұлғаларды сомдауда бар қажыр қайраты мен шеберлігін көрсеткен. Бір көрген адамға сахнаға кездейсоқ келгендей көрінуі бек мүмкін. Алайда, оның бойындағы табиғи таланты, өнерге деген құштарлығы, тағдырдың жазуымен театр ұжымында кішкентай қызметтен басталып, өнер әлеміндегі жарық жұлдыз болуына айналды. Арнайы театрлық білімді бес-алты жыл оқымай-ақ, Алланың бойына берген өнерін ұшқындата білу, білімді жастарды өзіне ұстаз тұтуы, олардан да сахнаның қыр-сырын үйреніп, өзі де үлгі бола білуі тек қана әртіс болып қана қоймай, спектакльдер қойып, өнердің жілігін шағып, майын ішкен кәсіби режиссерлармен иық тірестіруі хас шеберлік емей немене? Талантты актер режиссер таңдамайды десек те қайсы бір режиссердің тұсында оның жұлдызы жанатын кездері болады. Режиссер мен актер шығармашылық ізденіс жолында тіл табысып, небір қиын да күрделі бейнелерді бірге дайындап, сахналық табыстарға жетіп жатады. Серік үшін де режиссер Хұсейін Әмір-Темірмен бірге қызметтес болған жылдары ерекше жемісті уақыт болғанын театр әртістері айтады. Оның ең алғашқы спектаклі Қозы Көрпеш-Баян сұлуда Жантық рөлін бейнелеп, аяусыздық пен зұлымдықтың белгісіндей кейіпкерді шығарса, «Антта» Төле бидей кемеңгерді, «Король Лирде» патшаның бүкіл трагедиясын өз мойнына арқалаған сайқымазақты, «Сау басыма сақинада» фашизм ұғымының сұрқия символы болған майорды, «Зұлымдық пен махаббатта» өз мақсаты үшін адам атаулыны сатып кете беретін Вурмды, «Ең киелі қасиетте» жаны жайсаң, қарапайым ауыл философы Кэлин Абабийді, «Көктөбедегі кездесуде» жаны шырылдап шындыққа ұмтылған Мәмбетті және тағы басқа да үлкенді-кішілі бейнелерді сахналап, режиссер мен актердің бірлескен одағын құрғандай болды.
Режиссердің ойын дөп басып, оның межелеген жерін өзі ойлағаннан да бетер жеріне жеткізетін, қабілетті әртісі бар режиссер бақытты. Осындай игі нышанды қазіргі жас толқын өкілдерінен де бірсыпыра жастар қапысыз көрсетіп келеді.
1977 жылы В.Шекспирдің «Король Лирінде» Шутты жоғары деңгейдегі шеберлікпен ойнағаны үшін республикалық классикалық спектакльдер байқауында 1-ші дәрежелі дипломмен наградталды, ал И.Эркеннің «Сау басыма сақина» спектакліндегі майор бейнесін кемеліне келтіре ойнағаны үшін Бүкілодақтық байқаудың лауреаты атанды.
1976 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 2005 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Министрлер кеңесінің, Қызылорда облыстық атқару комитетінің, КСРО және Қазақстан Мәдениет Министрлігінің грамоталарымен марапатталған.
Актердің өскелең өнері оның режиссурамен де айналысуына мүмкіндік жасады. Ол қойған Қ.Сүйенішовтің «Кемпір шалдың кенжесі» комедиясын, Қ.Найманбаевтың «Анонимка», Д.Исабековтың «Тыныштық күзетшісі» спектакльдерін жұртшылық жылы қабылдады.
2001-2003 жылдары театрдың көркемдік жетекшісі қызметін атқарып, ұжымды өнер жолына ұйыстыра білді, біліктілік танытты. Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», О.Бодықовтың «Үйленгім келмейді», С.Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» спектакльдерін сәтті сахналады.
Осындай шығармашылық биік өнері өрісті табыстары ескеріліп, С.Шотықов 1980 жылы Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі, 1990 жылы Қазақстанның халық әртісі, Құрмет орденінің иегері атанды.
Қызылорда облысы Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ драма театр ұжымы 70 жыл ғұмыр сүріп, соның елу жылын сахнаға арнаған хас шебер, Қазақстанның халық әртісі, Құрмет орденінің иегері Серік Бариұлы Шотықовтың есімі Жетісу жерінде ескерусіз қалмаса дейді. Мақала басында Ілияс Жансүгіровтің тәмсілге айналған тәлімді сөзін біз бекерге қайталап отырғамыз жоқ. Өнерге өшпестей із қалдырған айтулы тұлғаны актердің туған өлкесі де, облыс әкімі Қанат Бозымбаев та қызылордалық әртістердің қолқа ұсыныстарын назарға алады деп үміттенеміз. Барды бағалай білу, жақсыны дәріптеп, есімін ел есінде мәңгі қалдыру тірілердің міндеті. Бұл пікірді Ақсу ауданының әкімдігі де ескерер деген үміттеміз.
Айтақын МҰХАМАДИ