«ШЫҢДАЛЫ» ШЕКАРА БӨЛІМШЕСІНІҢ АШЫЛУЫ

0
1056

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасының «Достық» шекара бөліміне қарасты «Шыңдалы» шекара бөлімшесінің жаңа кешенді ғимаратының ашылу салтанаты өтті.

Шарада ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Марат Нарбаев жеке құрамды Шекарашылар күнімен және жаңа блок модульді ғимаратқа көшулерімен шын жүректен құттықтады. Сонымен қатар, отставкадағы генерал-майор Хұсайын Берқалиев пен Алакөл ауданының орынбасары Мәулен Төлеужанов та әскери қызметшілерге жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Жетісу облысы әкімшілігінің қаржыландыруымен салынған шекара бөлімшесі заман талабына сай жабдықталған. Модульді шекара бөлімшесінің аумағында 40 адамға арналған казарма және барлық тұрмыстық жағдайы жасалған үш бөлмелі алты офицерлік үй тұрғызылған. Сонымен қатар, бір қазандықта екі от жағу қазандығы мен бір дизелдік орында екі дизелдік агрегатымен жабдықталған.
Салтанатты шара барысында департамент басшысы полковник Марат Нарбаев әскери ұжымға жаңа теледидарды сыйлыққа тартты. Сонымен қатар, «Жетісу» шекара бөлімшесі бастығының орынбасары лейтенант Рамазан Қадырхановқа кезекті «аға лейтенант» әскери атағы берілді, ал «Шыңдалы» шекара бөлімшесінің аспазы, мерзімді әскери қызметші, қатардағы жауынгер Наурызбек Таңатаровқа бағалы сыйлық табысталды.
Тұрмыстық жағдайы мен қызмет орны жақсы жабдықталған шекара сақшылары ендігі кезекте мемлекеттік шекараны күзету ісіндегі қарқынды қызметтерін жалғастыратын болады.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ