«ҚАН ОРТАЛЫҒЫНДА 200-ДЕЙ ДОНОР ЕСЕПТЕ ТҰР»

0
129

Медицина саласы түрлі реформаны бастан кешіп келеді. Заманауи технологияларды меңгеруде, адам денсаулығын жақсартуда, білікті-білімді дәрігерлер алыс-жақын мемлекеттерге барып тәжірибе алмасуда. Білімдерін ұштастарып, жаңа технологиялардың жалына жармасуда. Адам жанының арашашысына айналған, ажалмен бетпе-бет келетін де осы ақ халатты абзал жандар.

Ақпарат құралдарының назарына көп іліне  бермейтін, қалтарыста қалып қоя беретін медициналық мекеменің бірі – қан орталығы. «Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Облыстық қан орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына арнайы барып, мекеменің тыныс-тіршілігі-мен танысып қайттық.
Сонау, өткен дәуірдің 80-жылдарында қолданысқа берілген қан тапсыру орталығының кескін-келбеті менмұндалап тұр. Мекеменің іші-сырты тілмен жалағандай тап-таза. Ескі ғимарат демесең күтіп-баптаудың арқасында «сыры кетсе де сыны кетпеген қалыпта. Алайда, сыртқы қаптаулары күнге мүжіліп, жалпы ғимараттың өзі үлкен күрделі жөндеуді қажет етеді. Әсілі, қан орталығына су жаңа ғимарат салынуы уақыттың талабы екені айтпаса да түсінікті. Жетісу облысында жаңадан бой көтерген әрі күрделі жөндеуден өткен ауруханалар бар. Ал қан орталығы көлеңкеде қалып қойған. Бұл жер тек қана қан тапсыру орталығы емес, ғимараттың астыңғы қабаты төтенше жағдай болғанда тиісті шараларды жүзеге асыратын штаб орталығы болады деп арнайы салынған жертөле де бар. «Тазалық денсаулықтың кепілі» деген ұранға шақырып тұрғандай. Айтулы орталықты бүгінде бұған дейін облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарған хирург Марат Қанатұлы Досқалиев басқаруда. Медицинаның, оның ішінде балалар хирургия саласының хас шеберіне айналған Марат Досқалиевтің қолынан талай бүлдіршін сауығып шыққан-ды. Бала бойына жұққан кеселді, не төтенше жағдайға тап болған талай жас өренге ота жасап, тайдай тулап шауып кетуіне дәнекер болған Марат Қанатұлы ел алғысына бөленген жан. Отыз екі жыл дәрігерлік салада мінсіз қызмет атқарып келетін жоғарғы санатты дәрігер басқарып отырған орталық Жетісу облысының сегіз аудан, екі қаласындағы аруханаларды қанмен қамтамасыз етеді. Күн-түн деп уақытпен санаспайтын бұл мекеме қай ауруханадан сұраныс түссе соны мүлтіксіз орындауға міндеттелген. Одан бөлек қан тапсырушы (донорлармен) үзбей жұмыс жасайтын қан орталығында қанның барлық тобы (группасы) арнайы мұздатқыштарда сақталады. Орталыққа қан тапсырушылардың да өзіндік ережесі мен талабы бар. Қан тапсырарда медициналық сынақтардан өтеді. Әуелі мұқият тексеруден өткеннен кейін ғана барып донорлық санатқа жатқызылады. Бұл жайлы қан тапсыру орталығының директоры Марат Қанатұлының өзі айтып берді.
«Бізде ұдайы қан тапсырушы донорлар есепте тұрады. Біз олардың да жас ерекшеліктеріне қараймыз. Сол үшін ұдайы үгіт жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Неге десеңіз, донорлардың санын көбейту әрі жас донорлардың көп болғанын қалаймыз. Жыл өткен сайын ұдайы қан тапсырушы донорлар жастары да ұлғаяды. Адамның дене мүшесі де, ішкі құрылымдары да жас ерекшелігіне байланысты құбылысқа түседі. Егде жастағы донорлардың денсаулықтарында ешқандай ақау жоқ болғанымен қан құрамындағы өзгерістер бәрібір болады. Сондықтан да жас донорлардың көбірек болғаны дұрыс. Бүгінде қан орталығында шамамен 200-дей ұдайы қан тапсырушы донорлар есепте тұр. Ол донорлардың барлығы тексерілген, ешқандай аурумен ауырмағандар. Мәселен, кез келген алыс-жақын аудан, қаладағы ауруханадан қанның қай тобы (группасы) бойынша тапсырыс түссе, біз сұранысқа сай есепте тұрған донорды күн демей, түн демей шақырамыз. Қан тапсырушы дереу келеді, одан қан алынады. Қаннан «плазма» алынады, ол қан сақтау қоймасына тапсырылады. Ал қызыл қан жасушаларының массасы тапсырыс берген ауруханаға жөнелтіледі. Бұдан бөлек сүйек (кемігіне) донор деген де бар, оны да қарап жатырмыз. Кейде үлкен жол апатына ұшырағандар, жүкті әйелдер қан жоғалтса көбірек қан қажет болады. Біз барлық сұранысқа қарай ауруханаларға қажетті қанды жіберіп отырамыз. Дегенмен, донорлардың қатары артса нұр үстіне нұр болар еді дейді», – қан орталығының директоры М. Досқалиев.
«Кеңестік кезеңде қан тапсырушы донорларға алуан түрлі жеңілдіктер жасалатын, ақы төленетін. Қазіргі донорлардың әлеуметтік мәселесі қорғалған ба?» – деген сауалға орай Марат Қанатұлы: «Қазір біз 923 теңге тамақтың компенсациясын ғана береміз. Бірақ дүниежүзі бойынша «өтеусіз» (безвозмездный) донор деп айтады, біз қан тапсырушыларды соған үгіттеп жатырмыз. Неге десеңіз, донор мен ақша қатар жүрмеуі керек. Егер адам ақша үшін қан тапсырса ол қанның сапасы дұрыс болмайды. Айталық, ақша үшін қан тапсыратын донорлар ішімдік ішіп қойса немесе созылмалы ауруларын жасырса, не басқа жағдайда шақырту бойынша дереу қан тапсырса ол қан жарамсыз болады. Ондай қанды науқасқа құюға болмайды. Сондықтан адамның өзінде патриоттық сезім болуы тиіс, өз еркімен өзгенің өміріне, яғни қанға мұқтаж жанға көмектесемін деп тапсыруы керек. Сіз айтып отырған дәуірдің уақыты бүгінгі заманға сай келмейді. Уақыттың талабына орай біз де Қазақстан бойынша донорларды дүниежүзілік стандартқа сәйкес «өтеусіз» (безвозмездный) қан тапсыруға үгіттеп жүрміз. Қазір біздің жоспарымыз 85-86 пайызға жетті, соны біз 100 пайызға жеткізуге күш салудамыз. Медицина бағыты бойынша әр адам жылына екі рет қан тапсыруы керек. Адам қан тапсырған сайын бойындағы бүкіл қанның сапасы жақсарып, сүйектің кемігіне оң әсер беріп, жаңарып отырады. Біздің орталыққа донор боламын, мерзімді уақытта қан тапсырып тұрамын деген ерікті адам, жоғарыда айтқандай, міндетті түрде алдын ала тексеруден өтеді. Он сегіз жастан асқан, денсаулығында ешқандай кінәраты жоқ адам ғана қан тапсырушы бола алады. Қан өткізерде шындықтың бәрін айтуы керек, ішімдік ішпеуі керек, түнде майлы тамақ жеуге болмайды. Анализ тапсырғанда бәрібір шығып тұрады. Қан тапсыру деген ойыншық емес. Бұл жерде адамның өмірі сарапқа салынады. Қүнде таңертең орталық қоры қанша доза қалғанынан мәлімет беріп тұрады. Сол мәліметке қарап қандай топ (группа) керегі жөнінде жоспар құрамыз. Мысалы бүгінгі таңда 144 доза бар. Бірінші топ 40 доза, екінші топ 27 доза, үшінші топ 45 доза, төртінші топ 14 доза (төртінші топтық қанды көбейту керек)».
Осы арада біз директордың сөзін бөліп: «Қоймаларда барлық қанның құрамына қарай дозалар сақтаулы дейсіз. Ал ауруханаға түрлі себеппен түскен науқастардың туыстары, жора-жолдастары: «Қан тапсырыңдар», – деді деп қан тапсырып жатады ғой», – деген сауал қойдық.
«Иә, ондай үрдіс бар, ауруханаларда науқастарға қан керек болғанда туыс-тарына қан тапсыр дейді. Бірақ олар әртүрлі қан тобын тапсыра береді, ал біз болсақ сол науқасқа керек қан тобын береміз. Ал науқастың туыстарынан алынған қан топтамасын сәйкесінше бөлініп мұздатқышқа қойылады. Бұл науқасқа жіберілген қанның орнын толтыру үшін қажет. Бүгінгі таңда біздің қоймада төрт топқа бөлінген қанның барлық құрамы бар. Кез келген тапсырысты орындай аламыз», – дейді Марат Қанатұлы. «Ауруханалардың сұранысына сай қажетті қанды сақтау үшін қан орталығы қандай заманауи технологиялармен жабдықталды әрі түйіні тарқатылмай тұрған мәселе бар ма?» – деген сауалымызға орай Марат Досқалиев: «Біздің басты мәселеміз сол болып тұр. Неге десеңіз қазір бізде қоймада 7000-7500 доза плазма тұр. Мұздатқыштар да ескірген. Қан құрамы негізі мөлшерлі температурада 35-40 градуста тұруы керек. Құдай бетін әрі қылсын, төтенше жағдай болып, жарық ұзаққа өшіп қалса 7000 доза плазманы біз екі-үш сағаттың ішінде жоғалтып аламыз, плазма жарамсыз болып қалады. Біздің «басымызды ауыртып, балтырмызды сыздатып отырған өзекті мәселеміз де осы. Қазір 56 кВт-тық генератор ғана бар (жарық өшкенде қосылатын). Оның өзі 2008 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Оның шамасы жарық өшіп қалғанда бүкіл орталықтағы аппараттар мен плазмаларды сақтайтын мұздатқыш-тарға жетпейді. Бізге қажетті 150 кВт-тық генератор керек. Мұндағы аппараттар мен мұздатқыштар тек электр желісінің күшімен жұмыс істейді. Қауіпті жағдай бола қалса, жарық біресе өшіп, біресе жанғанда жарық жүйесіне қосылып тұрған аппараттар істен шығады. Оны қайтадан қалпына келтіру де оңай шаруа емес әрі жаңаланбаған ескі құрылғылар. Біз өз тарапымыздан дабыл қағып Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасына, қалалық мәслихатқа хат жібердік. 2-3 ай бұрын қала әкімі Ернат Бәзіл «Бір акция» жобасы бойынша осында келіп қан тапсырғанда ол кісіге айттық. Шешеміз, демеуші іздейміз деген. Ақырғы мәслихат қыркүйекте болды, соған де жібердік, көмектесеміз деп айтты. 150 кВт-тық генератордың құны да аса қымбат емес, 5-6 миллион теңге көлемінде. Осы құрылғы алынса, жарық өшіп қалған жағдайда 2-3 сағатқа 150 кВт-тық генератор шыдас береді», – деп ағынан жарылды.
Расында, 5-6 миллион деген көп ақша да емес, демеуші қарастырып жіберуге де болар еді. Өйткені қан орталығына сұраныс әрдайым болады. Марат Досқалиев қан орталығының аппараттары өте қымбат тұратынын да тілге тиек етті. Оған үлкен сомадағы қаражат қажет екен. Қан орталығы облыстық денсаулық сақтау басқармасына тапсырыс бере алатынын, ал олар денсаулық сақтау министрлігіне сұраныс жасайтынын да айтты.
«Қан орталығындағы мұздатқыштар 2009 жылдан бері жұмыс істеуде. Екі-үш айда істен шыққанда арнайы мұздатқыш жасайтын мамандарды шақырып, жамап-жасқап іске қосып жүрміз», – деген орталық директоры әр донордан 450 миллиграмм қан алынып, одан бөлініп алынған 250 миллиграмм қызыл қанды ауруханаға жөнелтіп, плазмасының мұздатқышта төрт ай сақталатынын да тілге тиек етті. Бұл уақытта осы қан тапсырған адам (донор) ауру немесе басқа дүниелері белгілі болса, төрт ай бұрынғы тапсырған қанның плазмасы есептен шығарылады екен. Ал зертханалық нәтижесі дұрыс болса, плазманы ауруханаға жібереді.
«Біз көбіне әскери қызметкерлермен, яғни сарбаздармен жұмыс жасаймыз. Мұнда да үлкен мәселе бар. Мысалы, бір жылға әскери міндетін өтеуге келген сарбаз мерзімді уақыты өткен соң үйлеріне қайтып кетеді. Не болмаса мекенжайын ауыстырады. Біз ол адамды таба алмай қаламыз. Міне, осындай себептермен мұздатқыштағы плазма тексерусіз қалады. Бұл да бізге үлкен мәселе туындатып отыр. Осы күрделі мәселені шешу мақсатында түрлі акциялар аясында қызметкерлерімізді басқа департамент қызметкерлеріне жіберіп, олардың жұмыс орнынан қан алу жүйесіне көшіп жатырмыз. Кеңестік кезеңде екі-үш жыл сақталып қалған «плазмадан» Алматыда «Альбунин» деген дәрі жасайтын. Күйікке және басқа ауруларға арналған өте жақсы дәрі. Бірақ қазір ол кәсіптік орын жоқ. Міне, ұзақ мерзімде сақталып қалған плазманы бұрын өңдеп, дәрі жасайтын болсақ, қазір пайдаға аспай қоймада сақтаулы тұр. Мәселен, бізде 7000-7500 доза болса, Қазақстанның өзге өңірлерінде 10000-20000 дозаға дейін сақталады. Енді оны есептен шығарып тастай алмаймыз. Себебі ол стратегиялық қордың санатында. Өткенде ғана Қазақстанның қан қызметіне 90 жыл толуына орай Халықаралық конференция болды. Соған барып келдік, осы мәселені көтердік. Мемлекеттік деңгейде қаралып жатыр, мүмкін жаңа зауыт салына ма, болмаса өңдеуге Ресей, Қырғызстан елдеріне жібереді ме әзірге ол жағы белгісіз. Көп сақталған плазмаларды өңдеп дәрі жасау тек Қырғызстан мен Ресейде ғана бар болып шықты», – дейді ол.
Қан орталығының директоры Марат Қанатұлы өз сөзінде қолда бар қаражат пен кішігірім жөндеу жұмыстарын өздері жүргізіп жатқандарын да айтты. Сондай-ақ, қан орталығы арнайы тізімдегі нысан екенін де жасырмады.
«Қан орталығы – стратегиялық қор ғой. Төтенше жағдай бола қалса ғимарат астында алты метрлік жертөле бар. Ол арнайы штаб болады. 14-15 күн сол жертөледе арнайы жұмыс жасауға бағытталған. Қазір бұл дүниелердің бәрі ескірген, тозығы жеткен. Стратегиялық нысанға жарамайды. Бұл жайында да біз Төтенше жағдайлар мекемесіне айтып, тиісті хат жолдағанбыз. Мүмкін нысанды басқа жерден сала ма, жоқ осында күрделі жөндеу жүргізе ме ол жағы бізге беймәлім. Бүгінгі таңда бұл нысанды төтенше жағдай жаттығуларына пайдаланып жүрген жоқ. Төтеншеліктер өздері келіп көрді, акт жасады, енді шешім шығару керек. Мүмкін осы нысанды қайтадан қалыпқа келтіреді, болмаса төтенше жағдайдағы штабқа басқа ғимарат салып берер. Бірақ қазірге штаб осы жерге бекітіліп тұр», – дейді Марат Қанатұлы.
Адам денсаулығы үшін медицина саласына қыруар қаржы бөлініп жатыр деп ақпарат құралдары жаһанға жар салып жүрсек, көлеңкеде қалып қойған қан тапсыру орталығын көріп, көңіліміз жабырқады. Әрі арнайы тізімде тұрған стратегиялық нысанның хәлі мұншалықты мүшкіл деп ойламаппыз. Сонау 1980 жылдан бергі пайдалануға берілген ескі ғимараттың көліктері де ескірген 2006 жылғы автокөліктер екен. Ғимаратқа күрделі жөндеуге әрі ішіндегі құрылғыларды жаңартуға қан тапсыру орталығы тарапынан сұраныс тиісті мекемелерге жолданған. Стратегиялық нысан болғандықтан бұл мекемеге ерекше көңіл бөлінуі тиіс. «Ескіні жамап кисең әй-әй» болады дегендей, ғимараттың іші-сыртын өз қаражатарымен сылап-сипап, тозығы жеткен құрылғылармен ілдалдалап күн көріп келе жатқан Талдықорған қаласындағы қан тапсыру орталығында 74 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 14 дәрігер, 27 медбике, 11 тазалықшы және 22 жұмысшы. Республика бойынша Талдықорғандағы қан тапсыру орталығы өте жақсы көрсеткіштер көрсеткен.
Балаларда 75%, жасөспірімдерде 65%, ересектерде 60%, қарттарда 55%, толық адамдарда 40 пайыз су болса, денедегі 4-5 литр қанның 60 пайызы айналымда, ал 40 пайызы бауыр мен көкбауырда сақталады екен. Сондықтан жылына бір-екі рет әр адам қан тапсырып тұрғаны жөн екен.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ