ТОЗҒАН ДҮНИЕНІ ЖАҢАЛАМАЙ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТПЕЙМІЗ

0
369

Әлі күнге дейін жамап-жасқаудан көз ашпай келетін – су, газ, электр желісі мен кәріз жүйелерінің құбырлары көп-ақ. Тәуелсіздік алғалы 33 жыл болса да осы айтылған салалардың ер-тұрманы әлі түгелденбей келеді. Мәселен, Жетісу өңірінде сумен жабдықтаудың 34%-ы, кәріз желісінің 58,1%-ы, газ құбырлары мен электр желілерінің  87,2%-ы, жылу желілерінің 50%-ының әбден тозығы жеткен.

Өзге өңірлерді айтпағанның өзінде Кербұлақ, Көксу аудандары мен Талдықорған қаласының құрылғанына 80 жыл толды. Осы сексен жылдың ішінде кейбір құбыр желілері әлі толық жаңартылмаған. Жаңадан жабдықтау былай тұрсын, күрделі жөндеу жұмыстарын да көрмеген желі жүйелері бар екен. Қазан айы бітуге таяу, қара суығын бүркеп, қараша келді. Талдықорған қаласында құбырларды ауыстыруға байланысты кейбір көше әлі толық ашылған жоқ. Қазір қала әкімдігі жан таласып, құбыр төселіп ойдым-ойдым болып қалған көшелерді біртіндеп ашып жатыр.
Тіпті бір рет қазып құбыр ауыстырылған орталық көшелер араға бір-екі жыл салмай қайтадан қазылып, құбыр төселіп жатады. Ел-жұрттың: «Қаланың орталық көшелерін жиі қаза береді, мұнда қандай қазына бар» деп мысқылдайтыны бар. Жетісу облысы Алматы облысының құрамында тұрғанда облыс орталығы Талдықорғанға 2001 жылдан бастап көшіп келе бастады. Сол кезеңдердегі облысты басқарған экс әкім Шалбай Құлмахановтан бастап келген әкімдердің барлығы қаланың орталық көшелеріне басымдық беріп, құбырларды жаңартумен келеді. Жөн-ақ, алайда тұрғындардың мысқылдайтындайы да бар. Күні бүгінге дейін осы аралық көшенің құбыр желісі не жамалып, не бүтінделіп жаңарып болмады. Қаланың 3841 км сумен жабдықтау желілерінің 34%-ы, 620 км кәріз желісі 58,1%-ы, 2089 км газ құбырлары және 13,5 мың км электр желілерінің 87,2%-ы ескіріпті, яғни тозығы жеткен. «Жыртықты жамап кигендей» әлі күнге дейін кейбірі істен шығуға жақын құбыр желілері бар.
Жалпы, Жетісу облысында 24 негізгі жылу энергиясы көздері бар, жылу желілерінің жалпы ұзындығы 390 км құрайды. Мұның да жарым-жартысы тозған. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаевтың сөзінше, биыл 15 бюджеттік бағдарлама бойынша жобаларды іске асыруға басқармаға 47,3 млрд. теңге мөлшерінде бюджет қаражаты бөлініпті. Оның ішінде ұлттық қордан – 12,5 млрд. теңге, РБ – 4,3 млрд. теңге, ЖБ-30,5 млрд. теңге қарастырылған. Бүгінге дейін 21,8 млрд. теңге игерілген.
«Сумен жабдықтауда 325 елді мекен орталықтандырылған сумен, 26 ауыл орталықсыздандырылған сумен, 7 ауыл импорттық сумен қамтамасыз етілді. Былтыр сумен жабдықтау желілерін салу және қайта жаңарту бойынша 25 жобаны іске асыруға 6,4 млрд. теңге бөлінді. Орталықтандырылған сумен жабдықтау 2 ауылды қамтамасыз етіп, 9 елді мекенде 112 км сумен жабдықтау желілері қайта жөнделді», – дейді ол.
Биылғы жылға өңірді толық сумен қамту үшін 22 жоба іске асырылуда, оның 13-і былтырдан бері жалғасуда. Осы ретте сумен жабдықтау жүйелерін салуға және реконструкциялауға 7,3 млрд. теңге бөлінген. Бүгінге дейін орындалған жұмыстардың жалпы көлемі 50 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін 22 жобаның 19-ын аяқтау жоспарлануда. Аталған жобалар бойынша полиэтилен құбырлардан сумен жабдықтау желілерін толық ауыстыруды және салуды, сондай-ақ жаңа ұңғымаларды бұрғылауды және жаңа су тартуларды салу көзделген.
«Жыл соңына дейін жоғарыда аталған жобаларды уақытылы және сапалы іске асыру нәтижесінде 402,9 км желі салынады, облыстың 17 елді мекенінде ауыз су сапасы жақсарады, 47 077 адам қамтамасыз етіледі. Орталықтандырылған сумен жабдықтауға тағы 2 ауыл қосылады. Атап айтсақ, Алакөл ауданының Тоқжайлау ауылы, Бибақан ауылы (халқы 2434 адам, 327 елді мекен немесе 91,3%) орталықтандырылған суға қол жеткізеді», – деген облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.
Мұнда да ұрлық-қарлық мемлекет мүлкіне деген көз алартушылық және немқұрайлықтың көрініс табады. Мәселен, ауыл халқы су желілері жүргізілген жер құбырларын қоқысқа толтырып тастаса, көп елді мекенде құбыр қақпағын темір қабылдайтын орындарға сатып жібергені анықталған. Екінші мәселе, аудандық жылумен жабдықтау жүйесіндегі негізгі жылу көздері болып тұр. Текелі қаласының жылу электр станциясы және 5459 абонентті орталықтандырылған жылумен жабдықтауды қамтамасыз ететін 23 қазандық бар. Олардың жалпы ұзындығы 400 километрді құрайды. Міне, соның 200 жуық километрі тозған. Жамап-жасқаумен тозған дүние бүтінделмейді. Бұған осы салада талай жылдан бері еңбек еткен инженер Арыстанбек Толманов жылу желілерін қайта жасақтамай болмайтынын айтуда.
«Біз кеңес өкіметінен қалған қазандықтарды әлі де пайдаланып отырмыз. Олардың күші жақсы болғанымен қазіргі жылу желілерінің жарылуына себеп болуда. Қазір көбі пластикалық жұқа құбырларды пайдаланады. Оның қуаты көпке шыдайды. Оның үстіне халық саны жылдан жылға көбейіп барады. Бір Талдықорғанның өзінде соңғы 4-5 жылда бірнеше ықшам аудан бой көтерді. Қанша зәулім үйлер ірге қалады. Соның бәріне жаңа қазандық салу керек. Қыста мамандар қазандықты барынша жағады. Сондай сәтте тозығы жеткен құбырлар жарылады. Оның күш қуаты бірнеше нысанды жылытуға жетпейді», – дейді А. Толманов.


Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бас-қармасының басшысы Айдос Бекетаев: «Алдағы жылыту маусымына тиімді өткізуге бюджеттен 10,9 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде жылумен жабдықтау нысандарын жөндеуге – 3,9 млрд. теңге, отын сатып алуға – 7 млрд. теңге қарастырылған. Кәсіпорындардың жеке қаражаты – 359,2 млн. теңге. Жылыту маусымының басына қарай (15 қазанға дейін) 2 турбина жөнделеді. Нақтылай кетсек, кенді шаһарда күрделі жөндеуден және ағымдағы жөндеуден өтеді. Бүгінде жұмыс 75% аяқталған. 40 қазандық дайын. 13,5 км жылумен жабдықтау желілері жөнделуде. 2024 жылы 4 жылумен жабдықтау жобасын іске асыруға бюджеттен 3,9 млрд. теңге бөлінді. Талдықорған қаласында Дарабоз ана, Абай, Гаухар ана, Балпық би көшелеріндегі 1,8 км жылу желілерін қайта жаңартылды. Былтыр Абай көшесінде ұзындығы 600 метр болатын жұмыстар атқарылған болатын. Биыл Қабанбай батыр көшесіндегі 700 метрлік желінің қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта қалған 500 м. Балпық би көшесінде жұмыстар жүргізілуде. Жобаны іске асыруға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлінді».
Басқара басшысының айтуынша аталған жобаны іске асыру нәтижесінде қаланың орталық бөлігі мен шағын аудан объектілері пайда болған.
«Қаратал 42,5 Гкал/сағ қуат-тылығы бар №2 орталық қазандыққа қайта қосылады. Бұл өз кезегінде Басқуат қазандығына түсетін жүктемені (10-15 Гкал/сағ-қа) едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Алажаздай облыс орталығында бірнеше көше жабылып, жылыту желілерін жасау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде жұмыстардың басым бөлігі аяқталды. Төлебаев көшесі мен Алдабергенов көшесінен Жансүгіров көшесіне дейін, жалпы ұзындығы 1,1 км жылу желісі жасалды. Қажетті материалдарды сатып алуға облыстық бюджеттен 300 млн. теңге бөлінген. Одан бөлек, Үшарал қаласындағы қуаты 30 Гкал/сағ жаңа қазандықта құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда 3 қазандық орнатылды, ғимараттың қаңқасын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. 70% жұмыс аяқталды. Сондай-ақ, Үштөбеде қуаты 12 Гкал/сағ (3 Гкал/сағ 4 қазандық) блок-модульді газбен жұмыс істейтін қазандықты іске қосылады. 2021 жылдан бастап 17 шақырымды қайта жаңарту жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, Текелі қаласының «Алатауы» АҚ жалпы сомасы 3,4 млрд. теңгені құрайтын, 2024 жылға дейін 1,6 млрд. теңгесі игерілді, нәтижесінде 7 км желі қайта жөнделді. Биыл 1,8 млрд. теңге бөлінді, қалған 6 км желіні қайта жаңарту жоспарланған. Одан бөлек «Инвестициялардың орнына тариф» бағдарламасы аясында «Талдықорғантеплосервис» МКК 5,3 км жылумен жабдықтау желілеріне (34 учаске) жөндеу жұмыстарын жүргізуде. 3 қазандықты қайта жаңарту қажет. Қаблиса жырау көшесі бойынша – 762 м, Біржан сал көшесі – 640 м, Спатаев көшесі – 440 м желілердің 81%-ға аяқталды», – дейді А. Бекетаев.
Бұдан бөлек жеке инвестициялар есебінен 2024 жылға Текелі қаласында қуаты 21 МВт жаңа құрама циклді зауыттың бірінші кезеңін қорытындылау жоспарланған. Бүгінгі таңда жабдық ішінара жеткізілді, газ турбиналы агрегат орнатылды, ашық коммутатор салу жұмыстары аяқталу сатысында және құрылыс қаңқасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал енді ескірген электр бағандарына қатысты облыста барлығы 13,7 мың км тарату желісі және 2,6 мың қосалқы станция бар. Электр желілері мен негізгі жабдықтардың 90 пайыздан астамы «ТАТЕК» АҚ өңірлік электржелілік компаниясына жеке меншікте. «ТАТЕК» АҚ электр желілері мен жабдықтарының тозуы 87,2 пайызды құрайды деген басқарма басшысы Айдос Бекетаев электр желілерін өзгерту оңай еместігін, мұны да қазірден бастап біртіндеп жүзеге асырмаса түбі үлкен шығынға әкелетінін айтады.
«Өңірде станциялардың жаңасы жоқ. Әрине басқарма әртүрлі ақпараттар таратқанымен қалған іске жарамды тоқтардың түбі тозатыны белгілі. Меніңше олар да 3-4 жылда істен шығады. Бұл тек қана Жетісудың проблемасы емес бүкіл өңірде осындай ахуал. Енді оның тілін нақты білетін мамандар жоқ. Халық саны көбейген сайын жарыққа сұраныс артады. Ал біздің энергия қуатымыз жылдан жылға сарқылып барады. Электр бағандары да тозып кеткен», – дейді ардагер электрик Аманжол Тынымбаев.


Осы өзекті мәселенің алдын алу үшін «Инвестициялардың орнына тариф» бағдарламасы аясында электр желілерінің тозу дәрежесін төмендету бойынша «ТАТЕК» АҚ 2029 жылға дейінгі инвестициялық бағдарламасының көлемін ұлғайту бойынша шаралар қабылданған. Жалпы «Инвестициялардың орнына тариф» бағдарламасы аясында 2023-2029 жылдар аралығында инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 11,8 млрд. теңгені құрайды. Осылайша жеті жыл ішінде желілер мен жабдықтардың 12%-ын жаңарту жоспарланған. Амортизация деңгейiнiң төмендеуi 15%-ға жектен. Инвестициялық жоба есебінен 80,4 км электр беру желілерін жаңғырту бойынша 11 жоба және 1,6 млрд. теңге сомасына 4 қосалқы станция бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін амортизацияны 2,4%-ға төмендету жоспарланып отыр.
«Бүгінгі таңда 116 жоба аяқталды. 2023 жылы 1 млрд. теңгеден астам сомаға электр желілері мен жабдықтарын жаңғырту бойынша 8 жоба жүзеге асырылды. 47,8 км жоғары вольтты электр беру желілері мен 3 қосалқы станция қайта жөнделді. Жөндеу жұмыстары Қаратал, Кербұлақ аудандары мен Текелі, Талдықорған қалаларының тозған нысандарын қамтыды. Ағымдағы жылы 5 жобаны жүзеге асыруға 1 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде 90 км электр беру желілері салынады және қайта жаңартылады. Алакөл ауданының елді мекендері мен курорттық аймақтарындағы электр желілері мен қосалқы станцияларды шамадан тыс жүктеу мәселесін шешу мақсатында, 1-кезең жобаны түзетуді аяқтап, ұзындығы 56,7 км болатын 110 кВ электр беру желісі бар жаңа Ақши қосалқы станциясын салуға оң сараптамалық қорытынды алдық. Қазақстан Рес-публикасы Энергетика министрлігіне бюджеттік сұрау салу жібе-рілді», – дейді басқарма басшысы А. Бекетаев.
2015 жылдан бастау алған көгілдір отынға газ құбырына қатысты «2030 жылға дейінгі перспективасы бар. Жетісу облысын кешенді газдандыру» өңірлік схемасы бойынша облыс бойынша 358 елді мекеннің 192-і газдандыруға жатады. Бүгінде облысты газдандыру деңгейі 47,6% құрайды. 37 елді мекен газдандырылды, 333,5 мың адам газға қол жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біздің алдымызда 2025 жылдың соңына дейін табиғи газбен қамтамасыз ету міндеті тұр. 126 елді мекеннің 1 кезеңі, яки 101 ауыл – Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейін және Панфилов ауданының 25 ауыл көгілдір отынға кеңелмек. Ал Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 66-шы елді мекендерінің 2-кезегі 642 мыңнан астам тұрғынды қамтыды. Өкінішке қарай 2022 жылға дейін тек 5 ауыл ғана газдандырылды. Олар Көксу ауданының Балпық би ауылы, Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылы, Панфилов ауданының Жаркент қаласы, Еңбек ауылы және Талдықорған қаласы бар. Былтыр 17, биыл 11 ауыл газдандырылды. Жыл аяғына дейін тағы 30-ға жуық елді мекен газға қосылады. Нәтижесінде 363,4 мың адам газға қол жеткізе деп күтілуде. Көксуда – 14, Қараталда – 2, Ескелдіде – 9, Талдықорған қаласында – 1 ауыл газға қол жеткізеді. Жалпы ұзындығы 339 км газ тарату желісі салынады. Осы мақсаттарға ағымдағы жылы бюджеттен 12,0 млрд. теңге бөлінді. «Самұрық-Қазына» АҚ дивидендтері есебінен құрылыс-монтаж жұмыстарын уақытылы аяқтауға 10,4 млрд. теңге қарастырды. 22 жобаны аяқтауға – 5,6 млрд. теңге жұмсалады. 21 жоба бойынша жұмысты бастауға – 4,8 млрд. теңге, құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау үшін 10,7 млрд. теңге қажет. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың қыркүйегінде 24 елді мекенде газбен жабдықтау желілерінің құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда құны 131,7 млрд. теңге болатын Талдықорған-Үшарал магистральді газ құбырының құрылысы басталды. Жобада ұзындығы 302,0 км магистральдік газ құбырын салу, 6 АГТС орнату көзделген. Бұл 124 мың халқы бар тағы 66 елді мекеннің газға қосылуын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жоба үстіміздегі жылдың тамыз айында басталды. Талдықорған-Үшарал газ құбырының құрылысын аяқтау 2026 жылдың соңына жоспарланған.
Иә, қаланың да, даланың да басты мәселесі – электр, су, кәріз жүйелері толықтай жаңармаса, тозған дүниені жамап-құрағаннан өркендеп кетпейміз. Әсіресе, қыстың көзі қырауда, тозған құбырлар жарылса, бұқара халықтың да, биліктің де мазасы қашады. Сондықтан кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар аясындағы электр, су, газ, кәріз жүйелері басты мәселе болып тұр.

Айтақын МҰХАМАДИ
Суреттер ғаламтордан
алдынды.


ПІКІР ЖАЗУ