АНАДАН ДАРЫҒАН КӘСІП

Тәтті тағамға деген сүйіспеншілік әр үйде анадан басталады. Ананың мейірімімен пісірілген әр тағамда тек дәм ғана емес, жылылық пен махаббат бар. Ананың осындай тәлімін көріп, кәсібін бастаған Айгүл Мұратқызы Жандарбекова бүгінде табысты кәсіпкер, шебер кондитер, әрі бес баланың ардақты анасы. Ол өзінің сүйікті ісін өмірлік кәсібіне айналдырып қана қоймай, отбасы мүшелерін де осы жолға бағыттап, ерекше еңбекқорлығымен көпшілікке үлгі болуда.
Айгүл Мұратқызы Жандарбекова 1981 жылы Кербұлақ облысы, Гвардия ауданында дүниеге келген. Ол кішкентайынан анасы Бижамалдан дәмді тағам дайындауды үйреніп, ас әзірлеуге ерекше қызығушылық танытқан. Әрбір тоқаш пен бауырсақтың хош иісі балалық шағының ең жылы естеліктерінің бірі болып қалған. Анасы қызын ас дайындаудың қыр-сырына ғана емес, тағамға деген ықыласқа да баулыды. Отбасы құрғаннан кейін де бұл үйренген дағдылары оның өмірінде маңызды рөл атқарды. Үй шаруасын дөңгелетіп, бес баланы тәрбиелей жүріп, ас үйдегі шеберлігін одан әрі шыңдады. Қайнаған қазан мен иленген қамыр арасында жүріп, ол өз ісінің нағыз маманына айналды.
Айгүл Мұратқызы заңгер мамандығын, кейін балабақша тәрбиешісі мамандығын игергенімен, бұл салада ұзақ жұмыс істемеді. Тәрбиеші болып небәрі бес жыл еңбек етіп, кейін бұл мамандықты тастаған. 2013 жылы енесінің ұсынысымен «Фатима» дүкенінің жанынан шағын кондитерлік цех ашты. Осылайша, бала күннен қалыптасқан қызығушылығы кәсіпке айналды. Цех алғашқы кезде шағын болғанымен, уақыт өте келе тұтынушылардың саны көбейіп, кәсіпкер өз ісін ақырындап кеңейтіп отыр. Мұнда әртүрлі дәмді тоқаштар, бауырсақтар, бәліштер, торттар дайындала бастады. Бүгінде бұл кәсіптің негізі қаланғанына 10 жылдан астам уақыт өтті. Айгүл Мұратқызы анасының тағам әзірлеу әдістерін бойына сіңіргенімен, кәсібін дамыту үшін әрдайым ізденісте жүреді. Ол Алматы, Шымкент, Талдықорған қалаларында өткізілетін аспаздық шеберлік сабақтарына қатысып, білімін жетілдіріп келді.
– «Сабақтардың құны 500 000 теңгеге дейін жетеді. Алайда сапалы, әдемі әрі денсаулыққа зиянсыз өнім ұсыну үшін үнемі даму керек. Бұл — тәуекелді қажет ететін кәсіп», — дейді ол. Соның арқасында кондитерлік цехтың барлық өнімдері сапалы әрі табиғи таза өнімдерден жасалады. Тұтынушылардың оң бағасына ие болуының басты себебі де осы.
Айгүл Мұратқызының айтуынша, сырт көзге кондитерлік кәсіп оңай көрінуі мүмкін. Алайда тойға арналған торттарды ерекше сәндеп, әдемі жазулар жазу, олардың әрбір деталіне мән беру үлкен еңбекті талап етеді. «Той қонақтарына қуаныш сыйлау үшін өнімдерімізді жоғары көңіл-күймен, ықыласпен әзірлеу керек. Егер өз ісіңе махаббатпен кіріспесең, нәтиже де соған сай болмайды», — дейді кәсіпкер. Айгүл Мұратқызы тек кәсіпті жүргізіп қана қоймай, отбасы мүшелерін де осы жолға бағыттап келеді. Оның ұлы Өмірсерік колледжде кондитер-аспаз мамандығын оқып, 3-топ мүгедектігіне байланысты мемлекеттен 5 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алды. Бұл қаражат кәсібін одан әрі дамытуға үлкен мүмкіндік берді. Ұлына кәсіптің қыр-сырын меңгеруде анасы өзі көмектесіп жүр. Қыздары да анасына қолдау көрсетіп, өнімдерді безендіру, жарнамалау сияқты жұмыстарға атсалысуда.
– «Цехымыз шағын, бар-жоғы 3-4 адам жұмыс істейміз. Белгілі жұмыс уақыты жоқ, кейде тапсырыстарды түні бойы әзірлейміз. Тұрақты тұтынушыларымыз ыстық тағамдарға да жиі тапсырыс береді. Кейбіреулері такси арқылы Алматыға алдырады. Манты, пельмен, лағман, котлет, қуырдақ, сірне – барлығын дәмді етіп шикілей де, пісіріп те жіберіп отырамыз», – дейді кәсіпкер.Осылайша, Айгүл Мұратқызының кәсібі отбасылық кәсіпке айналып, оның әрбір мүшесі бірлесе еңбек етуде.
Айгүл Мұратқызының армандары үлкен. Ол алдағы уақытта кондитерлік цехын кеңейтіп, той пісірмелеріне арнайы безендіру элементтерін қосу, сондай-ақ аспаздық бойынша мастер-класстар өткізу жоспарын қолға алуда. Қазіргі таңда ол өз туыстары мен балаларына бар білгенін үйретіп келеді.Айгүл Мұратқызы Жандарбекова – тек кәсібін дөңгелеткен табысты кәсіпкер ғана емес, бес баланы тәрбиелеп отырған қамқор ана. Оның еңбексүйгіштігі мен талпынысы көптеген әйелдерге үлгі боларлықтай. Ол өзінің сүйікті ісіне адалдық танытып, ізденістің арқасында сапалы өнімдер ұсынуда. Әйел адамның нәзіктігі мен мықтылығы қатар жүретініне дәлел болған Айгүл Мұратқызы кәсіпкерлік жолында өз мақсатына жетуге талпынуда. Ол тек өз отбасын ғана емес, айналасындағы адамдарды да дәмді тағамдарымен қуанта білетін нағыз шебер.
Сізді 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймыз! Сізге зор денсаулық, бақ-береке, кәсібіңіз бен еңбегіңізде толағай табыс тілейміз. Әр күніңіз қуаныш пен шаттыққа толы болсын!
Зарина БЫЖЫБЕК