БАҚТЫБАЙ БАБА РУХЫН ЖАҢҒЫРТҚАН ЖЫР АЛАМАНЫ

0
32

Жетісу өлкесінде аты аталғанда ел іші елең ететін, өнер сүйер қауым ерекше құрметпен еске алатын тұлғАЛАР КӨП-АҚ. сОНЫҢ БІРІ ХАЛЫҚ АУЗЫНДА «жыр дүлдүлі, от тілді, орақ ауызды» АТАЛЫП ЖҮРГЕН – Бақтыбай Жолбарысұлы. «дауысын таудың жаңғырығындай күмбірлеткен ақын», «айтқанда арқаны қоздыратын жырау» деп сипатталатын БАБАНЫҢ өнері уақыт өтсе де тозбай, бүгінге жеткен асыл мұралардың бірі саналады.

Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Бақтыбай бабаның суырыпсалмалық қабілеті ерекше болған. Біреу айтысқа шақыра қалса, еш дайындықсыз домбырасын қолына алып, қарсыласының мысын басып, төкпелеп сөз бастаған деседі. Ал батырлар жайындағы ерлік жырларын толғағанда, тыңдаған жұрттың бойына бірден жігер құйылып, рухы асқақтап сала беретін көрінеді. Осындай өнер иесінің мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бүгінгі буынға да өнеге болып келеді.
Биыл ел мұрасын қастерлейтін жұрт көптен күткен үлкен мерейтой – қазақтың айтыс өнерінің тарланы, Жетісудың жыр жампозы Бақтыбай Жолбарысұлының туғанына 190 жыл толды. Бұл айтулы күн Жетісу халқы үшін жай жыл санауы емес, рухани жаңғыруға, өткенге тағзым. 14 қараша таңғы салқынмен Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының алдына белгілі айтыскерлер, ақын-жыршылар, қоғам қайраткерлері мен әр өңірдің зиялы қауымы жиналып, бас қосты. Сондағы нақты мақсат – Бақтыбай Жолбарысұлының рухына құрмет білдіру болды.
Жиналған қауым Бақтыбай бабаның мәңгілік мекені – Өтенайда орналасқан зират басына барып, құран бағыштады. Ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бабаның рухына тағзым етті. Бұл рәсім – тек бір тұлғаны еске алу емес, тұтас Жетісудың мәдени жадын жаңғырту, өткенге құрмет білдірудің айқын көрінісі болды.
Тағзымнан кейін мерейтойлық шараның негізгі бөлігі Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында жалғасын тапты. Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған «Дүбірлі туған дүлдүлім» атты салтанатты ғылыми-конференция елдің рухани өміріндегі айтулы оқиғаға айналды. Залда жиналған жұртшылық: ғалымдар, әдебиет өкілдері, айтыскерлер, студенттер – барлығы Бақтыбай Жолбарысұлының шығармашылық болмысын тереңірек тануға мүмкіндік алды.
Шара барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, белгілі ғалым Анарбай Бұлдыбайдың «Жетісудың жыр дүлдүлі – Бақтыбай Жолбарысұлы» атты жаңа еңбегінің тұсауы кесілді. Зиялы қауым бұл кітаптың – ақынның өмірі мен мұрасын ғылыми тұрғыда зерделеген құнды зерттеу екенін көпшілікке түсіндірді.
Конференцияда сөз алған ғалымдар мен ақын-жазушылар ақынның әдебиеттегі, айтыстағы орнын жан-жақты ашып көрсетті. Атап айтқанда, профессор Анарбай Бұлдыбай, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Жетісу облысының Бас ақыны Айтақын Бұлғақов секілді танымал тұлғалар Бақтыбай жырларының көркемдік қуатын, оның сөз өнеріндегі дарақылығын, халық арасындағы ықпалын кеңінен талдады.
Бүкіл конференцияның рухын үйлестіріп отырған модератор – Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Сүлейменов Қуаныш Сұлтанұлы. Оның жүргізуіндегі басқосу мазмұнды да тартымды өтті.
Бақтыбай Жолбарысұлына арналған құрмет мұнымен аяқталмайды. Қасиетті жұма күні баба рухына тағзым етіліп, оның өмірі ғылыми нақышта сараланған болса, 15 қараша күні кең ауқымдағы өнер додасы — «Дүбірлі туған дүлдүлім» атты ақындар айтысы өтті.

Ұлттық өнердің биік шыңы саналатын айтыс — қазақ халқының рухани тамыры терең, өміршең дәстүрлерінің бірі. Қай кезеңде де елдің сөз өнерін ұлықтап, қоғамдағы құбылыстарды жырға қосып отырған айтыскерлер шығармашылығы халықтың ықы-ласына бөленіп келеді. Мереке аясында ұйымдастырылған дүбірлі айтыс та осы үрдістің лайықты жалғасы болды. Дәстүрлі түрде өтетін жыр бәйгесіне Қазақстанның әр өңірінен және бауырлас Қырғыз Республикасынан барлығы 12 айтыскер қатысып, ел алдында суырыпсалма өнердің биігін паш етті.
Айтыс аламаны жұптық тәртіппен өтіп, сахнаға алты жұп кезекпен шықты. Әр жұптың өнер көрсетуі өзіндік сөз саптауы мән-мағынаға толы болды. Жыр сайысының негізгі арқауы — Бақтыбай Жолбарысұлының мол мұрасы, Жетісу өңірінің рухани құндылықтары мен елдіктің тамыры жайлы ой өрбіту.
Сахна шымылдығы ашылған сәттен-ақ, айтыскерлердің сөз саптауы, суырыпсалмалық қасиеті мен елдік тақырыптарды терең қозғауы көрерменді бірден баурап алды. Әр жұп өз өңірінің рухани мұрасын, тұлғаларын, ел арасындағы өзекті мәселелерді жыр арқауына айналдырып, айтыс өнерінің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айтыстың алғашқы жұбы Аспанбек Шұғатаев (Павлодар) – Акматбек Сұлтанұлы (Қырғызстан) айтулы доданың шымылдығын ашып, көркем сөздің көрігін қыздырды. Қос ақын шекаралас елдердің бауырластығын, рухани байланысты жырға қосты.
Сахнаға екінші болып шыққан Ержан Әміров (Қызылорда) пен Минатхан Ұларбек (Жетісу) Сыр елінің тектілігін, Жетісу өңірінің қадір-қасиетін айтысқа арқау етіп, ел бірлігін көрсетті.
Ал үшінші жұп Батыл Идея мен Данияр Болатхан. Жетісудың қос жас ақыны тың серпінмен сахнаға шықты. Олар заманауи айтыстың қарқынын көрсетіп, жастардың көзқарасы, қоғамдағы өзгерістер, өңірдің бүгінгі тынысы туралы өткір ойларын ортаға салды.
Төртінші жұп Бибігүл Тлеболдинова (Алматы) мен Дидар Өмірәлі (Жетісу). Бұл жұптың айтысы нәзік лирика мен терең толғанысқа толы болды. Бибігүл ақынның сыршыл үні мен Дидардың азаматтық бағыттағы өткір ойлары көрерменді ерекше әсерге бөледі.
Бесінші болып сахнада өнерлерін ортаға салған Рүстем Қайыртайұлы (Абай) мен Изат Айдарқұлова (Қырғызстан) болды. Қос елдің айтыскерлері сөз тартысын биік деңгейге көтерді. Абай елінің өкілі қазақ руханиятының алтын тамырын сөз етсе, қырғыз ақыны бауырлас халықтың ортақ мәдениетін, дәстүр сабақтастығын жырға қосты.
Айтыстың соңғы жұбы Мақсат Ақанов (Қарағанды) пен Алтынкүл Қасымбекова (Тараз) көрерменді терең ойға қалдырды. Мақсат Ақановтың азаматтық бағыттағы өткір сыны мен Алтынкүл Қасымбекованың дәстүрлі айтыс мәнеріндегі нәзік те шымыр сөздері айтыс алаңына ерекше екпін қосты.
Айтыстың келесі кезеңі де ерекше тартысты өтті. Бұл сында Аспанбек Шұғатаев, Ержан Әміров, Мақсат Ақанов, Изат Айдарқұлова мен Акматбек Сұлтанұлы, сондай-ақ Рүстем Қайыртайұлы, Дидар Өмірәлі және Алтынкүл Қасымбекова өз өнерлерін ортаға салды.
Бұл кезеңде ақындар тек қарсыласына жауап беріп қана қоймай, ел ішіндегі өзекті мәселелерді де қозғады. Әлеуметтік жағдай, жастар тәрбиесі, тіл мәртебесі, ұлттық құндылықты сақтау — барлығы айтыс алаңында көрініс тапты. Әсіресе, Қырғыз және қазақ ақындарының сөз қағысы халықаралық деңгейдегі рухани байланысты тереңдетіп, екі елдің бауырластығын айқын көрсетті. Көрермен әр шумақтан сөздің нәрін сезініп, ақындарға қолдау көрсетіп отырды.

ЖҮЛДЕЛІ АҚЫНДАР

Айтыскерлердің өнеріне әділ бағасын берген қазылар алқа-сының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жыршы, термеші және айтыс ақындары одағының төрағасы, ақын, журналист, қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман Молдашұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүсіп Нұртөре Байтелесұлы, Айтыскер ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Дүйсенғазин Серікзат Мақсұтұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Әшімжанов Жанарбек Садыханұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті жазушысы Әміре Әрін, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдениет саласының үздігі, Жетісу облысының бас ақыны Бұлғақов Айтақын Мұхамадиұлы, Филология ғылымының кандидаты, Алматы облысының «Құрметті азаматы», айтыскер ақын Имашев Балғынбек Қалиұлы болды.
Айтыстың қызуы артқан сайын, дода шешуші сәтке бір табан жақындай түсті. Тартысты өнер сайысының қорытындысында жүлдегерлер төмендегідей анықталды: Арнайы жүлде — Аспанбек Шұғатаев (Павлодар) пен Алтынкүл Қасымбековаға (Тараз) бұйырды. ІІІ орынды Ержан Әміров (Қызылорда) пен Изат Айдарқұлова (Қырғызстан) иеленді. ІІ орын Дидар Өмірәлі (Жетісу) мен Мақсат Ақановқа (Қарағанды) табысталды.
Жүлделі І орынды өткір де өрнекті сөз саптауымен қазылар алқасының да, көрерменнің де қошеметіне бөленген Акматбек Сұлтанұлы (Қырғызстан) жеңіп алды.
Ал Бас жүлдені Рүстем Қайыртайұлы (Абай) қанжығасына байлады. Рүстем ақын сахнада өзіне тән болмысы мен терең білімін, айтыс өнеріндегі мол тәжірибесін паш ете отырып, көптің көңілінен шықты. Оның жырларынан елдік рух, бабалар аманатын жалғаған өрлік анық сезілді.

КӨП КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН
АЙТЫС

Бақтыбай Жолбарысұлының 190 жылдығына арналған бұл айтыс ел рухын көтерген, ұлт өнерінің қадірін тереңдеткен шынайы рухани мерекеге айналды.
Рүстем Қайыртайұлы: – Жетісу облысының әкімдігіне өнерді сыйлаған, төл өнерді құрметтеген барша халыққа алғыс айтамыз. Бағымыз жанып, жұлдызымыз жарқырап бүгінгі айтыстың бас бәйгесін алдық. Осы Жиделібайсын жерұйықтай Жетісудың жерінде жыр аламандары өте беруі заңдылық. Өйткені Жамбылдың, Сүйінбайдың қаншама қабырғалы ақындардың ауылы. Жетісу жұрты жасай берсін!
Акматбек Сұлтанұлы: – Қазақ бауырларым, айтысқа қатысқан ақындар мен көрермендерге жалынды сәлемім мен ризашылығымды білдіремін. Бұған дейін Астана, Алматы, Шымкент секілді қалаларда айтысқа барғанмын. Жер жәннаты Жетісуға бірінші рет келіп отырмын. Жетісу керемет, еліне рахмет, өзгеше шыраймен бізді «қазақ-қырғыз бір туған» деп күтіп алды.
Данияр Болатхан: – Бұған дейін ұйымдастырылып жатқан облыстық айтыстарға қатысып жүргенмін. Өткен жолы болған «Жер жәннаты Жетісу» атты жобада да бағымды сынағанмын. Жалпы биыл Жетісуда айтыс көптеп өтіп жатқаны өте жақсы. Міне, дәл бүгін де үлкен республикалық, халықаралық айтыс өз мәресіне жетті. Бұл менің

өмірімдегі ең алғашқы үлкен додам. Осындай Мақсат Ақанов, Ержан Әміров, Аспанбек Шұғатаев сынды аға буын ақындармен бірге айтысқа қатысу мен үшін үлкен жеңіс. Сондықтан бұл айтыстан орын алмағаныма өкініш жоқ. Жүрсіндей ағамыздың көзіне түскеніме, сол кісінің алдында айтысқаныма қуаныштымын.
Айтысқан әр жұптың өзіндік ерекшелігі халықтың ықыласы мен қошеметіне де бөленді.
Жанат (Көрермен): – Маған сахнада өнер көрсеткен әр жұптың тапқырлығы ұнады. Соның ішінде төртінші жұп ең тартысты, мазмұнды өнер көрсеткендердің бірі ретінде есте қалды. Алматы облысынан келген Бибігүл Тлеболдинова мен Жетісу өңірінің айтыскері Дидар Өмірәлінің сөз қағысы залдағы жұртты, соның ішінде мені де бірден елең еткізді. Екі ақын да сахнаға сенімді шығып, бірін-бірі шеберлікпен, тапқырлықпен, әзіл мен астарлы жеткізілген ой арқылы тартысқа тартты.
Бибігүлдің сабырлы дауысы мен орнықты ойы Дидардың өткір, шапшаң жауаптарымен үйлесіп, айтыстың ырғағын тіпті күшейте түсті. Көрермен әр шумақ сайын ду қол шапалақтап, ерекше қолдау білдіріп отырды.
Арайгүл (Көрермен): – Айтыскерлер сахнада өнер көрсете отырып, Бақтыбай бабаның мол мұрасын, Жетісу топырағының қасиетін, заманның келелі мәселелерін жырға арқау етті. Әр ақын өз аймағының ерекшелігін, туған жердің тарихын, елдің рухын сөз өнерімен сабақтастырып, көрерменге ой салып, әсерлі айтыс үлгісін көрсетті. Домбыраның қоңыр үніне ілескен әрбір шумақтан халыққа деген құрмет, баба рухына деген тағзым сезіліп тұрды, — дегендей көзқарасын ортаға салды көрермендер.
Қорыта келгенде, Бақтыбай Жолбарысұлының 190 жылдығына арналған айтыс жырсүйер қауым үшін үлкен мереке болды. Бұл шарада ақындар Бақтыбай бабаның өмірін, артында қалған мол мұрасын дәріптеп, Жетісу жерінің ерекше қасиетін жырға қосты. Сахнаға шыққан әр ақын өз ойымен, өз шеберлігімен қазылар алқасының жүзіне күлкі үйірілтіп, көрерменді тәнті етті.
P.S. Айтыс қазақ халқының ежелден келе жатқан сөз өнері. Ол халықтың ойы мен тілін, салт-дәстүрін, рухани болмысын сақтап келешекке жеткізудің бір жолы. Айтысты тыңдаған әр адам бүгінгі қоғамды, адамдардың ойын, елдегі түрлі оқиғаларды тереңірек түсіне алады. Бүгінгі күні айтыс дәстүрді сақтаудың бір жолы ғана емес, жастарды сөзге, ойға, мәдениетке үйрететін тәрбие құралы. Жастар айтыс арқылы тіл байлығын арттырады, логикалық ойлауды дамытады. Бұл өнердің қазіргі заманға лайықталып, телевизиялық жобаларда, түрлі мәдени шараларда кеңінен насихатталуы оның қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Бүгінде айтыс сахнасы жаңарып, жастардың қызығушылығының артқаны айтыстың әлі де өз маңызын жоғалтпағанын, керісінше дамып жатқанын көрсетеді. Сондықтан айтысты бағалау, қолдау және кейінгі ұрпаққа жеткізу баршамыздың ортақ міндетіміз.

Нұрила НҰРБОЛҚЫЗЫ