МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖАБДЫҚПЕН ТОЛЫҚТЫРЫЛАДЫ

Көксу ауданында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудандық орталық аурухананы заманауи меди-циналық техникамен жабдықтау үшін 184,5 млн теңге бөлініп, жыл соңына дейін жоғары дәлдіктегі ультрадыбыстық диагностикалық жүйе, цифрлы маммограф және өзге қондырғылар орнатылмақ.
Ауылдық медициналық мекемелердің инфрақұрылымы да жетілдірілуде. Соңғы екі жылда ауданға 155 млн теңгеге алты санитарлық көлік әкелінді, ал 2025 жылы тағы бірнеше ауыл жаңа жедел жәрдем көліктерімен қамтамасыз етіледі. ПЧ-45 және Кеңарал ауылдарында блоктық-модульдік медпункттер орнатылып, Қызылтоған, Бесқайнар, Жетіжал және Қараталда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер салынды. Биыл Балпық би ауылында жедел жәрдем станциясы іске қосылмақ.
Ауданда медицина кадрларын тарту шаралары да жалғасып келеді. Өткен жылы қызметке келген үш дәрігерге 10 млн теңгеден көтерме ақы төленді. Жүргізіліп жатқан бұл кешенді жұмыстар Көксу ауданында медициналық қызмет сапасын арттырып, тұрғындардың қажетті көмекке қолжетімділігін кеңейтеді.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»
