ЕҢБЕГІ ҮЛГІ – ЕР АНА

0
7

КСРО тұсында еңбегімен елге үлгі болған, еңбегі жанып ер атанған танымал Көксу ауданындағы азаматтар мен азаматшалардың қатарын санар болсақ қолымыздағы он саусағымызды бірнеше рет ашып жұмуға тура келеді. Сол ерлердің бірі, әрі бірегейі — қарапайым отбасында туып тек қана адал еңбектің арқасында танылған Социалистік Еңбек Ері — Мәмилә Әлімбаева.

1929 жылы қыркүйек айында «Комиссия сазы» деген жерде үлкен жиын болды. Дүнгене мен Бестөбеден бас-талып, тауға қарай созылып жатқан, батыс жағы Сарыбастау тауының теріскейімен шектелген, оңтүстік жағы «Комиссия» сазынан тұратын елді мекенде құрылған колхоз «Бестөбе» деп аталды. «Бестөбеге» қатар орналасқан «Қызыләскер» деген шағын колхоз құрылды. 1931 жылы «Бестөбе» және «Қызыләскер» бөлімшелері біріктіріліп «Еңбекшіқазақ» колхозы болып құрылып, оның алғашқы бастығы — Бабашев Мұқаш тағайындалды (1931-1945ж).
Бірлесе еңбек еткен халықтың еңбекқорлығы мен колхоз бастығы Мұқаш Бабашевтың қатал тәртібінің және Кішім Адамбекова, Дарханбай Қапшағаев, Омашбек Қалқаманов, Мәмилә Әлімбаева және тағы басқа еңбекқор, білгір патриот мамандардың арқасында колхоздың бар шаруасы алға басып, көңіл толарлық қалыпқа түсті. 1930 жылдардың ортасына таман Талдықорған өңіріне іссапармен БКП(б) ОК-ның бірінші хатшысы Левон Исаевич Мирзоян келіп шаруашылықты көріп, халықпен жүздесіп ризашылық көңілмен қайтқан еді.
Ұлы Отан Соғысы жылдары майданға тылдан көмек ретінде әр ауылдан жылы киім-кешектер жіберіліп жатты. «Еңбекшіқазақ» колхозы солардың қатарында бола тұра самолет жасауға қаржы бөліп жіберген.

Еңбегі жанып Социалистік Еңбек Ері атанды

Қазіргі Көксу ауданы 1944 жылы Қаратал ауданының құрамынан бөлініп, Киров ауданы болып аталды. Осы Киров ауданына қарасты «Еңбекшіқазақ» колхозы соғыс жылдарынан бас-тап шаруашылықтың барлық саласы бойынша жоғары нәтиже көрсетіп табысы миллионнан асып миллионер колхоз аталды. 1945-46 жылдары мол өнім алынып, астықтың әр гектарынан 55-60 пұт, 300 га. егілген қызылша өнімінің әр гектарынан 700 центнерден өнім алынды.
Звено жетекшісі Мәмилә Әлімбаева қант қызылшасын өсірумен айналысып, бөлініп берілген 5га жерден орташа есеппен 580 центнер, құнары жоғары жерден 815 центнерден тәтті түбір алды. Еңбегі бағаланып 1946 жылы СССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланып, 1947 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Таң арайлап атқан кезде жұмысшылармен бірге әндетіп егіс басына барып, күнбатып қараңғылық түсер- түспес уақытта егіс алқабынан үйлеріне әндетіп оралу сол кездегі қызылшашыларға дәстүрге айналған әдет еді. Мәмилә апай звено жетекшісі бола тұра, өзіне тиісті нормасын ешкімге салмақ салмай, жұмысшылармен бірге атқаратын еді. Бір айтып өтетін жәй — қызылшашылардың қолдарында екі тәпкіден болған, үлкен тәпкімен шөбін шапса, кішкене тәпкімен өнген дақылдың арасын қопсытады. Сонымен қатар, әр қызылшашының қалтасында салып берген қызылша тұқымы болатын өнбей қалған орындарға бөртілген дәнді сеуіп отырған. Осындай тыңғылықты еңбектің арқасында қызылша өнімі бірнеше жыл қатарынан барлық звенолардан анағұрлым асып отырған. 1947 жылғы өнім қорытындысы негізінде 1948 жылы небары 32 жасында Мәмилә Әлімбаеваға Социалистік Еңбек Ері атағы мен Ленин ордені қатар берілді. Марапаттауды Москвада Кремль сарайында Михаил Калинин тапсырды.
Сталиннің қабылдауында болды. Бұл қуаныш бүкіл КСРО-ға хабарланып жария етілді. Мәмилә апай зор қуанышпен елге оралды. Барлық газет бас-паларында бірінші беттен орын алды. Көптеген ақындар жыр арнады.
Жұбан Молдағалиевтің «Мәмилаға сәлем хат» өлеңінен үзінді келтірсек артық болмас.

Мәмилә сені жүзбе-жүз,
Бұрын көріп – білгем жоқ.
Жеңгей деп, не құрбым деп
Әзілдеп ойнап-күлгем жоқ.

Көптен таныс сонда да,
Құрбыдайсың нақ шыным.
Қалаулы халық қызысың
Жаттығы жоқ жақсының.

«Сен» деуім де сондықтан,
Ғафу ет хатым болса кез
Үн қосып менде халқыма
Айтайын деп ем алғыс сөз.

Еңбек ері болыпсың,
Есіткем сенің атыңды.
Құттықтаймын қуанып,
Құп ал менің хатымды…

…Еңбектен ләззат аларсың,
Секілді тәтті бал-шәрбат.
Не жетер еркін еңбекке,
Не бар содан рахат!

Отанымның даңқындай,
Тарасын даңқың әлемге.
Қош бол құрбым, Мәмилә,
Звеноңа сәлем де.

Ер ананың өмір жолы

Мәмилә Әлімбаева 1916 жылдың 1 қаңтарында Талдықорған өңіріне қарасты Тау жалайыр ауылында өмірге келген. Революцияға дейін қазақ ауылдарына қазіргідей кісі аттары берілмеген. Мысалы: Тау мырзасы, ой мырзасы деген сияқты жердің атымен немесе рулардың атымен аталғандығы әр жерден кездеседі. Ал Мәмилә апамызды дүниеге келген «Тау жалайыр» ауылы қазіргі Мұқыры ауылының өр жағындағы тау етегінде болған ауыл екен.
Мәмилә апамыз еңбек жолын 1933 жылы Еңбекшіқазақ ауылында қызылшашы, звено жетекшісі болып бастады. 1949-1952 жылдары аудандық Еңбекшіқазақ депутаттары Көксу ауылдық Советі атқару комитетінің председателі, 1953 жылдан колхоз клубының меңгерушісі, 1953-1969 жылдары Еңбекшіқазақ колхозының кітапханашысы қызметтерін атқарды.
Мәмила апай осындай қайнаған еңбектің ортасында жүріп, отағасы ҰОС-ның ардагері Рысжан әкей (халыққа білім беру ісінің үздігі) екеуі 7 бала тәрбиелеп, балаларына жоғары білім алуға жағдай жасап, мүмкіндік берген. Бүгінде артында 30 немере, 40 шөбересі өсіп жатыр.
Ұлдары Мақсат қант заводында, Көксу май заводтарында еңбек етті. Батырболат пен Ахмет анасының жолын қуып агроном мамандығын меңгерген. Бүгінгі күні зейнеткер болса да Ахмет жеке шаруа қожалығын құрып егістік жерге егін егумен айналысуда. Серік — кәсіпкер. Ал қыздары Гүлжан — теміржол саласының қызметкері, Гүлстан — заңгер қызметінде еңбек етіп зейнетке шықты. Күлпан болса әке жолымен педагогика саласында Ж.Егінбаев атындағы орта мектеп, Еңбекшіқазақ орта мектептерінің директоры, «Бөбекжай» балабақшасының меңгерушісі қызметтерін атқарып зейнетке шықты.
Зейнет жасында болса да ауылдың жағдайын, елдің қамын ойлап жүрген ер ана 2009 жылы 8 наурыз күні Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтың қабылдауында болып, «қандай өтінішіңіз бар ғасыр ана?», — деп сұрағанда, «менің жеке басыма ештеңе керек емес, Еңбекшіқазақ ауылында осыдан 50 жыл бұрын менің жұбайым Ұлы Отан соғысының ардагері Әлімбаев Рысжан аталарың сол мектепте директор болып тұрғанда салынған мектеп ғимараты әлі пайдаланылып келеді. Бірақ қауіп бар. Ескі ғимарат құлап қалып адамдар зардап шегуі мүмкін. Бүгінгі күні сол Еңбекшіқазақ орта мектебінде менің қызым Күлпан директор қызметін атқаруда.Менің сізден өтініп сұрайын деп тұрғаным елдің тілегі, халықтың қалауы. Еңбекшіқазақ ауылына заманауи жаңа мектеп тұрғызып беруіңізді қалаймын», — деген еді.
Сол 2009 жылы 17 сәуірде мектеп құрылысы басталып, сол жылдың бірінші қыркүйегінде оқушылар жаңа мектепте оқи бастады.
Мектептің ашылу салтанатына Мәмилә ана қатысып, лентасын қиып, мінбеден сөз сөйлеп, Облыс әкімі Серік Үмбетовке зор алғысын білдірді.
Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған асыл ана — ғасыр ана 2015 жылы маусым айының 22-сі 100 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Орта мектеп түлектері

1949 жылы Еңбекшіқазақ ауылынан 10 жылдық мектеп ашылып, алғашқы директоры Шәмшия Еденбаева басшылық етті. Осы мектеп түлектері математика ғылымының докторы, Қазақстан ғылым академиясының корреспондент мүшесі Қасымов Құлжабай Әбдіқалықұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли, Көксу ауданының бірінші хатшысы қызметін 12 жылдай атқарған Төлеген Сандыбайұлы Ақшанов, геолог ғалым Дубек Дүйсенбеков, қоғам қайраткерлері Жексембинов Жомартқали Баясылұлы, Серғазинова Райхан Қапышқызы, спорт, өнер саласында киноактер «Ән қанатында», «Тақиялы періште» т.б көптеген кинолардағы басты рөлдерді сомдаған Әлімғазы Райымбеков, гір көтеруден рекорд жасап Гиннес рекордтар кітабына енген, әлемдік деңгейдегі алтын гір иесі Сламжанов Әмірбай осы Еңбекшіқазақ ауылының тумасы және т.б. көптеген түлектері бар.

110 мерейлі жасы аталып өтіп, ардақты адам еске алынды

2026 жылдың 22 қаңтарында Көксу ауданы Лабасы ауылдық округінің орталығы Мәмбет ауылындағы үлкен мәдениет үйінде Көксу ауданының әкімі Дәулет Кенжеханұлы Халеловтың бастамасымен Социалистік Еңбек Ері, аяулы ана Мәмилә Әлімбаеваның 110 жылдық мерей тойына орай батыр анамызды еске алып «Еңбегімен елге үлгі болған – Мәмилә ана» атты еске алу кеші өтті.
Мәдениет үйінің кіребе-рісіндегі кең дәлізде аудандық кітапхана директоры Түстікбаева Әйгерім Айдарқызының ұйымдастыруымен кітаптар көрмесі, соның ішінде Мәмилә апай жайында жазылған кітаптар, мақалалар, суреттер, апайдың киген киімі (ордендері ілінген), ұстаған бұйымдары қойылған. Осы жәдігерлердің бәрін Мәмбет ауылының кітапханашысы Төлебаева Зәуре мен Қарауылов Мақсат Алғаұлы жүйе – жүйесімен, өте анық нақтылап көрсете отырып, баяндап берді. Тыңдаған жұрт көп мәлімет алды.
Еңбегімен елге үлгі болған ер ана — Мәмилә Әлімбаеваның ізін жалғастырып Көксу ауданында апаның сіңлілері социалистік Еңбек Ерлері Злиха Тамшыбаева, Зәкәрия Сейітова, Битай Тәтенова, Александра Хван еңбекқор апамыздың еңбегінен үлгі алды десек қателік болмас.
Салтанатты жиынға Көксу ауданы әкімінің орынбасары Абзал Секенұлы қатысып аудан әкімі Дәулет Кенжеханұлының құттықтауын жеткізді.
Көксу ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы, білім беру ісінің үздігі, Көксу ауданының құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері Сайлаубай Бәзілұлы мінбеден сөз сөйлеп, өткен уақыттағы ұмыт болып бара жатқан КСРО тұсындағы еңбекті бағалау, колхоздастыру кезіндегі тарихқа шолу жасай отырып апайдың еңбеккерлігіне ерекше тоқталып, кешті ұйымдастырушыларға үлкен ризашылығын білдірді.
Сол сияқты мінбеден Алматы облысының, Ескелді, Көксу аудандарының құрметті азаматы, Қонаев университетінің профессоры Рахымбеков Мықтыбек, Көксу ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған зейнеткер, Көксу ауданының құрметті азаматы Әлия Садықова, Көксу ауданының құрметті азаматы мемлекеттік қызмет ардагері Дәлелхан Жәніш тереңнен толғап батыр ана еңбегінің үлгісі ғасырдан ғасырға жалғасып жатқандығын, тау алыстаған сайын биік көрініп, уақыт өткен сайын батыр ана Мәмилә Әлімбаеваның есімі асқақтай беретіндігіне зор сенім бар екеніне сендірді.
Еске алу кешінің соңы Көксу аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары концертімен жалғасты.

Сембек АБДРАХМАНОВ,
Көксу ауданының құрметті азаматы,
зейнеткер ұстаз