СТАЛИНГРАД СҰРАПЫЛЫНА — 83 ЖЫЛ

0
17

Сталинград шайқасы – екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы ең ірі шайқастардың бірі. Биыл, яғни, 2 ақпанда Сталинград түбіндегі шайқастың жеңіспен аяқталғанына 83 жыл толады. Ұлы Отан соғысында өздерінің ерлігін дүниежүзіне паш еткен 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Солардың жүзден астамы Сталинград іргесіндегі шайқаста жауды ойсырата жеңіп, ерлік үлгісін танытқан қайсар жауынгерлер еді. Халқымыздың ерлігі мен мейірбандығына риза болған волгоградтықтар өз қаласының бір көшесін «Қазақ» көшесі деп атады.

Фашистік Германияның жаулап аламыз деген ниетін күл-талқан етіп, әскерін батысқа қайта бұрған Сталинград шайқасы соғыстың Жеңіспен аяқталатын сәтінің бастамасы еді. Шайқасқа қатысып, Еділ бойындағы қаланы қорғаған әскердің дені қазақтар болды.
1941 жылғы желтоқсанда, 1942 жыл­ғы қаңтар айларында Алматы қаласында жасақ­талған 38-атқыштар диви­зия­сының офи­цер­лер құрамы, негізінен, Алма­ты мен Фрунзе қалаларындағы әске­ри учили­ще­лердің түлек­терінен толық­ты­рыл­ды. Диви­зияның құрамы да Қазақ­станда тұратын әскери міндет­тегілерден қалып­тасты, сон­дықтан саптағылардың 25 пайызға жуығы қазақтар болды. Олар Алматы, Жамбыл, Талдықорған облыс­та­рынан келген тепсе темір үзетін жігіттер еді. Осылардың көбі Сталинградты қорғау үстінде ерлікпен қаза тапты.
Сталинград түбіндегі шабуыл 1942-1943 жылдарды қамтыды. Неміс-фашист қолбасшылығы 1942-1943 жылдың қысында өздері орналасқан шепті 1943 жылдың көктеміне дейін ұстап, сонан соң қайта шабуылға шығып, Сталинградты басып алуды жоспарлаған еді.
Кеңес әскерлерінің Сталинград түбіндегі қарсы шабуылы 1942 жылы 19 қарашада басталған. Ол үш операциямен іске асырылған: «Уран» – Сталинградтағы неміс әскерлерін қоршап алу, «Кіші Сатурн» – Сталинградта қоршауға түскен неміс әскерлеріне батыстан және оңтүстіктен келетін көмектің жолын кесіп тастау, «Шеңбер» – фельдмаршал Ф.Паулюстің армиясын талқандап, өзін қолға түсіру.
Сталинградты бүкіл кеңес халқы қорғады. Сталинград үшiн шайқас болып жатқанда Даңқты 62-армияның құрамында 3800-ден астам қазақ болды. Сталинград шайқасына Қазақстанда жасақталған барлық әскери құрамалар мен бөлімдердің үштен біріне жуығы қатысты. Әйгілі 64-армияның құрамында қазақстандық 29-шы және 38-ші атқыштар дивизиясы болды.
Сталинград шайқасында көрсеткен табандылығы мен қаһармандығы үшін 29-шы және 38-ші атқыштар дивизиялары «72-ші және 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиялары» атанды. Ал «73-ші атқыштар дивизиясына» «Сталинградтық» құрметті атағы қоса берілді.
Сталинград операциясына Қазақстан-нан 5 атқыштар, 1 атты әскер дивизиясы, 1 танк атқыштар бригадасы, 1 минометтi полк қатысты. Сталинград шайқасында жүздеген мың совет жауынгерлері ерліктің үлгісін көрсетті. Шайқаста ерекше көзге түскен 55 құрамалар мен бөлімдер ордендермен марапатталды. Сталинград қаһарман қала атағына ие болды. Сталинград шайқасы батырларының ерлігін мәңгі есте сақтау үшін 1963-1967 жылдары Мамай қорғанында мемориалды кешен салынды.
Сталинградта айбынды жауынгерлер 200 күн жаумен бетпе-бет айқасты. 330 мың неміс әскері мен офицері, 24 генерал қолға түсті. Сөйтіп жау ең негізгі күшінен айырылды. Нәтижесінде 22 фашист дивизиясы қоршауға алынып, генерал-фельдмаршал Паулюс басқарған 6 неміс армиясы тізе бүкті. Сталинград шайқасы екінші дүниежүзілік соғыстың барысындағы түбірлі бетбұрыстың басталуына негіз жасады.
Қиян-кескі ұрыстарда жау ұзын-ырғасы 1,5 миллион солдаты мен офи­церінен айырылды. Олар 2 мыңға жуық танкісінен, 10 мыңнан астам зең­бі­регі мен мино­метінен, 3 мыңға тарта ұша­ғы­нан айы­рыл­ды, 32 дивизия мен үш бри­гада түгелдей жойылды және тұтқынға алын­ды. Тек Дон майданының әскери бөлім­дері ғана 91 мың неміс солдаты мен офи­церін тұтқын­ға алды, оның ішінде 24 неміс гене­ралы бар.

Қазақ жауынгерлері — Сталинградтағы шайқаста қазақты танытты

Сталинградтың жеңісті күндері көрнекті совет жазушысы И.Эренбургтың 1942 жылы жазған «Қазақтар» деген мақаласында:
«Бір фриц маған: «Біз жойқын күші бар қаһарман солдаттармен беттестік, оларды алған бетінен тіпті ешқандай оқ та, өрт те тоқтата алмады. Олар тура бізге қарай дауылдай дүркіреп жүгіріп келе жатты. Мен бұлардың қазақ деген халық екенін естідім. Бұрын мұндай халық бар екенін естімеп едім…», — десе, белгілі ағылшын тарихшысы Александр Верт өзінің «Ресей 1941-1945 жылдағы соғыста» деген кітабында:
«Қызыл Армияның табанды солдаттарының бірі қазақтар болды, тұтас алғанда қазақтар бүкіл соғыс бойында өздерін жақсы жағынан таныта білді. Тіпті Сталинградтың өзінде ең өжет солдаттар қатарында қазақтар тұрды» дегенді айтады — депті…

Қазақ жауынгерлеріне жазылған тарихи хат

Сталинград майданына Қазақстанда жасақталған дивизиялардағы жауынгерлердің ерлiк iстерiнен хабардар болып отырған қазақстандықтар 1943 жылдың 6 ақпанында «Правда» газетiнде майдандағы қазақ жауынгерлерiне арнап хат жариялады. Бұл хат майдандағы қазақ жауынгерлерi ғана емес, күллi майдангерлердiң рухын, жiгерiн, фашизмге деген өшпендiлiк ыза-кегiн одан сайын арттырып, қайратқа қайрат қосты.
Сол кездегi Қазақстан Компартиясы Орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысы Н.Скворцовтың басшылығымен дайындалған бұл хаттың мәтiнiн Ғабит Мүсiрепов жазып, орыс тiлiне сөзбе-сөз аударуды Б.Асанов, I.Омаров, Қ.Жармағанбетов өз мiндеттерiне алған. Ендi орысшасын редакциялап, көркемдеуде С.Сергееев-Ценский, К.Паустовский, М.Әуезов көп еңбек сiңiрген көрiнедi. Тарихи хатқа сол кездегi Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi үгiт-насихат бөлiмiнiң орынбасары Бөлебай Исабеков те белсене араласып, ұйымдастыру жұмыстарын жүргiзген. Хаттың қалай жазылуы керектiгiне С.Мұқанов, Қ.Сәтбаев, Ә.Тәжiбаев, Ғ.Ормановтар өздерiнiң ой-пiкiрлерiн қосқан.
Тарихи хатқа 3 миллионға жуық адам қол қойып, ұрыс жүргiзiп жатқан майданға жолдаған.
«Қазақстанның ардақты ұлдары! Балаларымыз, ерлерiмiз бен бауырларымыз! Өздерiңнiң туған үйлерiңнен алған хатты қандай сезiммен оқысаңдар, бұл хатты сондай сезiммен оқыңдар, бауырлар! Бұл хатты сендерге жүздеген жыл тар кезең, тайғақ асудан сансыз азаппен өтiп, бақытқа жеткен барлық халқың жазып отыр. Сондықтан көзбен емес, көкiрекпен, елiңдi, жерiңдi сүйген жүрекпен оқыңдар, туысқандар! Соғыстың қатаң тағдыры қайда апарса, сол жерде оқыңдар бұл хатты!
Майдан өлкесiнде әрқашан көкжиектен күн көтерiлгенде оған қараңдар да туған жерлерiңдi еске алыңдар. Селеуi теңiздей тербелген Арқаның адырлы кең далаларын, алтын бұлағы ағылған Алтайдың асқар жоталарын, ақ бас Алатаудың жемiске толы сай-салаларын, соншалық кең туған жерлерiңдегi аталарыңның қасиеттi қабiрлерiн, туған-өскен үйлерiңдi көз алдарыңа келтiрiңдер. Соларды жауға таптатпаймыз, жауды қайткенде жеңемiз деп ант етiңдер!» /«Sarbaz» сайтынан алынды/
Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлерiне жазған осы хаты – аса зор маңызы бар тарихи құжат. Хаттың қиын-қыстау кезеңде Отан мүддесiн қорғап жазылған аса терең мазмұнын бүгiнгi жас-тарымыз да, келер буын жеткiншектерiмiз де бiлуге тиiс.

Сталинградты қалпына келтірудегі қазақ әйелдерінің еңбегі

Сталинград үшін болған бұл айқас адамзат тарихында бұрын болып көрмеген — дейді тарихшылар. Орасан зор адам шығынын айтпағанда, бірнеше айға созылған үздіксіз аяусыз шайқастан қала толығымен қирап қалған. Бомба тимеген бірде бір ғимарат жоқ. Неміс фашистерін жеңген жеңістен соң қаланы қалпына келтіру емес, мүлдем қайта тұрғызу міндеті тұрды. Ол үшін алдымен қаланы қирандылардан тазарту керек болды. Соғыса жүріп батысқа бет түзеген әскерлердің басты мақсаты жауды өз ордасына дейін қуып тастау болса, енді халық арасында «Еңбек майданы» деген ұранмен соғыс отына өртенген қалаларды тазартуға әйелдер мобилизациялана бастады.Өйткені сұрапыл соғысты бастан өткерген қалада жергілікті халық оқ пен аштықтан қырылып, тірі қалғандары бас сауғалап кеткен. Қазақ ауылдары Сталинградқа 300-500 шақырым жерде орналасқандықтан Сталинградқа жақын облыстардан Қазақстаннан көмек ретінде мал айдап апаратын. Ерлер майданда болғандықтан оны да жаяу айдап апаратын әйелдер болды.
Ал жұмыс күші ретінде келген әйелдердің мұнда көргені түгелдей қираған қала мен әр жерде шашылып жатқан өлі денелер, талқаны шыққан соғыс техникалары, жартылай опырыла құлап, шұрық-тесік жарты қабырғасы ғана үңірейіп тұрған үйлер…
«Жұмыс өте ауыр, таңертеңнен кешке дейін жасайтынымыз – қара жұмыс. Қара күшке болмайтын жерлерді алдымен тракторлар, танкілер келіп итеріп-итеріп кетеді де, әрі қарай қолдың күшімен көліктерге тиейміз, болмаса басқа жерге тасимыз. Ауыр кесектерді көтереміз деп, мертігіп қалған әйелдер де арамызда аз болған жоқ», – деуші еді Сталинградқа барып келген әйелдер. Ең жантүршігерлігі, қирандыларды аршу кезінде, үйінділер арасынан пәршеленіп, сасып бұзылып кеткен талай марқұмның мәйіттері шыққан. Бөлек-бөлек жатқан қан-қан қол, не үзілген аяқтар, мылжаланған бастар… айта берсе, сұмдық дейді. Арасында қарапайым тұрғындар да, солдат киіміндегілер де бар екен. Талай келіншектер бұл көріністерден кейін тамақтарын іше алмай, ісініп өліп қалғандары да болған.

Сталинградты қалпына келтіруге барған Жетісудың әйелдері

«Сталинград қырғынынан кейін қаланы қалпына келтіруге 1943-46 жылдары орталығы Алматы облысынан (Талдықорған облысы 1944 жыл), Жетісу облысы (2022 жыл), 14-18 жастағы балалар үйінің «өз еркімен» барған 10 қыздың есімдерін атай кетуді жөн көрдік.
Қаншайым Батыршина, Қаныбике Мырзатаева (Ақсу ауданынан), Андреев ауданынан Бибіш Батырбаева, Алакөл ауданынан Нұрғайша Досбекенова, Шәрбану (әкесінің аты жазылмаған), Киров ауданынан (қазіргі Көксу ауданы) Оралбай Тойбекова, Жанархан Диқанбаева, Панфилов ауданынан Зейне Зардинова, Шарбанқыз Ақберова, Күмісхан Мұсаханова, Бипа Мырзағұлова.
Бұл жас қайсар, ержүрек қыздар қираған Сталинград батыр қаласында 1355 күн болған. Олар қазір «соғыс ардагері» деп аталды. Олардың ұрпақтары, аналары мен әжелері туралы естеліктер жазады деген үміттемін. Жетісудың жауынгер ару қырандары туралы жинақ шығарылса жақсы болар еді. Әлі де зерттеп жазу керек. Олардың өмірдерегі, тізімі әлі де шектеліп қалмайтындығын айтуымыз керек», – дейді Жеңістің 80 жылдығына Жетісудың соғысқа қатысқан батырлары мен арулары және Сталинградты қалпына келтіруге қатысқан Жетісудың қыздары туралы жазған тарихшы, өлкетанушы ағамыз Құлтай Нұрқалбайұлы.

АВТОРДАН: Отанды жаудан қорғап қалуда өмірін аямаған сол жылдардағы жауынгерлер рухы бүгінгі жастардың жүректерінен орын алып, елін жаудан қорғай алатын батылдық пен ержүректік, қазақтың қанына сіңген намысқойлық бойларына дарыса қазақ елі үшін одан асқан қасиет пен арман жоқ шығар. Ал соғыста шейіт болған жауынгерлер ерлігін естен шығармай, аруақтарына бас иіп жүру — бүгінгі біздің парызымыз екенін ұмытпайық!

Баян ТАҢАТАРОВА