МОПЕД ЖҮРГІЗУ ТАЛАПТАРЫ ҚАТАҢДАТЫЛДЫ

0
40

Өткен жылдан бастап Жетісу облысында мопедтерді пайдалану талаптары күшейтілді. Ол туралы Жетісу облысының Полиция департаменті мамандары баспасөз мәслихатында ескертті.

Енді тіркелмеген мопедті жүргізуге және жүргізуші куәлігінсіз басқаруға тыйым салынады. Облыста әзірге 1489 мопед қана ресми тіркеуден өткен.
Жаңа ережеге сәйкес, мопед жүргізушілерінде A1, A немесе B санатындағы куәлік болуы тиіс. Сондай-ақ, көлік мемлекеттік тіркеуден өтіп, техникалық тексеруден өткізіліп, сақтандырылуы қажет.
Заң бұзғандарға айыппұл қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабына сәйкес, көлік басқару құқығы жоқ адамдарға 20 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде – 78 640 теңге, ал мемлекеттік нөмірі жоқ немесе тіркелмеген мопед үшін 590-бап бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш (39 320 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Айыппұлдар 2025 жылғы АЕК мөлшеріне сәйкес төленуде.
Полиция мопед иелерін құжаттарын уақытылы рәсімдеуге шақырады.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ