ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙДІ

0
34

Жетісу облысы – өнеркәсіптік әлеуеті біртіндеп дамып келе жатқан және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері өзекті өңірдің бірі. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстық Экология департаменті қоршаған ортаны қорғау бағытында бірқатар жұмыстар атқарып, мемлекеттік бақылау мен мониторингті күшейтті. Бұл туралы департамент басшысы Тілеухан Болатұлы брифинг барысында мәлімдеді.

Бүгінде облыс аумағында 1816 табиғат пайдаланушы тіркелген. Олардың ішінде I санаттағы 18, II санаттағы 176, III санаттағы 342 және IV санаттағы 1280 нысан бар. Экология департаменті 5 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді, олардың қатарында қоршаған ортаға әсерді бағалау, экологиялық рұқсаттар беру және мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындыларын рәсімдеу бар.
2026 жылдың маусым айына дейін 142 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 44-і оң шешіммен аяқталған. Сонымен қатар 56 жағдайда уәжді бас тарту берілген. Департаменттің мәліметінше, бас тартулардың басым бөлігі құжаттардың экологиялық талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты. Өңірдегі I санаттағы кәсіпорындар үшін белгіленген эмиссия лимиті 43,4 мың тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға төмендеген.
Зертханалық-талдамалық бақылау деректеріне сәйкес, өңірдегі экологиялық ахуал тұрақты деңгейде сақталып отыр. Полициямен бірлескен «Таза ауа» акциясы аясында автокөліктер тексеріліп, нормадан асу деректері анықталмаған. Сондай-ақ Қытаймен шекаралас Қорғас өзенінің су сапасына жүргізілген мониторинг нәтижелері ластану шекті деңгейден аспағанын көрсетті. Атмосфералық ауа сапасы бойынша да жоғары немесе экстремалды ластану жағдайлары тіркелмеген.
Өңірдегі ірі кәсіпорындарда эмиссияны автоматтандырылған мониторингтеу жүйелері енгізіліп, деректердің үздіксіз берілуі қамтамасыз етілген. Бұл экологиялық бақылаудың ашықтығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
2026 жылдың есепті кезеңінде мемлекеттік экологиялық бақылау 17 нысанда жүргізілді. Нәтижесінде 66 заң бұзушылық анықталып, оның 39-ы өрескел бұзушылық ретінде тіркелді. 17 нұсқама беріліп, олардың бір бөлігі орындалуда. Сонымен қатар жалпы сомасы 303,7 млн теңгеден астам 54 әкімшілік жаза қолданылып, оның басым бөлігі мемлекет кірісіне өндірілді.
Сырымбет ауылы тұрғындарының ұжымдық өтініші негізінде жүргізілген тексерулер барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. «Текелі-мрамор» ЖШС экологиялық рұқсатсыз қызмет атқарғаны үшін жауапкершілікке тартылып, қызметін уақытша тоқтату туралы сотқа талап-арыз әзірленуде. Ал «Алатау Мрамор» ЖШС жарылыс-бұрғылау жұмыстарын рұқсатсыз жүргізгені және шаң басу шараларын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.
Жетісу облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды жою мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Өңірде 7 полигон және 182 уақытша жинақтау орны бар. Дегенмен олардың басым бөлігі экологиялық талаптарға сай келмейді. Қазіргі таңда тек Талдықорған, Қаратал және Көксу аудандарындағы полигондарда ғана рұқсат құжаттары бар.
Жыл сайын облыста шамамен 220 мың тонна қалдық түзіледі, оның тек 17,8 пайызы ғана қайта өңделеді. Бұл қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымының жеткіліксіздігін көрсетеді. Сонымен қатар 2026 жылы 35 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, олардың бір бөлігі жойылған. Жауапты тұлғаларға айыппұл салу арқылы әкімшілік шаралар қабылданған.
Жалпы алғанда, Жетісу облысында экологиялық бақылау күшейіп, мониторинг жүйесі жетілдіріліп келеді. Дегенмен, полигондардың жағдайын жақсарту және заңсыз қоқыс үйінділерін толық жою мәселелері алдағы уақытта да өзекті болып қала береді.