ЖАҢАЛЫҚТЫҢ ЖАРШЫЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

0
33

Бүгінде ақпарат ағыны күн сайын қарыштап дамуда. Дәл сол ақпарат ғасырында ақиқаттың салмағы бұрынғыдан да арта түсті. Күн сайын сан мыңдаған хабар таралып жатқан кезеңде ел сенетін сөзді саралап, шындықтың шырағын сөндірмей келе жатқан мамандық иелері – журналистер. Өткен апта аталған сала мамандары кәсіби мерекесін атап өтті. Мереке қарсаңында Жетісу өңірінің қаламгерлері мен телеарна, радио және баспасөз саласының мамандарына құрмет көрсетілді.

І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен мерекелік жиын журналистердің еңбегін бағалауға арналды. Кәсіби мереке аясында, таңғы 8.30-дан бастап-ақ, Қазақстан Рес-публикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары көптеген медиа қызметкерлеріне табыс етілді. Сонымен қатар, 2 өңірлік журналистке пәтер кілттері табысталды. Облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Медет Жұмабаев пен «Жетісу» радиосының редакторы Сымбат Елебековаға іші жиһазбен, тұрмыстық техникалармен жабдықталған пәтерлер жаңадан салынған тұрғын үйден берілді. Одан бөлек барша журналистер қауымына фуршет жасалды.
Басқосуда сөз алған облыс әкімі Бейбіт Исабаев ақпарат саласының қоғам өміріндегі айрықша рөлін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі журналистика тек жаңалық жеткізумен ғана шектелмейді. Ол қоғамдық пікірді қалыптастырып, мемлекет пен халық арасындағы өзара сенімді нығайтуға қызмет етеді. Сондықтан кәсіби ұстаным мен объективтілік – әр журналистің басты қағидасы болып қала береді. Сонымен қатар, журналистер мен блогерлердің ара жігін ажырата сөйлегені барша жиылған БАҚ өкілдерінің қошеметіне ие болды.
– Бүгінде Жетісу облысында 43 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Бұл салада 300-ден астам маман еңбек етеді. Соңғы жылдары өңірлік медианың материалдық-техникалық мүмкіндігі едәуір жақсар-
ды. «Жетісу» телеарнасы жаңа студиямен және заманауи түсірілім құралдарымен толықтырылып, хабар тарату ауқымы кеңейді. Мұндай қолдаудың нәтижесінде телеарна республикалық «Тұмар» ұлттық телевизиялық сыйлығының бірнеше мәрте жеңімпазы атанып, өңірлік телевизияның әлеуетін дәлелдей білді. Сонымен қатар шығармашылық ұжым түсірген «Ұстаз» және «Оқылмаған хаттар» көркем фильмдері көрерменнің жоғары бағасына ие болды, — деп тәмамдады сөзін облыс әкімі.
Мерекелік жиынның басты бөлі-гінде Бейбіт Өксікбайұлы бірқатар сала өкілдерін марапаттады. Атап айтқанда, мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес ардагер журналист Нүсіпбай Әбдірахымов «Құрмет» орденімен марапатталса, «Талдықорған» газетінің қызметкері Сәуле Мускенова «Шапағат» медалін иеленді. Сонымен бірге, ақпарат саласының дамуына үлес қосып жүрген «Кербұлақ жұлдызы» газетінің тілшісі Дина Дүйсенбаева, «Жетісу» телеарнасының продюсері Мәулен Несіпбеков және «Сарқан» газетінің жауапты хатшысы Жақсылық Игіманов «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Марапат иелері атынан сөз сөйлеген журналистика ардагері Нүсіпбай Әбдірахымов қалам иелеріне жасалып жатқан қолдауға ризашылығын білдіріп, журналистердің қоғам алдындағы жауапкершілігі ешқашан өзгермейтінін айтты.
Іс-шараның маңызды бөлігі ретінде облыс әкімінің дәстүрлі «Құлагер» медиа сыйлығын табыстау рәсімі ерекше есте қалды. Биыл да түрлі жанрда қалам тербеп жүрген журналистер мен шығармашылық ұжым үздіктері анықталды. Баспасөз материалдары, телесюжеттер, фотожурналистика, операторлық жұмыс, журналистік зерттеу және техникалық шеберлік бойынша үздік шыққан мамандарға арнайы статуэткалар мен ақшалай сертификаттар тапсырылды.
Атап айтқанда, «Жетісу» газетінің бөлім редакторы Күлжиған Тұрсынова «Үздік мақала» номинациясының, «Жетісу» телеарнасының журналисі Айгерім Көппаева «Үздік телесюжет», «Жетісу» газетінің фототілшісі Жұмабай Мұсабеков «Үздік фотосурет», «Еуразия» бірінші арнасының» таспагері Берік Құлшанбаев «Үздік операторлық жұмыс», «Вестник Жетісу» газетінің тілшісі Наталья Денисова «Үздік журналистік зерттеу», «Жетісу» телеарнасының бейнеинженері Аманбол Қабимоллаев «Үздік техникалық редактор» номинацияларының жеңімпаздары атанды.
Арнайы номинациялар да өз иелерін тапты. «Ардагер журналист» аталымы тәжірибелі қаламгер Бағдат Айтмұқаеваға берілсе, Бейсен Құранбек атындағы «Кәсіби шеберлігі үшін» сыйлығы журналист Мұрат Мұқашұлына табысталды. Ал «Үздік баспасөз қызметі» атағын Жетісу облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі жеңіп алып, шығармашылық жұмысына қажетті заманауи техникалармен марапатталды. Кештің соңы мерекелік концертпен жалғасты.
Қорытындылай келе, қоғамның үнін жеткізуді өмірлік ұстанымына айналдырған журналистерге көрсетілген құрмет – сөз қадіріне берілген баға деп есептейміз. Ел мен жұрттың арасына алтын көпір болған қалам иелерінің еңбегі әрдайым жоғары бағаланып, олардың шығармашылық ізденісі жаңа белестерге бастай беретіні сөзсіз.

Гүлнұр БАЙМҰХАН,

Суреттер әкімдік сайтынан алынды