СПОРТ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ

Спорт – денсаулық ĸепілі, оның адам өміріндегі маңызы — дене ĸүшін дамытып қана қоймай, адамның мінез-құлқын да қалыптастырып, тǝртіпĸе, төзімділіĸĸе жǝне мақсатқа жетуге үйретеді. Қазіргі заманда спорт салауатты өмір салтының негізгі бөлігіне айналғанына ешкім таңқалмайды.
Талдықорған қаласында спорт ахуалының дамуы, жетістігі мен дайындық жүйесіне өту, т.с.с. сұрақтарға жауап іздеп ,«Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ-сіне барып бас маман Сергеева Диана Қайратқызымен сұбхаттасудың сәті түскен еді.
— Қаланың спорт саласында айтарлықтай қандай өзгерістер мен мақсатты істер атқарылуда?
— 2024 жылдың сәуір айында Талдықорған қаласы әкімдігінің қолдауымен «Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі мемлекеттік мекемесі» жеке бөлім болып құрылып, өз қызметін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асыруда.
Бөлімнің негізгі мақсаты – Талдықорған қаласының аумағында дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, бұқаралық спортты дамыту, тұрғындарды дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ету, сондай-ақ спорт саласындағы мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуін қамтамасыз ету.
Бөлім құрылған сәттен бастап қала тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасауға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта балалар, жастар, студенттер, мемлекеттік қызметшілер, еңбек ұжымдары, әскери қызметшілер, ардагерлер және қала тұрғындарының басқа да санаттары арасында түрлі спорттық-бұқаралық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі мемлекеттік мекемесі 2024–2026 жылдар аралығында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және қала тұрғындарын спортпен тұрақты шұғылдануға тарту бағытында бірқатар спорттық-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырып, өткізді.
2024 жылы қала көлемінде 135 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіліп, 14 мыңнан астам адам қатысты.
2025 жылы бұқаралық спортты дамыту және насихаттау мақсатында 253 спорттық шара ұйымдастырылып, оларға 15 000-нан астам қала тұрғыны қатысты.
2026 жылы да осы мақсаттағы жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері 80-нен астам спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылып, оларға 8 000-нан астам қала тұрғыны қатысты.
Негізгі іс-шаралар:
Талдықорған қаласында әуесқой спортты дамыту мақсатында қысқы маусымда волейболдан және футзалдан бірқатар ашық чемпионаттар өткізілді. Әуесқой командалар арасында волейболдан қысқы ашық біріншілік ұйымдастырылып, оған 250-ге жуық спортшы қатысты.
Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына арналған ардагерлер арасында шағын футболдан турнир өткізіліп, 30-дан астам ардагер спортшы бақ сынады.
Талдықорған гарнизоны әскери бөлімдері арасында рейтингтік спартакиада жарыстары жалғасын тауып, волейболдан және шаңғы жарысынан турнирлер ұйымдастырылды. Жарыстарға 8 әскери бөлімнің командалары қатысып, әскери қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосты.
— Жастарды спортқа баулу мақсатында тәжірибесі мол ардагер спортшылармен қарым-қатынас жұмысы қалай дамуда?
— Жастарды спортқа баулу және тәжірибе алмасу мақсатында спорт ардагерлерімен ашық форматтағы кездесу ұйымдастырылып, ардагер спортшылар жастармен тәжірибелерімен бөлісті.
Ересектер арасында халықаралық деңгейдегі «TALDYQORGAN CUP» футзал турнирі өткізілді. Турнирге Қазақстанның бірнеше өңірінен және Қырғыз Республикасынан келген 16 команда қатысып, жалпы жүлде қоры 4 миллион теңгені құрады.
Үстел теннисінен ашық лига ұйымдастырылып, жарысқа қаланың 100-ден астам спортшысы қатысты. Лига аясында бірнеше кезең өткізіліп, спортшылар арасында тартысты кездесулер өтті.
Балалар мен жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан Талдықорған қаласының біріншілігі өткізілді. Аталған жарыс ұлттық спорт түрлерін дамытуға және жасөспірімдердің логикалық ойлау қабілеттерін арттыруға бағытталды.
Айта кетерлігі, спорттық шаралардан әйелдер қауымы да құралақан қалған жоқ. Мысалы, Халықаралық әйелдер күніне орай бильярд спортынан Талдықорған қаласының ашық турнирі және әйелдер арасында волейболдан ашық чемпионат өткізілді. Жарыстарға қаланың үздік спортшылары мен командалары қатысты.
Жасөспірімдер арасында дзюдодан ашық турнир ұйымдастырылып, оған 800-ге жуық жас спортшы қатысып, өз шеберліктерін көрсетті.
Мектеп мұз айдындарын Pickleball спортына бейімдеу жобасы аясында мұғалімдерге арналған арнайы шеберлік сабағы өткізілді. Жоба жаңа спорт түрін дамытуға және білім беру ұйымдарында бұқаралық спортты кеңінен енгізуге бағытталған.
Ұлттық спорт күні аясында білім беру ұйымдарында ұлттық ойындардан жарыстар мен көрсетілімдер өткізіліп, оқушылар арасында ұлттық спорт түрлері кеңінен насихатталды.
Кикбоксингтен Талдықорған қаласының ашық біріншілігі ұйымдастырылып, жарысқа 200-ден астам спортшы қатысты.
Наурыз мерекесі аясында дәстүрлі «Талдықорған барысы» турнирі өткізілді. Турнирге 30-дан астам палуан қатысып, жеңімпаздар арнайы белдіктермен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Оқушылар арасында таңғы жаттығулар ұйымдастырылып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар, белгілі спортшылармен кездесулер ұйымдастырылып, жастарға мотивациялық бағыттағы әңгімелер айтылды.
— Салауаттылық бағытта және елжандылық бағытта қандай спорттық іс-шаралар бар деп айта аласыз?
— «Спорт есірткіге қарсы» ұранымен жалпы қалалық жүгіру акциясы ұйымдастырылып, оған 100-ге жуық қала тұрғыны қатысты.
Әскери-патриоттық тәрбиені дамыту мақсатында «SPORT FEST» әскери-патриоттық жарысы өткізілді. Жарыс қорытындысы бойынша қала мектептерінің командалары өзара бақ сынап, үздіктер анықталды.
Балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту мақсатында ұйымдастырылатын дәстүрлі «Былғары доп» футбол турниріне жалпы саны 118 команда қатысуға өтінім білдірді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 3 280 000 теңгені құрайды. Турнир 4 жас ерекшелік санаты бойынша өткізіліп, жеңімпаздар мен үздік ойыншылар арнайы марапаттарға ие болады.
— Мектеп оқушыларын спортқа бейімдеудің қандай жолдары бар?
— Айта кетсек, Талдықорған қаласында 30 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оқушыларды бұқаралық спортқа тарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және олардың спорттық қабілеттерін дамыту мақсатында барлық мектептерде тегін спорт секциялары мен үйірмелері ұйымдастырылған.
Әрбір мектепте спорттың түрлері бойынша үйірмелер тұрақты түрде жұмыс істейді. Атап айтқанда, футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, қазақ күресі және басқа да спорт түрлері бойынша жаттығулар өткізіледі. Бұл үйірмелер оқушылардың дене дайындығын нығайтуға, спортқа деген қызығушылығын арттыруға, талантты балаларды анықтап, оларды кәсіби спортқа бағыттауға мүмкіндік береді.
Мектептердегі спорт үйірмелерінің жүйелі жұмысы нәтижесінде оқушылар қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға белсенді қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуде.
Жалпы, өткізілген іс-шаралар Талдықорған қаласында бұқаралық спортты дамытуға, тұрғындардың дене белсенділігін арттыруға, жастарды спортқа баулуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.
— Сіздер жоспарлаған 2024-2026 жылдар аралығында спортпен айналысатындар саны артты ма?
— 2024–2026 жылдар аралығында Талдықорған қаласында өткізілген спорттық іс-шаралар нәтижесінде бұқаралық спортпен жүйелі айналысатын тұрғындар саны артты, жастардың спортқа қызығушылығы күшейді, ұлттық спорт түрлерінің дамуына жаңа серпін берілді және «халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйымдастыру тәжірибесі қалыптасты» деп айта аламыз.
Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей, 2024 жылы 135 шараға 14000- нан астам адам, 2025 жылы 253 спорттық шараға 15000 нан астам адам қатысты. 2026 жылы бүгінгі күнге дейін 80-нен астам спорттық шараға 8000 -нан астам адам қатысты. Жылдың аяғына дейін бұл цифр екі еседен асып түсуі әбден мүмкін.
Алдағы кезеңде спорттық инфрақұрылымды жетілдіру, халықаралық жарыстар санын көбейту, цифрлық спорт жобаларын енгізу және халықтың барлық санатын бұқаралық спортпен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.
Автордан: Дейтұрғанмен, қазіргі кездегі «Дамубала кз». арнайы порталына тіркеле алмай, 4 пен 17 жас арасындағы оқушы балаларын тегін үйірмелерге жаздыра алмай жүрген ата-аналар көп. Қалалық әкімдіктің спорт бөлімі мемлекеттің осы бағыттағы саясатын орындауда қалалықтарға қандай көмек көрсете алады? Жақсы порталдың қолжетімділігі көп ата-анаға түсініксіз. Дамубала.кз. порталының қолжетімділігін анықтап түсіндіріп беру мүмкіндігі бола ма?
Сембек АБДРАХМАНОВ










