ЖАҒАЖАЙДАҒЫ КӨҢІЛДІ КЕШ

0
36

Ақпараттың шынайылығы мен сөздің салмағы сынға түсетін бүгінгі кезеңде журналистің еңбегі бұрынғыдан да маңызды болып барады. Қоғамның тыныс-тіршілігін таразылап, ел мен билік арасындағы алтын көпірге айналған ақпарат саласы қызметкерлеріне құрмет көрсету – олардың жауапты еңбегіне берілген лайықты баға. Осы орайда Талдықорған қаласында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған ерекше кездесу ұйымдастырылды.

Қалалық жағажай аумағында өткен мерекелік басқосуға республикалық, облыстық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сала ардагерлері, жас журналистер, медиа мамандары мен блогерлер және тұрғындар жиналды. Еркін форматта өткен шара шығармашылық орта өкілдерінің өзара пікір алмасып, кәсіби мерекені көтеріңкі көңіл күймен атап өтуіне мүмкіндік берді.
Журналистер қауымын кәсіби мерекесімен құттықтаған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орнына тоқталып, ақпарат кеңістігінде адалдық пен жауапкершілікті басты ұстаным еткен журналистердің еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін айтты. Сонымен қатар, өңірдің тыныс-тіршілігін елге танытудағы қалам иелерінің үлесін жоғары бағалады.
Мерекелік шара аясында ақпарат саласында жемісті еңбек етіп жүрген 60-қа жуық журналист, оператор, телеарна және баспасөз қызметкерлері Талдықорған қаласы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды. Бұл марапаттар олардың кәсіби шеберлігіне ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігіне көрсетілген құрметтің белгісі болды.
Марапат иелері де жылы лебіздерін білдіріп, кәсіби еңбектің еленуі шығармашылық ізденіске жаңа серпін беретінін айтты. Олар әріптестеріне толайым табыс, тың идеялар мен қаламға қуат тіледі.
Қала басшысы бүгінгі медиа кеңістігінде дәстүрлі ақпарат құралдарымен қатар жаңа медианың да ықпалы артып келе жатқанын атап өтіп, қоғамдық мәселелерді көтеріп, тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы байланысты нығайтуға атсалысып жүрген блогерлерге де алғыс білдірді. Сондай-ақ бірнеше блогерге алғыс хат та табыстады.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. «Талдықорған әуендері» халықтық фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің өнері көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйласа, кеш соңындағы 80, 90 және 2000 жылдардың танымал әндерінен құралған музыкалық бағдарлама мерекенің сәнін кіргізді.
Кәсіби мереке аясында ұйымдастырылған бұл тағылымды кездесу журналист еңбегінің қадірін айшықтап қана қоймай, ақпарат саласы өкілдерінің қоғамдағы беделі мен жауапкершілігінің жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті. Мерекелік көңіл күй сезіліп, БАҚ өкілдері қуанып қалдық.

Гүлнұр БАЙМҰХАН