ОРТАЛЫҚ САЯБАҚ ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ

0
36

        Жансүгіров ауылындағы орталық саябақты жаңғырту жұмыстары басталды. Ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған ауқымды жоба 2026–2027 жылдарға жоспарланған.

      Жобаның негізгі мақсаты – саябақ аумағын абаттандырып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындарға заманауи демалыс орнын қалыптастыру. Жаңарған саябақта балалар мен спорт алаңдары, амфитеатр, бассейн, жүгіру жолы, фудкорт және өзге де демалыс қарастырылған.
Нысанның тапсырыс берушісі – аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімі.
Биыл, яғни 2026 жылы, саябақтағы бұрынғы элементтерді демонтаждау, қажетті шұңқырларды қазу және жер асты инженерлік желілерін жүргізу жұмыстары жоспарланған. Бұл жұмыстар алдағы кезеңдегі құрылыс пен абаттандыру шараларына негіз болады.
Ал 2027 жылы саябақты көркейту жұмыстары кең көлемде жалғасады. Атап айтқанда, екі субұрқақ орнатылып, қолданыстағы бассейнге реконструкция жүргізіледі. Сонымен қатар төрт балалар ойын алаңы, үстел теннисі, футбол және баскетбол алаңдары салынып, аумақта көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары атқарылады.
Жоба толық жүзеге асқаннан кейін орталық саябақ Жансүгіров ауылының тұрғындары үшін жайлы әрі заманауи қоғамдық кеңістікке айналмақ. Мұнда балалардың ойнап, жастардың спортпен шұғылдануына, ал тұрғындардың таза ауада тынығып, бос уақытын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік молаяды.

«Алатау -ақпарат»