ҚЫСҚА ДА НҰСҚА
«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» БАЙҚАУЫ
Биыл дәстүрлі «Мерейлі отбасы» байқауына Жетісу облысынан 428 отбасы қатысып, өңір өтінімдер саны бойынша республикада екінші орынға ие болды. Іріктеуден өткен 20 отбасының ішінен жүлдегерлер анықталып, оларды облыс әкімі Бейбіт Исабаев марапаттады. Олар — білім беру, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардА табысты еңбек етіп жүрген әулеттер.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің 1-орын жүлдесіне көксулық Еркеновтер ие болды. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен отағасы Сәлім Сейтбайұлы КСРО спорт шебері, қазақ күресі мен еркін күрестен бірнеше дүркін жеңімпаз болған. Ал отанасы Қалипан Рыспайқызы – 10 бала тәрбиелеген «Батыр ана», «Алтын жұлдыз» және «Еңбек ардагері» марапаттарының иегері. Бүгінде бұл әулеттің ұрпақтары медицина, ғылым, спорт, құқық қорғау, экономика және мемлекеттік қызмет салаларында табысты еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып келеді. 10 бала, 26 немере, 17 шөбере тәрбиелеп отырған өнегелі әулет. Бұл ретте Еркеновтер отбасы «Мерейлі отбасы» байқауының республикалық кезеңінде Жетісу облысының намысын қорғайтын болады. Байқауда 2-ші және 3-ші орын алған Панфилов ауданынан келген Ахметжановтар мен талдықорғандық Жармұхамедовтар отбасы да – жарты ғасыр бойы шаңырағының берекесін ұйытып, саналы ұрпақ өрбіткен әулеттер. Сол сияқты облыс аймақтарынан келген тағы 7 отбасы ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Жеңімпаздарға ақшалай сертификат, ал жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар тапсырылды. Мерекелік салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
АЛТЫНЕМЕЛДЕ ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ
Кербұлақ ауданының Алтынемел ауылында «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құрылымының 252-бекеті ашылды. Жаңа нысан алты елді мекендегі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, бекет Алтынемел, Ақбастау, Қарлығаш, Байғазы, Қызылмектеп және Тастыбастау ауылдарын қамтиды. Бұл елді мекендерде 2 200-ден астам адам тұрады.
Өрт сөндіру бекеті жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен салынған. Мұнда тәулік бойы кезекшілік атқаруға қажетті жағдай жасалған. Ғимаратта өрт сөндіру көлігіне арналған бокс, демалыс бөлмесі, асүй, душ және жылыту жүйесі бар. Қызметкерлер арнайы дайындықтан өтіп, қажетті құрал-жабдықтармен және өрт сөндіру автоцистернасымен қамтамасыз етілген.
Нысанның ашылу салтанатына Кербұлақ ауданының әкімі Жанат Жүнісбеков, сондай-ақ Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қатысты.
Жаңа бекеттің іске қосылуы ауданның шалғай елді мекендеріндегі өрт қауіпсіздігін күшейтіп, төтенше жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
ТОҒЫЗ АНАҒА МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДА ТАБЫСТАЛДЫ
Талдықорған қаласында көпбалалы аналарға құрмет көрсетіліп, оларға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталды.
Салтанатты рәсім қала әкімдігінің мәжіліс залында өтіп, марапаттарды қала әкімі Ернат Бәзіл тапсырды. Биыл барлығы 9 ана мемлекеттік наградаға ие болды. Оның ішінде 2 ана «Алтын алқа», 7 ана «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталды.
Қала әкімі аналарды құттықтап, бала тәрбиесі мен отбасы берекесін сақтаудағы еңбектерінің маңызын атап өтті.
Марапат иелерінің бірі Нұргүл Бейсенбаева үшін бұл күн ерекше қуанышқа толы болды. Ол ана еңбегіне көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.
«Алтын алқа» мен «Күміс алқа» – көпбалалы аналардың отбасындағы еңбегіне ғана емес, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесіне берілетін мемлекеттік баға. Марапат иелері де бұл құрметті бала тәрбиесіне деген жауапкершіліктің белгісі ретінде қабылдады.
ҚАРАТАЛ ЖАҒАЛАУЫ ТАЗАРТЫЛДЫ
Талдықорғанда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Таза жағалау» экологиялық акциясы өтті. Тазалық жұмыстары Қаратал өзенінің бойындағы, Қызылтас саяжайы маңындағы аумақта жүргізілді.
Акцияға қала әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов бастаған 110 адам қатысты. Оған қоса қоқыс жинау және шығару жұмыстарына 11 арнайы техника жұмылдырылды.
Бір күндік тазалық нәтижесінде өзен жағалауынан 80 тонна қоқыс шығарылды. Шараның мақсаты – жағалауды тазалап қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру.
Акция барысында қала әкімінің орынбасары қоршаған ортаны таза ұстау тек арнайы қызметтердің емес, әр тұрғынның ортақ міндеті екенін атап өтті. Табиғатты қорғау осындай қарапайым істерден басталады.
АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАДЫ
Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдау барысында тұрғындар аулаларды абаттандыру, табиғи газбен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жер телімін қарастыру, елді мекен атауын өзгерту, тұрақты жұмысқа орналасу мәселелерін көтерді.
Қала әкімі әрбір өтінішті мұқият тыңдап, көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеді. Әрбір сұрақ бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуын тұрақты бақылауға алу тапсырылды.
— Халықпен ашық диалог орнатып, әрбір тұрғынның мәселесіне бейжай қарамау — біздің басты міндетіміз. Көтерілген барлық сұрақтар бақылауда болады және кезең-кезеңімен өз шешімін табады, – деді қала әкімі Ернат Бәзіл.
(Ақпараттар ашық дереккөздерден алынды)
