АЛТЫН АЛЫП БЕСІК

0
34

Бұл бесік талайды тербеткен,
Бесікте әкең де ержеткен.
Ұрпағым алаңсыз өссін деп,
Қас шебер қашаған еңбекпен.
“Қазақ аналары — дәстүрге жол” қоғамдық бірлестігі қазақ аналарына отбасы, бала тәрбиесінде тілімізді, ділімізді, ұстанған дінімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымыздың озығын насихаттап, үйрету, тәлім-тәрбиенің өзегі ету мақсатында құрылған. Бүгінде бұл ұйымның еліміздің барлық өңірінде филиалдары ашылып, өз жұмысын ерекше қарқынмен жүргізуде. Олардың қатарында жас аналардан бастап көпті көрген әжелерімізге дейін бар. Сонымен қатар ұйым жұмысы әлеуметтік желілер арқылы да жүзеге асып жатыр. Оларда қыз-келіншектер, әжелер қазақтың дәстүрі, ырым – жоралғысы жайлы пікір алмасып, жан — жақты талдайды. Озығын әспеттеп, тозығын жаңғыртуға ат салысады.

Негізгі мақсаты — ұмытылып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғырту, отбасылық құндылықтарды нығайту, аналар мен әжелер мектебінің дәстүрін жалғастыру және жастарға тәлім-тәрбие беру.
Айнұр ЖүгінісоваБасшылық жасап, негізін қалаушы бірлестіктің төрайымы — Айнұр Жүгінісова.
Еліміздің түкпір-түкпірінде (облыстар мен аудандарда, соның ішінде Талдықорған, Павлодар, Ақтөбе, Атырау және т.б. өңірлерде) филиалдары мен бөлімшелері жұмыс істейді.
Негізінен ұлттық қолөнерді үйрету, аналар мен әжелердің басын қосқан жиындар, тәрбиелік кештер, кездесулер мен байқаулар ұйымдастырылады.
Бірлестік төрайымы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық кеңес мүшесі Айнұр Жүгінісова ұйымның миссиясы жайлы былай дейді:
— Ел қай кезде түзеледі?
Ел отбасында береке мен тәртіп болғанда ғана түзеледі.
Тәртіп-тәрбиесіз білім де, байлық та құнсыз.
Сол себепті, дәстүрімізді лайықты түрде насихаттап, барлық қазақ аналарын сауатты түрде, отбасы өмірін гүлдендіруге бағыттап, тек жақсы, тәрбиелік мәні бар сөз айтайық. Саясатпен ерлеріміз айналыссын, біз отбасымызды тәрбиелейік!
Саяси да, білім жағынан да сауатсыз жастар отбасында дұрыс тәрбиеленбегендіктен шығып жатыр. «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі (РҚБ) құрылған сәттен бастап ел көлемінде ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді жаңғырту және ұрпақ тәрбиесі бағытында ауқымды жұмыстар атқарды.
Ұлттық қолөнер шеберлік бағытында бірлестік мүшелері бос уақыттарында кесте тігу, тоқыма тоқу, ою ойып, көрпе тігу өнерлерін жас буынға үйрету шараларын ұйымдастырады.
Келіндердің қолөнерін кәсіпке айналдыру, салт-дәстүрді жаңғырта отырып, ұлттық нақыштағы бұйымдарды заманауи трендке сай дайындап, өз кәсібін ашқан қыз-келіншектерге қолдау көрсетілді.
25 қазан Республика күніне орай Талдықорған қаласында өткен «Алтын алып бесік» фестивалінің куәсі болдық. Жүргізуші рекордтық өлшемдерді тексеру және сертификаттау рәсіміне Азия және Африка елдері бойынша әлемдік рекордттарды тіркеу жөніндегі бас офицер Қуандық Құдайберген мырзаны шақырды. Қуандық мырза алып бесіктің (Global Best of Rekords) Гиннес рекордттар кітабына енгендігін хабарлап Айнұр Жүгінісоваға сертификат тапсырды. Гиннес рекордтар кітабына енген алып бесіктің өлшемдері келесідей:
Ұзындығы: 6 метр
Биіктігі: 4,5 метр
Ені: 3,5 метр
Бұл алып бесіктің авторы — Дүйсенбай Өзенбаев (өзінің қызы Жанарға арнап жасаған бесігінің үлкейтілген нұсқасы), ал оны құрастырып шыққан шеберлер — Ерзат, Ерлан және Нұрлан Өзенбаевтар.
Талдықорған қаласындағы «Жастар» паркінің кең алаңына үлкен сахна орнатылған. Сахнаның шығыс жақ бөлігіндегі алаңқайға «Алып бесік» қойылған. Алып бесіктің екі жағына симметриалды етіп тең қабырғалы үшбұрыш спетті кішкене 60 бесіктермен әжелер орналасып отырған. Бұл деген тоқтаусыз ұрпақ жалғасуының белгісі болып табылады. Осы жерде алып бесіктің екі жағынан қатарымен шыққан қолдарына сәби ұстаған келіндер бесік қасындағы енеге сәлем беріп, сәбиді бесікке бөлеуге ененің қолына тапсырып, қасына жайғасты. Бесік жыры айтылды. Бата берілді.
Одан әрі сахна төрінде марапаттаулардан кейін әжелердің орындауында концерттік бағдарлама кезек алды. Бұл іс-шараға қазақстанның барлық облыстарынан әжелер қатысты. Жетісу әжелер ансамблі сырнайдың сүйемелдеуімен «Беу айдай», астаналық Құртқа атты әженің орындауындағы Шәмші Қалдаяқовтың «Қайықта» әні ерекше шырқалып, ел құлағын елең еткізді.
Алып бесік қасында тұрған Айнұр Жүгінісовадан: «Алып бесіктен де басқа қандай іс-шаралар өткіздіңіздер?» — деп сұрап қалдық.

 

 

 

 

 

 

 

 

Бұған дейін Түркістанда – «Алып сәукеле» биіктігі 7м, ені 5 метр, желегінің ұзындығы 500м, Алматыда «Алып шаңырақ», «Алып сырмақ» (ұзындығы 130м), Астанада алып «Алтын ұршық» ұзындығы 7м, ені 5м, Аягөз қаласында – «Алып жүрек» биіктігі 6м, ені де 6м. Павлодарда «Алып шапан» мен «Алып кимешек», Бүгінгі «Алып бесік» — сол игі бастамалардың жалғасы, ұлт болашағына арналған аманат. Бесік баланың алғашқы мекені, ананың әлдиі, әженің ақ батасы, отбасының берекесі. Бесікпен бірге тәрбие басталады, дәстүр жалғасады, ұрпақ өседі.
— Бұл іс-шараға қазақстанның қанша облыстарынан қатысып жатыр?
— Бұл іс-шараға қазақстанның барлық облыстарының әжелерінен төмендегідей құрамда қатысты: Павлодардан — 2, Орынбордан – 1, Көкшетаудан – 3, Семейден – 4, Аягөзден – 5, Қырғызстаннан-2, Атыраудан -5, Ақтаудан -8, Ақтөбеден -3, Қарағандыдан -1, Шымкенттен -6, Астанадан – 7, Жамбылдан – 5, Алматы облысы Іле ауданы – 18, Жетісу облысы Ақсу ауданынан – 28, Панфилов ауданынан – 52, Сарқаннан – 19, Текелі қаласынан – 8, Қаратал ауданынан – 5, Ескелді ауданынан – 5, Талдықорған қаласынан – 200 ден астам әжелер және 100 кіші бесік жиналды.
— Жақсы әңгімеңізге көп рахмет істеріңіз сәтті болсын!
“Қазақ аналары — дәстүрге жол” республикалық қоғамдық бірлестігінің кеңесшісі Зәмзәгүл Мұқанқызынан: «Алып бесікті кім жасап шықты? Оған қаражатты қайдан алдыңыздар?» — деп көкейіміздегі сұрақты қоймай тұра алмадық .
— Алып бесікті Көксу ауданындағы «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәриямгүл Оспанқызының басқаруымен сол ауданның шеберлері жасады. Оған 600 мың тг шамасында қаражат жұмсалды. Ол қаражатты осы өңірдегі әжелер өз еріктерімен демеушілік көрсетті. Әрине, ол үшін үлкен алғыс айтамыз.
— Жазушы Мұқтар Әуезовтің «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген қанатты сөзі ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрдің маңызын айқын көрсетеді. Рахмет! Қашан да осындай ауызбіршілікте болғандарыңыз қуантады.

Әлдиім, бөбегім, әлдиім,
Сезінші әжеңнің сан күйін.
Жасыңнан санаңа сіңіріп,
Ұғып өс еліңнің ән – күйін!
Бесік тербетер аналар мен әжелер бар болсын! Бесікке бөленіп, сәбилер өсе берсін!

Сембек әбді-Рахман

«Алатау»