Бар білімнің мекені — кітапхана

0
34

Қазақстанның «Мәдениет туралы» Заңында «Кітапхана – ақпараттық, мәдени, білім беру функцияларын орындайтын, баспа және қолжазба құжаттарының ұйымдастырылған қоры, сондай-ақ графикалық, дыбыстық-көрініс материалдары, электронды жеткізгіштерде құжаттары бар және оларды жеке және заңды тұлғаларға уақытша пайдалануға беретін мәдениет ұйымы» деп көрсетілген.

Кітапхана — университеттің ең негізгі құрылымдарының бірі. Кітапхана ресурстары мен әлемдік ақпараттық ресурстарға жедел қол жеткізу үшін қажетті жағдайлар жасау арқылы оқу орнында білім беру процесі мен ғылыми зерттеулерді қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған орын.
С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің кітапхана тарихына көз жүгіртер болсақ, 1931 жылы медициналық институттың ашылуынан басталады, алғашқы кітап қор жинағы шамамен 6000 данаға жуық болған.
ҚазҰМУ ректорының № 354- Л бұйрығы негізінде кітапханаға 2014 жылы «Ғылыми кітапхана» мәртебесі беріледі.
Бүгінгі таңда ғылыми кітапхананың кітап қоры 1,5 миллионға жуық. Бұл кітаптар, диссертациялар, рефераттар, мемлекеттік, орыс және шет тілдеріндегі оқулықтар, көркем әдебиеттер, мерзімді басылымдар. Университет ғалымдарының еңбектерінің электрондық кітапханасы (ЭК) оқу, оқу-әдістемелік басылымдарды, университеттің ПОҚ монографияларын, еңбектерінің материалдары мен ғылыми конференциялар жинақтарын қамтиды. Көркем әдебиеттер мен өнер туралы әдебиеттерді насихаттаудағы студенттермен жүргізілетін жұмыстар болашақ мамандардың рухани жағынан дамуына үлкен әсер етеді. Бұл әдебиеттер университет кітапханансының бір бөлігін құрайды.
Ғылыми кітапхананың алтын қорында өте сирек кездесетін XVIII-XIX ғасырларда жарық көрген медицина бойынша 3 851 дана әдебиеттер бар, оның ішінде қорда Брокгауз және Ефрон энциклопедиялары да бар.
Мерзімді басылымдар мен электрондық ресурстарға жыл сайынғы жазылуды ұйымдастыру үшін мониторинг жүргізіледі. Ғылыми кітапхана қоры ЖОО кафедраларынан келіп түсетін өтінімдерге сәйкес, кітап қоры жаңа кітаптармен толықтырылып отырады.
Ғылыми кітапхана ақпараттық-библиографиялық қызметтерді ұсынуға көп көңіл бөледі: «Ақпарат күндері», «Кафедра күндері», көрме-қараулар, әдебиеттердің ұсыныс және ғылыми-көмекші тізімдерін жасау, тақырыптық жазбаша және ауызша тақырыптық анықтамаларды орындау. Кітапханалық қызмет көрсету мен қорды насихаттауда жаңа әдебиеттердің көрмесі, еліміздегі айтулы оқиғаларға арналған, тарихы мен әдебиетін насихаттайтын тақырыптық көрмелер үлкен роль атқарады.
Жаңа әдебиеттердің түсуіне қарай ақпараттық бюллетеньдер шығарылады, сондай-ақ, жаңа түсімдердің виртуалды кітап көрмесі түріндегі ақпараттар С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ сайтында, әлеуметтік желілерде орналастырылады.
Кітапхана тек ақпараттық қызметпен ғана айналыспайды, сонымен қатар студенттердің тәрбие процессіне де белсенді қатысады. Оқу конференциялары, пікірталастар, қызықты адамдармен кездесулер, кітап тұсаукесерлері өткізіліп, осы бағыттар бойынша стендтер, тақырыптық библиографиялық шолулар ресімделеді.
Бүгінде кітапхана заманауи ақпараттық технологияларды енгізе отырып, өз дәстүрлерін жалғастыруда. Кітапхананы пайдаланушылар жеке кабинет арқылы кітапхананың ресурстарына қашықтан қол жеткізе алады. Жаңа сервистер әдебиетті іздеу, тапсырыс беру және брондау процестерін автоматтандырылған режимде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Пайдаланушыларға басылымдар іздеуде және таңдауда консультациялық көмек көрсетіледі.
Кітапханада кітапхана процестерін автоматтандыруды және интернет арқылы электрондық каталог қорына қашықтан қол жеткізуді қамтамасыз етуді қамтитын кітапхана процестері үшін арнайы әзірленген «КАБИС» автоматтандырылған кітапхана жүйесі пайдаланылады.
Кітапхананың құрылымы 4 бөлімнен тұрады. Кітап қорын дамыту бөлімі, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі, ақпараттық әдістемелік бөлім, кітапхана процесстерін автоматтандыру бөлімі. Қызмет көрсету бөліміне қарасты: 4 абонемент, 3 оқу залы және электрондық білім беру ресурстарымен жұмыс істеу үшін Интернетке және Wi-fi аймағына қосылған 30 ноутбук, 40 моноблок, 60 компьютермен жабдықталған 1 компьютерлік 1 интернет залы бар.
Студенттер мен қызметкерлерге қолжетімді ресурстар. JoVe, Science Direct, Cochrane library, eBooks Medical Collection, IPR Smart, Aknur Press, Web of Science, Scopus сияқты ірі әлемдік баспалардың халықаралық әлемдік дерекқорларына қол жеткізу, сондай-ақ отандық электрондық платформаларға қол жеткізу мүмкіндігіне ие. Ай сайын ЖОО-ның барлық мектептері факультеттері үшін «ҚазҰМУ Ғылыми кітапханасының электрондық ресурстары» бойынша онлайн және офлайн оқыту семинарлары өткізіліп тұрады.
«Кітапхананы – өзіндік өмірі бар орта» дейміз. Осында отырып, сабаққа дайындалып, кітап оқып, жұмыс істеп, ғылыми еңбектер, зерттеулер жазатындар да бар.
Қазіргі уақытта Ғылыми кітапхана 2026 жылдың сәуір айынан бастап 24/7 яғни тәулік бойы жұмыс істеуде. Кез келген студенттеріміз, магистранттар, резиденттер өзіне ыңғайлы уақытта келе алады. Жаңа жұмыс форматы енгізілген соң кітапханаға келушілер саны да артуда.
Университет тарапынан үнемі кітапханашыларға қолдау көрсетіледі. Кітапханашыларымыз бен қызметкерлеріміз аймақтық және халықаралық конгресске, семинарларға, білім жетілдіру курстарына қатысу арқылы үздіксіз кәсіби даму мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ вебинарлар мен онлайн іс-шараларға да үздіксіз қатысып отырады. Өткен жылы «Алтын Ғасыр» зияткерлік дамыту орталығының ұйымдастыруымен Ғылыми кітапхананың басшысы К.Р.Мейрбекова Түркия елінің астанасы Анкара қаласындағы Президенттік Ұлт Кітапханасында өткен «Заманауи кітапханалардың қызметін ілгерілетудің инновациялық тәжірибесі» атты халықаралық кітапханашылар курс-семинарына қатысса, Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті біліктілікті арттыру және қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен «Заманауи кітапхана: трансформация, инновациялар және бейімдеулер» атты біліктілікті арттыру курсына кітапханашылар Н. Кошымова, Н. Омарова, Г. Ибраева, А. Басимова, Ж. Баймухамедовалар қатысып, сертификаттар алды. Ал, биылғы жылы Оңтүстік Корея Республикасының Пусан қаласында әлемнің 111 мемлекетінен келген кітапхана мамандары қатысып, кәсіби тәжірибе алмасып, кітапхана ісінің заманауи бағыттарын талқылаған «Кітапханалар –трансформация қозғаушысы» тақырыбында өткен ИФЛА-ның 90-шы конгрессіне кітапхана қызметкері А.Қыдыралинова қатысып, үлкен әсер алғандығын айтып, қызметкерлерге слайд-презентация жасап алған білімдерімен бөлісті.
Оқырман талабын бірінші орынға қоятын, кітапқа қолжетімділіктің заманауи тетіктерін табуда үздіксіз ізденіс үстінде жүретін барлық кітапханалар жұмысына сәттілік тілеймін!
Бізбен хабарласқысы келетіндерге – сот: 87024183304.

Қыдыралинова Аяжан Нұртайқызы
С.Ж. Асфендияров атындағы
ҚазҰМУ-нің ғылыми кітапхана басшысының кітапхана ісі жөніндегі орынбасары