Біліміне емес, білігіне сенген студент

0
1133

Студент десе бір кездері қалтасынан табыла кеткен бақыр тиынмен  қарын тойдырып қалуға тырысатын немесе қолы қалт етсе кітапханаға жүгіретін ізденімпаз  адам елестеуші еді.  Ал бүгінде басқаша:  даяшы да – студент,  ірі сауда  орталықтарында қызмет көрсетуші  де – студент,  көлік жуатын көк шылқа жас та – студент. Әлбетте, жастайынан еңбекке араласқанның не айыбы бар дерсіз. Маңдай терімен адал нанын тауып жеп отырған есіл еңбегін де жоққа шығарғымыз келмейді. Десе де, дамылсыз оқып, дәрісханадан табылар шағында, көк қағазды көксетуге не мәжбүр етті деген сұрақ қылаң береді ойда.

Елімізде 175-ке жуық жоғары оқу орнының  60-тан астамы Алматы қаласында болса,  жастармен мерейі тасқан мегаполистегі студенттер саны  да өзге қалалардан басым. Сонымен қатар, бұл қалада ЖОО-ның ақылы бөлімдері теңге валютасымен  орта есеппен 200 мыңнан басталып 1 млн. 500 мыңға дейінгі  қаржыны талап етеді. Енді оған күнкөріс мәселесі мен пәтерақыны  қоссаңыз, оқу ақысынан бөлек студентке ауылдағы қормалдарының қалтасынан айлық шығын ретінде 60 мың теңге қағылатынын есептеңіз.  Студент бола тұрып,  жұмысты не үшін қажетсінетіндіктері туралы интернет желісі арқылы  біраз студентті  әңгімеге тартқанымызда,  көпшілігінен: «Артық ақша студент-тің қалтасына ауырлық түсірмейді» дегенге саятын пікірді оқысақ, енді бірі есімдері мен тұлғаның жеке ақпаратын анонимді түрде қалдыруларын сұрап, мына бір себептерді тізбелеп берді:

#1 студент  («Мега» ойын-сауық, сауда орталығы дүкенінде сатушы-кеңесші. 3–курс):

– Осы орталықтың басқа дүкенінде 2 ай қызмет көрсеткенмін, мына жаңа дүкенге келгеніме 1 ай болды. Part-time уақытымен сабақтан соң жарты күнімді осында өткіземін. Сабақ үлгеріміме тигізер әсері жоқ.  Негізгі міндетіміз клиенттерге тауарды ұсыну, жарнамалау және оның сауда жасауына барынша жағдай жасау. Айлық жалақым – 60 мың теңге. Ата-анам оқу ақысын төлеп жатқандықтан, салмақ салмауға тырысамын.

Бұл жағдай барша студенттерге таныс болса керек.  ҚазҰУ деп аталатын алып қарашаңырақтың қалашығында құрбыммен келе жатқанымда, танысы кезіге кетіп, әңгіме барысында жұмыс іздеп жүргенін айтты. Танысына жаны ашыған құрбым «Бірінші курсқа келгенің кеше ғой, жұмыстың не қажеті бар?» дегені сол еді, үй іші жіберген ақшаны жеткізе алмай жүргендігін айтты. Қайбір шекесі шылқыған тірлік дерсіз, үй ішінің жеткен шамасы сол болар деген оймен, «Олар айына қанша ақша жіберуші еді?» деп едік, беті бүлк етпестен «90 мың» деді. Мәссаған!  «Айналып кетейін-ай, біз сол ақшамен 3 ай өмір сүреміз ғой» дестік құрбым екеуміз әлгі жерде. Қымбатшылықтың  қақ ортасында жүргенімізбен, «үнем» деп үнемі айтатын ата-анаңның жақсы лепесіне үйір болғанның еш зияны жоқ екеніне тағы бір көзіміз жеткендей болды.  Ал мына бір студенттің өз ойынша орынды өкпесін тыңдап, кімді кінәлі қылғандайсың?!  Бұл тұрғыда  3 тараптың  да (оқытушы, ата-ана, студент) біріне тигізген кесірі біріне олқылық болып жармасып отырғаны тағы бар. Қос қамқорымыз– әке-шешеге өкпе артудың жөнсіз екенін білсек те, жалақының бұл жерде рөлі басым. Бұны көрген баланың шыдап жүре алмасы анық. Сосын да өз бетімен еңбек етуге шарасыздан бел буады:  ұстаздар келіп студентті дәріс үстінде көре алмайды. Оқытушы біткен білім беру методикасына ептеп өзгеріс енгізсе, «мәтіннен» жалыққан студенттердің мамандығына деген құлшынысы артар ма еді?

#2 студент (Ірі банктің бірінде кредит картасын сату жөніндегі кеңесші,  call-оператор, 3-курс):

– 450 мыңға жуық  оқу ақысын  төлейміз.  Әр семестр сайын ата-анам шыр-пыр болып ақшаның басын әрең құрайды. Сондықтан ақшаның  тым болмағанда 20-30%-ын өзім төлеуге тырысамын. Әке-шешеме ақыны бекер өтеп отырғандарын, ЖОО-ны бітірген соң бұл мамандықпен жұмыс атқара алмайтынымды айтуға қынжыламын.  2 пар лекцияда отырып, «Википедиядан» алынған мәліметті оқытушының зулатып оқып шыққанын тыңдағым келмейді. Уақытымды зая кетіріп алудан қорқамын. Одан да менің  жұмысқа барар жолда оқытушының дәрісін  интернеттен бір оқып алып, қызмет орнымда тәжірибе жинақтаған әлдеқайда артық.  «Құрғақ» теория кім-кімді де жалықтырары анық.

P.S: Бір есептен – салдардан гөрі себепке жиі назар аударсаң, жоғардағы студенттердің жырын оқып, жөн-ақ дегің келеді. Тағы бір есептен – Мағжанның «…Мен жастарға сенемін» деген сөзіне ден қойсақ, жастарға оқудың ауадай қажеттілігі аңғарылатындай. Осындайда, кезінде АҚШ президенті Джон Кеннеди айтқан мына бір сөз еске түседі екен: «Бізге өзімізде ешқашан болмаған дүниелерді армандайтын жастар керек» деп. Әсілі, бізге де сондай жастар керек-ақ, шамасы..?

Д.БЕЙБІТ.

 


ПІКІР ЖАЗУ