«Он үште отау иесі» десек те…

0
1365

Қазақ отбасындағы маңызды қызметтердің бірі саналатын тәрбие мәселесінде жанұяның алтын қазығы, болашақ ана – қыз бала тәрбиесіне барынша көңіл аударылғаны айдан анық. Ертеден  жалғасын тауып келе жатқан ата дәстүр мен саналы тәрбие бүгінгі таңда қаншалықты ұштасып жатыр? Салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды ауызша дәріптеп жүргенімізбен, отбасындағы қазақы тәрбие қандай дәрежеде жүргізілуде? Басқасын былай қойғанда, күні кеше ғана 3-сынып оқушыларына жыныстық қатынас туралы айтылуы тиіс деп ұрандатқан мамандар пікірі мен біздің сан ғасырлар бойы сақталып қалған салт-санамыз үйлесім таба ма? Бұл жаңашылдықты бүлдіршіндер қалай қабылдайды? Ата-ана мен ұстаздар қауымы бұл турасында қандай ойда? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

      Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенер болсақ, Қазақстанда кәмелет жасына толмаған қыздар арасында жылына 1300-ге жуық жасанды түсік жасалады екен. Қолданыстағы заңға сәйкес жүкті жасөспірім ата-анасының қатысуынсыз медициналық көмек ала алмайды. Сол себепті де жасырын түрде жүктілікті тоқтату әрекетіне барады. Бүгінгі күні бұл жағдай мамандардың алаңдаушылығын туғызуда. Сондықтан осы статистикаға байланысты бастамашыл топ балаларға төменгі сыныптан бастап жыныстық қарым-қатынас туралы айтуды жөн санап отыр.

     Нақтылай кетсек, өткен аптада көгілдір экрандағы жаңалықтардың бірінен сөз сөйлеген акушер-гинеколог Галина Гребенникова 15 жаста аяғы ауыр болған бойжеткеннің қайтыс болу қаупі ересектерге қарағанда 20 есе көп болатынын жеткізген еді. Ал Қазақстан репродуктив медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин болса бастауыш сыныптан бастап жыныстық сауатты ашу керек деп есептейді. Ол бұл жөнінде: «Сегізінші сыныптағы анатомия деңгейінде емес, ертерек, үшінші-төртінші сыныптан бастау керек. Оны тәжірибелі педагог жүргізуі қажет. Бұл тақырып жабық күйінде қалмауы керек. Жабық тақырып қара базармен тең. Ол тамақ ішу, ұйықтау, өмір сүру секілді ғой. Осылай түсіндіру керек» деген ойда.

     Ал психолог маман бұл пікір ойланбай немесе жай айтылған сөз болуы мүмкін деп есептейді. Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің психологы Әсем Әшімханқызының айтуынша бұл бала санасын улаумен тең.

     – 3-4 сынып оқушылары 8-10 жас аралығындағы балалар. Бұл жаста баланың даму және оқу жылдамдығы өте жоғары болады. Сондай-ақ, осы кезеңде бала миы айналада болып жатқан әрекеттерді ақылға салу арқылы ой түюді және соны белгілі бір нақты мәселелер мен оқиғаларға қолдануды жүзеге асыра бастайды. Ал енді осындай жастағы балалармен жыныстық қатынас жөнінде сөз қозғайтын болсақ арты не болмақшы? Бұл – баланың ақыл-ой, сана-сезімін улайтын жағдай деп есептеймін. Керісінше бұл жастағы балаларға сапалы тәрбие беру керек. Оған үйдегі ата-аан, мектептегі сынып жетекшісі мен ұстаздары жауапты болуы керек. Яғни, осы арқылы жас жеткіншекті жауапкершілікке, құндылықтар мен шынайы сезімді қадірлеуге үйретудің бастамасы болар еді,– дейді Әсем Әшімханқызы.

     Бесіктен белі шықпаған жас баланы былай қойғанда үлкен адаммен әңгіме қылып айтуға ауыз бармайтын бұл мәселе біздің қазақы менталитетімізге тіптен кереғар екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан бұл жөнінде қоғамда түрлі көзқарас қалыптасып, басылымдарда түрлі пікірлер жарыса жазылуда. Мәселен, белгілі ардагер ұстаз, Еңбек Ері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аягүл Миразова «Аbai.kz» ақпараттық порталына берген сұхбатында балаға ерте жастан жыныстық қатынас туралы айтудың қажеті жоқтығын, керісінше ұлттық тәрбие берілу керектігін айтқан.

     – Қазір мектепке ана сабақты енгізу керек, мына сабақты енгізу керек дейді. Бірақ, сол топырлап енген сабақтардан пайда көріп жатқанымыз шамалы. Сосын балаға жыныстық сауат туралы көп айтып, неғұрлым тыйымды көп жасасаң, бала соғұрлым соған ынтық болады-ау деймін. Бұл мәселені үшінші класстың баласы әрине қабылдамайды. Оған қызық көрінуі мүмкін. Бірақ, менің ойымша, балаға ерте бастан ондай дүниені айту – пайда бермейді керісінше, баланы бұзады,– дейді ол өз пікірінде. 

     Бұл жөнінде «балаға берілетін тәрбие отбасынан бастау алуы керек» дегенді №23 орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қарғаш Асылбекова алға тартып отыр.

     – Қарыштап дамып келе жатқан қазіргі заманда ұл бала болсын, қыз бала болсын жыныстық қатынастың салдары және ерте жүктілік пен жасанды түсіктің денсаулыққа зияны туралы білгені абзал. Дегенмен, мұндай жағдайлардың алдын алуды бастауыш сынып балаларынан бастағанды жөн деп есептемеймін. Керісінше бұл жастағы қыз балаларға анасы тарапынан көп көңіл бөлінуі және ақыл-кеңестер айтылуы қажет. Ал ұстаздар қауымы 5-6 сыныптан бастап ұл және қыз балалар арасында жеке-жеке әңгімелер ұйымдастырып, медициналық қызметкерлермен кездесулерде түйткілді мәселе турасында сөз қозғаса жасөспірімдер түрлі қателіктерге ұрынбас еді,– деп сөзін түйіндеді ұстаз.

     Бастауыш сынып оқушыларын ерте жастан ересек өмірге дайындауды ата-аналар қауымы да құп көрмейтінге ұқсайды. Себебі, ата-аналар тарапынан айтылған бірнеше пікірдің барлығы дерлік ерте жастан бастап баламен ересек өмір туралы әңгіме қозғауға қарсы. «Алдымен отбасындағы тәрбие мықты болуы керек» – дейді олар.

     P.S. Ықылым заманнан бері «он үште отау иесі» деп танып, бұл жасқа келгенді азамат болдыға балап, бір шаңырақтың жүгін арқалатқан.  Дегенмен, бұрынғының бұл көрегенділігін алға тарта отырып, он үшке толмаған бүгінгі жасқа ерте бастан интимдік мәселелер турасында әңгіме айтудың өзі қазақылығымызға жат қылық. Жастар арасында жиілеп кеткен мұндай қауіп-қатердің алдын аламыз деп жүріп, көңілінде ешбір кіршік жоқ балғын балалардың санасына «біртүрлі» тәрбиені ашықтан ашық жеткізу арқылы қауіп-қатерді көбейтіп алмасақ игі еді.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

 

Кілтсөздер:ДЕНСАУЛЫҚ


ПІКІР ЖАЗУ