Cүт мұнайдан қымбат па?

0
1499

Азық-түлік белдеуінің бірі – сүт өндіру бағдарламасы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылы Алматы облысына іс-сапармен келгенде өңірде ауылшаруашылық бағытында қызылша және сүт өндірудің кенжелеп қалғанын сынға алып, сол кездегі облыс әкімі болған Аңсар Мұсахановты сенатқа ауыстырып, орнына орынбасары болған Амандық Баталовты әкім қызметіне тағайындап кеткен болатын.

     Содан бергі аралықта алты жылдың жүзі болыпты. Облыс тізгінін қолына алған Амандық Ғаббасұлы Елбасының тапсырған міндеттемелері бойынша қызылша мен сүт өндіруді бірден қолға алды. Алайда, тәтті түбір өндіруден жоспарлы межеге жеткенімен, сүт өнді-ру бағыты әлі де көңіл көншіте қой-майды. Кешегі кеңестік кезеңдерде ұжымшарлардағы бір жүйеліліктің арқа-сында сауын фермаларындағы малдың сүті бірден өндіріс орындарына жіберілетін. Қазір ол дәурен келмеске кетіп, жекешелендіру дәуіріндегі ірі агрофирмалар болмаса, ірі қара өсіріп отырған шаруалардың көбі сүт өндірумен айналыспайды. Сүттен өндірілетін кілегей, қатық, айран ірімшік, құрт, сары май, сыр өнімдерін өндіретін кішігірім зауыттар, сауын фермалары бар шаруашылықтар мен қолдарындағы азын-аулақ малдарының сүтін сатып, күн көріп отырған ауыл тұрғындарынан сүт жинап жүр. Ауыл тұрғындарының көбі сауылған малдың сүттерін базарға апарып, қолма-қол саудалағанды тиімді санайды. Себебі, базардағы бір литр сүттің бағасы – 200 теңге. Ал, сүт өнімдерін өндіретін шағын және үлкен өндіріс орындары, елден жинаған сүттің әр литрін 100, 120, 135 теңгеден алуда. Бұл баға – қолындағы малына қарап отырған ауылдықтардың көңілін көншітпейді. Сол себепті де, тікелей базарға шығарып сатқанды жөн санайды.
     Сүттен өнім өндіретін кәсіпорындар мемлекеттің қамқорлығында. Мәселен, оларға сүтті сатып алуға, өнім өндіруге 527 миллион теңге субсидия берілуде. Бұл Алматы облысындағы 22 сүт өнімін өндіретін кәсіпорынға тиесілі қаржы. 2015 жылы Алматы облысы бойынша 693 мың тонна сүт өндіріліп, оның 26%-ы ғана өңдеуден өтсе, 2019 жылы 787000-790000 тонна сүт өндірілген. 2020 жылы бұл көрсеткішті 300 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Тағы да нақты фактілерге жүгінсек, 2015 жылы облыста 13,2 мың бас ірі қараны топтастырған 51 тауарлы сүт фермасы жұмыс істесе, бүгінгі таңда 77 тауарлы сүт фермасы тұрақты жұмыс атқаруда. Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметтері бойынша 17195 бас сауын сиырдан күніне 15-20 литр сүт алынады. Жалпы облыс бойынша тауарлы сүт өңдеу орындары қуаттылығы 250 мың тонна сүт өндіруі тиіс болса, бүгінгі таңда 87 мың тонна сүт өндіруде. Оның 40 мың тоннасы тұрғындардан алынады. Бұдан бес жылғы көрсеткішпен салыстырғанда сүт өнімін өндіруде анағұрлым іргерілеушіліктер бар.
     2015 жылғы көрсеткіште өндірілетін сүт көлемі жылына 40 мың тоннаны құраған. Онда ішкі нарықта тұтынылған сүттің 22%-ы немесе 35 мың тоннасы импорт өнімі болса, облыста өндірілетін 125 мың тонна сүттің 3,2%-ы немесе 4 мың тоннасы ғана шетелге шығарылған. Мұны сол тұстағы Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып тұрған Сексембай Бекішов айтқан болатын. Жекеменшік дәуірдегі нарық заманына орай, мал басының көбі жеке тұрғындарда олардан алынатын сүттің өзі зертханалық тексеруден жіті өтетінін, олардың майлылық, тағы басқа да құрамдарының қалыпты болуы қатаң қадағаланды. Сарқан, Алакөл, Ескелді тағы басқа аудандарда сүтке деген сұраныстың артқандығын зерделеген шаруалар өздерінің бағымындағы малдарымен қоса елдің қоспа малдарын да біріктіріп бағып, солардан алынған сүт өнімдерін өңдеуші кәсіпорындарға өткізуде. Себеп, мемлекеттен берілетін субсидия ірі қара мал өсірушілерді ынталандыруда. Субсидияның киллограмын 10 теңгеден алып отырған шаруалар аналық басты ірі қараның санын көбейтуде оларды асылдандыруға зейін қойған. Кейінгі жылдары Балқаш, Талғар ауданының шаруалары шетелдік іріқараларды сатып алуда. Бұл үрдіс облыстың барлық ауданында жүзеге асып келеді. Өзекті өртеп тұрған бір өкініш осы малдарға жем-қорын дайындайтын жер тапшылығы қолбайлау болуда. Бар гәп, мың жерден зертханалық тексеруден өткен сүттердің сапасы стандартқа сай келе ме? Бұл да бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Ірі қараның көбі үй шаруашылығында болуы сүт фермаларын шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешуге кедергі болуда. Осы мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру тәсілі қолға алынған. Сүт өндіріп, өңдеудің және таратудың кластерлік түріне көшкен біздің жағдайымызға тіпті тиімді. Оның үстіне Үкімет 2017 жылдан бастап осындай отбасылық фермаларға 30% көлемінде субсидия төлейді. Азық-түліктің ішіндегі айрықша орын алатын сүт өнімін өндіру, санитарлық-гигиеналық тазалық басты талап. Әсіресе, елден жиналған сүт өнімдері арнайы зертханада тексеріледі. Ескіні елемей, жаңаның жаңғыруы екі талай екенін ескерсек, кешегі кеңестік кезеңде шаруашылықтардағы аналық сиырды сауу көбіне автоматты түтік арқылы жүзеге асатын. Бұл сауыншылардың да жұмысын жеңілдететін. Қазіргі таңда осы жүйеге ірі агрофирмалар ғана болмаса, жеке малдарының сүтін сауып өткізіп жүргендердің гигиеналық тазалықтары, сүттің сапалығына қаншалық мән беріліп жатқанын ешкім де бақылай алмайды.
     Иә, кемелденген, төрт құбыласы тең үлкен агрофирмаларда 1000 басқа дейінгі аналық сиырларды автоматтандырылған жүйемен небәрі 7-8 сауыншы сауып жүр. Бұлар 100 сиырға дейін сауа алады. Өйткені бәрі автоматты жүйемен іске асады. Панфилов ауданы «Көктал АГРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2021 жылға Австриядан 1000 аналық құнажын әкелуді жоспарлапты. Соның 124 басын өткен жылы алып келіп күтімге алған. Бүгінде соның 34 басы бұзаулап, автоматты жүйемен сауынға алыныпты. «Күніне әр сиырдан 20 литрден сүт сауылуда»,– дейді шаруашылық директоры Жәнібек Оқанов. Жылдың төрт мезгілінде қорда тұратын сауын сиырлардың жемдік қоры жеткілікті дейді Панфилов ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жұмағазы Найман-таев. Тауарлы сүт фермаларының көбеюіне «Сыбаға»,«Құлан», «Алтынасық» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асуы және ірі қараның жылдан-жылға өсуі дәнекер болуда.
     «Аграрлық несие корпорациясының» қаржыландыруымен 50-200 бас сауын сиыр ұстауға арналған фермалар ашу жұмысы қызу жүріп жатыр. 2021 жылға дейін облыстағы тауарлы сүт фермаларының саны 100 бірліктен асып, сауылатын сиырдың басы 23 мыңға жетеді. Өңірдегі тауарлы-сүт фермаларының табысты жұмысы Талғар, Еңбекшіқазақ, Көксу, Қаратал аудандарында қарқынды жұмыс істеуде. Мысалға, Көксу ауданындағы «Каримов» жеке шаруа қожалығы ауданда бірінші болып жаңа технологиямен сүт өндіруді бастапты. Мемлекет жекешелік әріптестігі негізінде ашылған тауарлы сүт фермасында 400 бас сауын сиыр бар. Малдың барлығы асыл тұқымды, шетелден әкелінген. Фермадағы жұмыс та толықтай цифрлы жүйеде басқарылады. Сауын сиырлардың жем-шөбін уақытылы берумен астын тазалап, суаруға дейінгі әрекет арнайы жүйеде бақыланады. Ал сиырды 4 робот сауып, сүтінің құрамын анықтап, тұтынуға жіберуге дайындайды. Қазір сауылып тұрған 309 сиырдан тәулігіне 10 мың тоннаға дейін сүт жиналады екен.Қаратал ауданындағы «Тастөбе Агрофуд» ЖШС — нің тауарлы сүт фермасындағы жұмыс та жаңаша ұйымдастырылуымен ерекшеленеді. Фермадағы жұмыс-тың дені автоматтандырылған бір жүйеде атқарылады. Сиырлар неміс технологиясының құрылғысымен сауылады. Қорадағы 24 сиырдың сүтін төкпей-шашпай сауатын аппарат пен малды күтіп-баптау процесі «Dairy plan» жүйесінде жұмыс істейді. Өндірісті тұтастай автоматтандыру өнімділікке жол ашқан. Еңбекшіқазақ ауданындағы «Адал» компаниясының сүт зауытында да тәулігіне 150 тонна сүт өңдейтін 2 цех бар. Зауытта пастерленген және ультрапастерленген сүт, қаймақ, айран, сүзбе, сары май сияқты сүт өнімдерінің 56 түрі шығарылады. Төрт бағытта жұмыс істейтін компания тауарлы сүт фермаларын дамытуға барынша мүдделі. Ал Талғар ауданындағы «Байсерке-Агро» ЖШС туралы кеңінен айтуға болады. Мемлекет және қоғам қайраткері Темірхан Досмұхамбетов басқаратын шаруашылықта ғылым мен еңбек ұштастырыла өрбіп, өндірістің дамуы жаңаша бағытта жолға қойылған. Бір ғана мал басын көбейту мен сүт өндіруге қатысты айтар болсақ, биыл облыс бойынша ірі қара санын арттыруда топ бастады. Бұл шаруашылықта мүйізді ірі қараның қазақстандық «Ақбас» және «Әулиекөл» тұқымы өсірілді. Осы екі тұқымнан төл алуда рекорд жасалды деуге болады. Ал бір сауғанда 70 литрге дейін сүт беретін асыл тұқымды «Ангус» және «Герефорд» сиырлары Канададан әкелінген болатын. Сүт фермасындағы жұмыс толық цифрлы технологияда атқарылады. Бұл мысалдардың барлығынан аймақтағы сүт өнімдерінің өндірісі артып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға жасалған нақты қадам. Сүт қабылдайтын кәсіпорындар жеке тұрғындардан сүттің әр литрін 100,120,135 теңгеден қабылдайды. Бұл баға сүт өткізетін ауыл тұрғындары үшін тиімді ме? Қолдарындағы малы көп болса екі үш литр сүт берер. Бір отбасында екі-үш, әрі кетсе төрт бес бас мал болса, соның бәрі сауылғанда әр сиырдан 3 литрден сүт сауылғанда 5-ті 3-ке көбейтсеңіз 15 литр сүт алынады екен. Сол он бес литр сүтті 100 теңгеге көбейтсеңіз 1500, 120-ға көбейтсеңіз 1800, 135-ке көбейтсеңіз 2025 теңге болады. Бұл бағаға қанағаттанбағандардың көбі сүттерін базарларға шығарып, литрін 200 теңгеден сатып отырғандарын мақала барысында айттық. Ал, интернет желісінде «бір литр сүттің бағасы жанармайдан 2-3 есе қымбат. Сонда сүт зауыты мұнай өндіруші зауыттан көп ақша таба ма?» деген ақпаратты көзіміз шалды. Бұл пікірмен мүлде келісуге болмайды. Себебі, сүт өнімімен айналысатын кәсіпорындардың 50 пайызы ғана таза өнім өндіріп отыр. Ал, қалғандары сүт өндіру үшін түрлі қоспалар қосып отырғаны жасырын емес-ті. Бұқара таза сүт ішу үшін сүт зауыттары қуаттылығы толықтай жұмыс істеу керек. Ол үшін ірі қара мал басы көбеймей, әрі асылданбай, мұнай өнімімен теңесе алмайды. Сүт мұнайдың шегіне де жете алмайды. Мұнай мен сүтті салыс-тырып жүргендер сауда нүктелеріндегі сүттің бағасын айтуда. Нарық заманында саудагерлер мен өнім өндірушілер « қайдан құлақ шығарса» өз еріктері болып тұр

Айтақын МҰХАМАДИ

Кілтсөздер:ЭКОНОМИКА


ПІКІР ЖАЗУ