«Қарашоқылықтардың» қадамы нық

0
1627

Сонау бала кезімізден айтып жүретін  «Гүлденсе ауыл гүлденеміз бәріміз» деген  ұран болған еді.  Осы сөзге немқұрайлы қарап, тіпті миығынан күліп отырғандарды да көргенбіз. Алайда, түп тамырымыз ауыл болған соң бұл сөздің астарында үлкен мән-мағына барын қазір көбі шын ықыласпен ұғынғандай.

…Ауылдағы  халықтың  жүрегі  кең ғой, шіркін. Бір ауыл үлкен отбасы секілді. Жалғыз шаттық қуантады әр үйді, шөкім қайғыға барлық халық налиды. Сондықтан бөркін аспанға атып тойлайтын мерекелерде де, жан азасына да ауылдықтар жұмылған жұдырықтай атсалысады.

    Әр мерекеде бір-бірінің үйіне кіріп, жайылған дастарханнан  дәм татады. Ұлыстың ұлы мерекесі Наурыз да  ауылда  ерекше аталып өтіледі. Шағын шараның шырайын кіргізіп, атымтайлар мал атап, жомарт жүректер бәйге тігіп, ұлттық мереке – ұлыс күні Бөжейдің асынан кем өтпейді.Тіпті  алты бақанды да ауылдың алпамса жігіттері құрып, шаңырақ көтеріп, ақшаңқан киіз үйлерді  өздері құрастыра береді. Ал  ұлттық ойындарды ауыл белсенділері ұйымдастырып, жастарға жігер беру жолында жан аямайды десек, мұны  асыра айтты демеңіз… Ал  ауыл  баласының  жөні тіптен  бөлек. Бір қолында кәмпиті, бір қолында ойыншығы. Телефон дейтін қорапқа емес, жасыл жайлау кең жолаққа көз тастап ойнайды. Шыбықты ат қылып мініп, сырықты қылыш қылып, көше бойында асық ойнап жүрген  де солар.

      Біз  барған ауылдан да осыны аңғардық. Аудан орталығы Сарыөзек кентінен оңтүстік батысқа қарай 27 шақырымдай жерде, Қарашоқы тауының  баурайында  орын тепкен ауыл ажарына,  елдің ыстық ықыласы мен  кең пейіліне қарап-ақ  көңіл  тояды.  Бүгінгі таңда Қарашоқы ауылдық округінде  2 жарым мыңдай  халық өмір сүруде. Бұл  Рудник Архарлы  ауыл  халқын қосқандағы көрсеткіш. Ауыл әкімі Дина  Ақбасованың сөзінше, кезінде  елді мекендегі халықтың саны 7 мың болған екен. Тоқырау жылдарында басым көпшілігі көшіп  кеткен. Дегенмен, соңғы жылдары ата-жұрттан келген қандас бауырларымыз   қоныс теуіп, мұнымен қоса жастар жағы да ауылға көптеп тартылып, халық саны едәуір өскен.

      Елді мекендегі елдің негізгі кәсібі  мал  мен егін шаруашылығы  болып табылады.  Округте екі: орта және негізгі мектеп бар. Сонымен қатар, 10 төсектік стационары  бар  ауылдық  дәргерлік амбулатория,  140 орындық «Балбөбек» балабақшасы, екі  мешіт, 18 сауда орыны, 100-ден аса  ірілі-ұсақты шаруа  қожалығы бар. Жалпы, округке қарайтын Рудник Архарлыдағы халықтың басым көпшілігі зейнеткерлерді  құрайды. Ауылдағы туу көрсеткіші  қалыпты жағдайда. Жыл санап Алтын,  Күміс  алқа  алушылар қатары да еселеніп келеді.

      Осы уақытқа дейінгі  ауылдағы  негізгі проблемалардың  бірі   ауыз су болып келген.  Аудан  әкімі Махаббат   Бигелдиев ауылды аралау кезінде биылғы  жылы  бұл мәселенің түйіні тарқатылатынын айтыпты. Әкім сөзінде тұрып, ауыз су жобасына 8 млн. теңге қаржы бөлінген. Мұнымен қоса Рудник Архарлы  ауылының  жолын  жөндеу жұмысы кіріктіріліпті.  Жаз басталысымен   50млн. теңге бөлінген жолдың  жөндеу жұмысы  жүзеге асырылмақшы. Жүзеге асырсақ деген тағы бір мәселе  ауыл көшелерін жарықтандыру. Әзірге,  оның сметасы жасалыпты. Ал  23 көшені  жарықпен қамту үшін  111 млн. теңге қаржы қажет екенін  айтты  ауыл әкімі Дина Ерасылқызы.  Бұл жайттан да  аудан әкімі хабардар және көмектесеміз деп уәде етіпті.   

     Ауылдың ажарын кіргізіп тұрған ғимарат – өнер мектебінің ордасы. Айта кетейік, бұл мектеп жабылғалы 20 жыл болған. Ал аудан әкімі Махаббат Сәдуақасұлы келгеннен кейін арнайы қаржы бөлініп, мектеп  жанданып сала берген. Екі жылдан астам уақыт жұмыс  істеп келетін  мектепте  оқытушылар үйірменің әр түрінен  сабақ беріп, ауыл балаларын өнерге баулу үстінде екен.  Ал өткен  «Жастар жылында»  ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстану үшін  футбол  алаңы    ашылыпты.  

      Ауыл әкімінің айтуынша, елді мекенде  медицина мамандары тапшы. «Дипломмен ауылға»  бағдарламасы  негізінде  жас мамандар  келсе, нұр үстіне нұр болар еді дейді.  

      Жалпы ауылдың  дамуына  үлес  қосып,  жұмыссыз жүргендерді жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалықтарының  үлесі басым екендігін айтпай кетпеске болмас.  Ауылдағы  ірі шаруа  қожалығының алды  Мұхамедхан Нұрелов төрағалық ететін  «Қарашоқы»  өндірістік копперативі болып табылады. Мұнымен қоса Өмірзақ  Бағлан басқарып отырған «Ырыс» шаруа қожалығы тағы бар.  Олар ауылда өтетін әр мерекеде, мұқтаж  жандарға қолұшын созуда өз көмектерін беріп, демеушілік танытып отырады. 

     …Қалай айтып, қалай жазсақ та  халықтың  бірлігі мен тарихы, тұтастай алғанда ел дамуының қайнар көзі болып табылатын ауылдың ахуалы  жақсарған. Бұл тұста  сөз арнасына  әкімі жақсы ауылдың – ахуалы жақсы  дегенді қоссақ болатындай…  Бірлігі мен берекесі  артқан елді мекенді аралауда  шағын ауылдың  алға қойған мақсатының  биік екеніне көз жеткіздік. Ал алға қойған мақсатқа қол жеткізу үшін көп еңбектену қажет. Мұны   ауыл тұрғындары  жақсы біледі  және осы жолда үнемі ізденісте екендігін  сөздерімен аңғартты. Негізінде:  «қарашоқылықтардың» қадамы  нық.

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

   

Кілтсөздер:ЖЕТІСУҚАРАШОҚЫ


ПІКІР ЖАЗУ