Ақжазықтағы қорымды су алу қауіпі бар

0
2116

Редакциямызға Панфилов ауданының  Көктал округіне  қарасты «Ақжазық» ауылының тұрғындарынан шағым келіп түсті. Көздегендері қара бастың қамы емес, ауыл шетіндегі ауруақтар жерленген зиратты  су мен сел алып кететін болды деп дабыл қағады. Бұл мәселе  биыл ғана көтеріліп отырған жоқ. Екі жыл бұрын ауданда  Бердәулет Абдуллаев әкім болып тұрған кезде  ауыл ақсақалдарының атынан Әзімақын Мусаев барып әкімнен көмек сұрапты. Одан кейін ауданды басқарған Темірлан Бектасовқа шағымданып, тіпті облыс әкімі  Амандық Ғаббасұлы Баталовтың атына да арыз жазған.

Ауыл тұрғындарының шағымын  облыс әкімі Амандық Баталовтың жеке қабылдауына кіргенде менде жеке дара «Амандық Ғаббасұлы, Жаркенттегі Көктал округіндегі «Ақажазық» деген ауылды білесіз! Атақты жазушы, Мемлекеттік Сыйлықтың иегері, Бексұлтан Нұржекеев, желтоқсан оқиғасының құрбаны, Лаззат Асанованың туған өлкесі. Ауыл маңындағы марқұмдар жатқан бейтті су мен сел  алып кететін болды»  деп ауыл тұрғындары дабыл қағып жатқанын айтқан едім.  Өңір басшысы  идиология жөніндегі орынбасары Батыржан  Байжұмановқа  тапсырма берген-ді. Алайда күні бүгінге дейін орынбасардан жауап жоқ. Екі ортада  әлемді дүрліктірген коронавирус індеті мемлекетті де, оны қорғаушы Үкімет мүшелерімен, шенді-шекпенділерді, қалың бұқараны есінен тандырды. Мүмкін осы індетке байланысты «Ақжазық» мәселесі кейінге шегерілуі бек мүмкін. Бірақ,  екі жыл бұрын дабыл қағылған мәселеге не жергілікті билік кезінде жете мән бермей осы күнге дейін неге  созбалап келген деген сауал сананың шаңын сілкілейді. Бұл қорымда 1000-нан астам мәйіттер жатқанын айтады  Әзімақын қария. Сонау 1931-32-ші ашаршылық жылдары, қазіргі «Қоңырөлең округіне қарасты «Ынталы»  ауылының адамдары ашаршылықтан көп қырылыпты. Аш-құрсақ  халықтың аман қалғандары, бала-шағаларының «қамын күйттеп, тышқанның інін қазып, дән теріп  жеп «Оба» індетіне шалдығып, қырылып, аман-сау қалғандары осы Ақжазық ауылының Шет-Жамбыл атанған жерге қоныстанған. Алайда, тағдыр тауқыметі осымен бітпей, қырылған ел-жұрт қайтадан үдере көшіп, ата-қоныстары «Ынталыға»  көшуге мәжбүр болған. Әзімақын ақсақал мен ауыл тұрғындарының бозторғайдай шырылдап жүрген  басты себептерінің бірі алда-жалда  жарқабақтағы моланы жаңбыр суымен келетін сел шайып кетсе, 1000 жыл болса да  көрде жатқан «обадан» қынадай қырылған аруақтар мен бірге көмілген індет қайтадан өршімеске кім кепілдік береді дейді. Ақсақалдың облыс әкіміне жазған хатынан кейін  бір жыл бұрын аудандық төтенше жағдайлар мекемесінің маманы Ақжол Сағымбеков, ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Тұрғанғали Кішкенбаев, аудан әкімінің орынбасары Шухрат Құрбанов келіп мән-жаймен толық танысыпты. Әзімақын ақсақал келген комиссиямен бірге селдің келетін ең жоғарғы нүктесін  көрсеткен.  «Доланқара» тауынан бастау, алып бейітке қарай кетеді. Яғни,  тексерушілер бейітке ең алыс жері 650 метрді көрсетіп, жар бойымен құмды шайып өтетін бейітке жақын 50-60 метрін көрсетпеген деп налиды. Жаңбыр жауса, арты селге айналады. Олар келгенде күз мезгілі болатын. Одан бөлек жаз мегілінде осы арнадан шарулар егістікке су алады. Молаға жылдан-жылға жақындап құлап бара жатқан жарқабақ туралы видеоны қоса жіберіпті. Бейнетаспаны қарап, шынымен де тексеруге барған комиссия ағаттық жіберген бе деген ойға қаласың.  Себебі, сел алатын жер мен   құлап жатқан жарқабақтар мен бейіттің арасы өте жақын екенін аңғаруға болады.  «1 000 000 -дай қаржы жинап, екі қатар дамбы соғып, ағаш отырғыздық. Бұл нәтиже бермейді.  Округ әкіміне айта-айта шаршадық, ол тіпті көңіл де бөлмейді»  деген ауыл тұрғындарының ащы-айқайын естір құлақ табылмай тұр. Осы апатқа облыс әкімі мен жергілікті шенділер зер салмаса, аруақтардың сүйектерін селге ағызып, індетті өршітіп аламыз ба деп те    алаңдаулы.

      «Доланқара тауының етегіне орналасқан ауылдағы жарқабақ арқылы жүретін сел екі саймен келіп осы бейітті ұрады. «Бұрын кеңестік дәуірде,  совхоз болып тұрғанда техниканың күшімен бұл қауіптің алдын алдық. 1994-95 жылдан бері бұл жарқабаққа бірде бір рет техника жұмылдырмады, дамбы жасалмады. Оның үстіне ауылда жер айдайтын бірде-бір техника жоқ, жанар-жағар май қымбат. Осының салдарынан жылма-жыл сел тасқыны жарқабақты шайып, ауыл мен бейітке жақындап келеді. Ауыл болып жабылып өзіміз салған екі қатар дамбыны 500-600 метрге жеткіздік. Арнаның табыны қызыл құм болғандықтан су есіп жатыр. Негізі бұл арнамен ауыл шаруашылығына су алуға болмайды. Жалпы селдің, судың жағдайын назарға алар бір шекпенді табыла ма, жоқ па?» –деген Әзімақын ақсақал ауылдың ертеңіне алаңдайды. Бұл бейітте желтоқсан құрбаны Лаззат Асанова мен 1937-38 жылы қуғын-сүргін көрген боздақтардың әйелдері мен бейкүнә балаларын іздеп тапқан «Алжир» карлаг түрмелері туралы кинофильм түсірген Ариял Тасымбеков сүйегіде осында жатыр. Ата-бабамыздың сүйектерін сел ағызып Іле өзеніне апарып тастамай тұрғанда ертерек әркекет жасайық деген ауыл тұрғындарының қол қойған арызы қоса жолдаған.

      Төменде аудан әкімі орынбасарлары Д. Төрехановтың Ақжазық ауылының ақсақалдар алқасына және Шухрат Құрбановтың 2019 жылы 30 сәуірдегі 82-02-82/1048. 2019 ж. 21 тамыз 82-03-82/ ЖТ-Ұжим-М-647/2068. Алматы облысы әкімінің орынбасыры болған Бағдат Манзоровқа, әрі хат көшірмесі ауыл ақсақалы Ә. Мусаевқа  жолдаған хаттарын  қоса жариялап отырмыз.

      Сіздердің 2019 жылғы 16 сәуірдегі №ЖТ-Ұжым-17 Панфилов ауданының әкіміне жазған арыздарыңыз бойынша төмендегідей  хабарлаймыз: 

     «Ақжазық ауылындағы дамба құрылысына, сондай-ақ зиратты қоршауға Көктал ауылдық округінің әкімі аппаратының бюджетінде қаражат қарастырылмағанын ескере отырып, жоғарыда көрсетілген жұмыстар ауыл азаматтарымен бірлесіп  жасалатынын мәлімдейді. Осы жұмыстардың орындалуын қадағалау Көктал ауылдық округінің әкіміне жүктеледі» делінген аудан әкімінің орынбасары Д. Төрехановтың жолдаған хатында. Алайда, Көктал ауылдық округінің әкімі Бақыт Нүрлеловтен «Ақжазық» ауылының тұрғындарының көңілі қалған.  Тек ауыл тұрғындары жинаған тиын тебен  екі қатар дамба салып, ағаш отырғызуға ғана жеткенін жоғарыда айттық. Сонда, қалай болғаны: «Сен саларда мен салар атқа жемді кім салар» дегенің кері емес пе? Ауыл ақсақалдары тектен-тек шырылдап отырған жоқ. Ауыл басшысы бюджеттен қаражат бөлінбейтін болған соң, округтегі кәсіпкерлердің басын біріктіріп, асар жасап, қолда бар техниканы жұмылдырса,   бұл түйіннің күрмеуі  шешілмес пе еді! Жарқабақ пен арна табаны қызыл құм болғандықтан  жаңбыр суы мен егістікке алынған судан, жылдан -жылға опырылып бара жатқан жарқабаққа ауылдықтардың шамасы жетпесе, аудан әкімдігіне қайта шағымданып, жоғары биліктен неге қаражат сұрамасқа. Неге оған ауыл тұрғындары ғана шырылдау керек! Енді аудан әкімінің орынбасары Шухрат Құрбановтың облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Бағдат Манзоров пен  ауыл ақсақалы Ә.Мусаевқа жолдаған  хатына зер салып көрелік.

      «Ақжазық ауылы ақсақалдарының бейіттің төңірегіне тасқын суға қарсы бөгет жасауға көмек сұраған 2019 жылы 26-шілде№ЖТ-Ұжым-м-647 хатында аудандық төтенше жағдайлар мекемесінің маманы Ақжол Сағымбеков, ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Тұрғанғали Кішкенбаев, Көктал ауылдық округінің маманы Марат Жумаков және «Ақжазық» ауылының ақсақалдар қауымымен бірлесіп, арызда айтылған жерге барып көрдік. Арадағы су жауын шашын болған кезде ғана көбейіп жарға соғып, құлататыны анықталды. Қазіргі уақытта жар бейіттен 600-650 мерт қашықтықта тұр.  Ажазық ауылының ақсақалдар қауымымен бірігіп суға қарсы бөгет жасайтын жерлерді белгілеп, күзге қарай ардадағы су тартылғанда техникаларды ұйымдастырып, бөгет жасауға ел-жұрт болып, көмектесуге жергілікті әкімшілік арыз иесі ақсақалдар қауымы мен келісті деп облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Бағдат Манзоровқа және Әзімақын Мұсаевқа хат жолдаған.  Бірақ , күз өтіп, қыс бітіп, көктем  келді. Арада алты ай өтті. Мұның кері «ұшты-ұш,  күзде  бұлардың жасаған көмегі біз жинаған қаражатқа өзіміз техника жалдап, жұмысты аяқтап қалғанда әкімішілік бір ауыр техника жіберді .Ол төрт күн арнаны қазып,  сағатына 5000-нан келісіп 700000 теңге қаражат сұрады. Оны осы ауылдың бір кәсіпкері төлеп берді» – дейді.

      Ел-жұрттан қаржы жинау да қиямет қайым. Ауыл тұрғындарынан бөлек «Көктал» округіндегі адамдардан қаржы сұрап едік 5000- 6000-нан  аспады деген ақсақалдың жанайқайын Көктал ауылдық әкімдігі мен аудан әкімдігі неге ескерусіз қалдыра береді. Қазір дүние жүзін алаңдатып отырған коронавирус індетімен күресу оңайға соғып тұрған жоқ. Ал, алда-жалда көктемде  жауын шашын ұлғайып кетсе, « молаға дейін 600-650» метр бар, апат бола қоймайды деп жайбырақат отырған аудан мен ауыл әкімдігін торға түскен шортандай шортып жібермесін делік! Құдай оның бетін әрі қылсын, 14 сәуірде Жаркентте жауын-шашын мол болды. Доланқара тауы мен жаз жайлауда тіпті сіркіреп тұрды. Сел басса, жарқабаққа айналған арданың суы аруақтар жатқан мүрдеден аулақ болса екен. Әйтпесе,  ғасырға жуық «оба» ошағы болған қорымды су басса,  «жығылған жұдырық» болады ғой дейді сексенді  алқымдаған ақсақал!

    Айтақын МҰХАМАДИ 

Кілтсөздер:МӘСЕЛЕ


ПІКІР ЖАЗУ