Тәртіп бұзушылар көп

0
2622

Коронавирус індеті ең алғаш басталған Қытайдың Хубэй провинциясында ауру алғаш анықтала қалған сәтте қаланың есігі жан-жағынан тарс жабылып, қатаң тәртіптің күшімен ел үйінен шықпай қалған болатын. 1,5 – 2 ай үй карантинінде жатқаннан ұтылған ешкім жоқ, тек бас амандығының қамы үшін барынша тәртіпке бағынды, нәтижесін де көрді. Айналасы біраз уақыттың ішінде алапат ауруды ауыздықтап, көп өтпей қала бұрынғы қалпына қайта түсті.

Дәл қазір сондай темірдей тәртіп болмаса, елдегі әр адам өзіне артылған жауапкершілік жүгін сезініп, осы бекітілген тәртіпке бағынбаса, ертеңіміздің не болары күмәнді. Себебі, біздегі жағдай басқаша. Дерттің алдын алу мақсатында елде төтенше жағдай режимі енгізіліп, тиісті ережелер бекітілді.

Күннен күнге күшейіп баратын коронавирусқа қарсы тұрудың бірден-бір амалы – үйден шықпау. Емі жоқ дерттің алдын алу үшін одан басқа қолдан келер не бар дейсіз? Бұл жайлы соңғы бірнеше айдан бері бұқаралық ақпарат құралдарынан айтылып та, жазылып та  келеді. Тек оған құлақ асып, айтқанды орындаушылар саны көп емес. Керісінш,  естігеніне елең етпей, бұйрыққа бей-жай қарап жүргендердің саны көп пе дерсіз. Үйден шықпауға кеңес беріліп, қаншама рет айтылса да, төрт қабырғада қамалып отырғысы келмейтін жұрттың қарасы қалың. Бұған күн сайын әлеуметтік желіде төтенше жағдай тәртібіне бағынбай көшеде жүргендер мен тәртіп бұзушылардың, тіпті ескерту жасаған полиция қызметкерлерін соққыға жыққандардың байнежазбасы дәлел. Күні кеше ғана жол үстінде қызметте тұрған полиция қызметкерін автокөлікпен қаққан күдікті қолға түсті. Тек бұл ғана емес, осы кезеңде тыйым салынған орындардың жұмысын жасырын түрде жалғастыра беруі, жалған ақпарат таратушылар, пост-бекеттерден заңсыз өту сынды фактілер анықталып жатыр.

Айта кетсек, осы уақытқа дейін Алматы облысы аумағында карантин тәртібіне бағынбаған 100-ден астам адам  анықталған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жария еткен болатын. Берілген мәліметте аймақта ҚР ӘҚбК 476-бабының талаптарын бұзудың  107  дерегі тіркелген. Онда төтенше жағдай тәртібін сақтамаған 41 адам  қамауға алынып, 46 азаматқа айыппұл салынған. Қалған құқық бұзушыларға ескерту жасалыпты. Соның  ішінде карантин аумағына кіруге немесе тыйым салынған аумақтан шығуға әрекеттері бойынша 49 іс әшкереленген. Аталған деректер бойынша ҚР ӘҚбК 476-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар жауапқа тартылып, карантин және басқа да мiндеттi санитариялық-эпидемияға қарсы iс-шараларды өткiзуді бұзғаны үшін 33 хаттама жазылған. Сот шешімімен 27  адамға айыппұл салынып, екі азамат әкімшілік қамауға алынған.

Төтенше жағдай кезінде тәртіпті қадағалаушы полицейлерге де оңай емес. Тәртіп сақшыларының қызметіне түсіністік танытудың орнына, «неге себепсіз көшеге шықтыңыз?» деген сұрағын көтере алмай, жұдырық ала жүгіретіндер де жетерлік. Салдарынан тәртіп бұзушылар жазаланып, қамауға да алынуда. Алайда олардың саны күннен күнге көбеймесе, азаймай тұр. Неге?

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

 

 

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ