Ел намысы бәрінен қымбат

0
2102

Адамның кісілігі оның кішілігінде дейді екен бұрынғылар. Кішілігі деп дене-тұрқын айтпаса керек-ті. Асылында парасат-пайымын менменсу мен жалған даңққа бермеген адамға қаратса керек. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де өз заманында талай додаларда топ жарса да адамдық қасиетін бәрінен жоғары қойған азамат. Бар тілегі еліне қызмет жасау. Ұлт намысын ту етер ұландар тәрбиелеу.

Қазақ спортында самбо күресінің алар орны қандай ерекше болса, Қазақстандағы алғашқы самбошылардың бірі Нұрбай Жармұхамедовтың де алар орны айрықша. Талдықорғандағы Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің жекпе-жек түрлері мектебінде басшылық қызметте отырған Нұрбай Жармұхамедовтің ел спортының дамуына қосқан үлесін бір мақалаға сидыруға келмес. Дегенмен, Кеңес заманында шаршы алаңның көрігін қыздырып, талай бапкердің таңдайын қақтырған ардагер спортшының саналы ғұмыры бүгінгі ұрпаққа, әсіресе, споршы боламын деген жасқа үлгі-өнеге.

Нұрбай ағаның балалық шағы бұрынғы Қапал ауданы Зерносовхоз ауылында өтеді. Үш жүзге ұран болған Байбөрі, Тәнеке батырлардың тікелей ұрпағы Нұрбай аға аталарының ерлік істері мен батырлығын өзіне үлгі етіп өседі. Ауылдың қара домалақтарымен күш сынаса жүріп алдына үлкен мақсат қояды. Осылай ауыларалық жарыстарда жүлдесіз қайтпайтын бала Нұрбай өмір өзегінің күреспен өрілерін іштей шамалай бастайды. Кейін Жамбылда интернатта оқығанда жас балуанның екінші тынысы ашылады. Әсіресе, самбоның қыр-сырын білуге қатты құлшынады. Жекпе-жектің бұл түрін таңдауына баба қанымен келген батырлық қасиет себеп болса керек. 1975 жылы КСРО кубогында Нұрбай Жармұхамедовтің есімі жарық ете қалады. Самбо спортынан қоланы қанжығалайды. Бұл, аталмыш спорт енді өркен жая бастаған қазақстан үшін күтпеген жеңіс еді. Аз уақытта осындай жетістікке жету қазақ баласының қайсарлығы екені даусыз.

«КСРО кубогы өте тартысты өтті. Одақтың әр республикасынан кіл мықтылар жиналған. Ешкім де жүлдесін оңай бергісі жоқ. Әсіресе, орыстар самбоны төл спорты санайды ғой. Сондықтан, жарысқа сайдың тасындай іріктелген жігіттерді әкелген. Намыс бар жерде жеңіс бар. Артымызда елдің үміті тұр. Шамамыз келгенше күрестік. жүлдесіз қайтпауға тырыстық», – дейді аға сол кездерді еске алғанда.

Ағамыз ашып айтпаса да, Совет одағы спортында қақпайлаудың, шеттетудің болғаны анық. Қоланың өзі не бел, не белбеу кетсін деген жанкештілікпен келгенін аңғарасыз осыдан. Нұрбай аға емес, Кеңестік құрамада болған көптеген аға буын спортышыларымыз қағажу көріп, таланты болса да спортты ерте тастап кетуге мәжбүр болды. Тек жұлымыр жүрек пен алға жетелейтін тілек қана кездескен кедергілерді ысырып тастайтынын айтады кейіпкеріміз. Интернатты аяқтап Жамбылдағы гидромелиоративтік құрылыс иниститутына түскен балуан бозбалалығына қарамай спорт шебері атанып үлгереді. Осыдан басталған нағыз спорттық өмір Нұрбай ағаны самбоның биігіне жетеледі. Жеті мәрте Қазақстан чемпионы, Ауыл спортшылары арасындағы КСРО-ның бес дүркін чемпионы, жастар арасындағы СССР біріншілігінің күміс жүлдегері атанады. Спортты-өмірім деп білген Нұрбай Жармұхамедов жұлдызы жанып тұрған алқаулы шақтарда кемерінен аспады, қашанда кісілік қасиетін сақтай білді. Тіпті, сіңірген еңбектерін бағалап басшылық ұсынған бір бөлмелі пәтерді алғысы да келмепті. Артық болғандығынан емес, алдыңғы буын ағаларының алдын кесуге ұяты жібермегендігінен.

«Пәтер береміз дегенде керегі не оның, маған балалармен бірге жатақханада тұра берген жақсы дедім. Оныма басшылық келіспеді. Берді. Бірақ, мен онда тұрған жоқпын. Жатақханада тұра бердім. Үйді отбасылы спортшы жігіттің тұруына бердім. Бойдақ кезде білінбейді екен. Үйдің қажеттілігін үйленіп, балалы-шағалы болғанда көрдік қой» – дейді ағынан жарылған аға. Бұл одақ көлемінде алдына қара салмай, сан дода да топ жарған спортшының қарапайымдылығы емей немене?!

Аламандарда атой салып, қарсылас шыдатпаған шын жүйрікке тұсау салғысы келгендер де, өнеріне қызығып өзге елге шақырғандары да болыпты. Тәуелсіздіктің алды-артында бізден шыққан небір дүлділдердің шетелдерде бапкер болып қызмет жасағаны жасырын емес. Әрине, оған бола оларды кінәлау орынсыз дейді аға.

«Шетелдерге бір мезгіл барып қайтқан біздің бапкерлер болды. Заманның қиын кезі ғой. Отбасын, бала-шағаны бағу керек дегендей. Олар бәрібір де отанын тастап кеткен жоқ. Қайтып келіп ел спортын дамытуға аянбай үлес қосты. Мені Өзбекстан құрамасына шақырды. Ташкентте барлық жағдайың жасалады. Тек жаттығуға ғана уақытың кетеді. Әлем чемпионы болуға мүмкіндік туады», – деп Өзбекстан құрамасының бас бапкері өзі уәде береді. Бірақ, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» – дегендей, жат жұрттың намысын жыртып, туын биіктетуге арым жібермеді дейді Нұрбай аға. Спорт ардагері ақшасын төлесе бәріне даяр қазіргі спортшылардың қылығына қынжылыс та танытады. Содан да болар қаржылық қыспақ кезінде жат жұрттан жайлы өмір іздемей, осы елдің тілеуін тілеп, тұғырлы спортшылар тәрбиелеп жүргені.

«Біздің кезімізбен салыстырғанда қазіргі балаларда  жаттығу мүмкіндігі көп. Қазір ауылдардан күрес үйірмелері ашылып жатыр соған қуанамын. Мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы. Мен шәкірттеріме осы егемендікті бағалаңдар деп үнемі айтамын. Біз КСРО құрамында жүргенде оның қадірін анық сезіндік қой. «Елде бардың ерніне тиеді» — деген ғой. Қалай болса да үкімет спортқа жағдай жасап, көңіл бөліп отыр».

Спорттағы аламанға толы өмірін бапкерлікке ауыстырғаннан кейін де Нұрбай аға жеңісті жүрісінен жаңылмады. Бапкерлік жолын өзі қанат қаққан Жамбыл қаласындағы БЖСМ – де самбо күресінен жаттықтырушы болып бастайды. Өзі шықпаған биікке артынан ерген інілері мен шәкірттерін шығаруға бел байлайды. Көп ұзамай Нұрғали Оспанов самбодан әлем чемпионатында жеңіске жетті. Одан кейін де бірқатар спортшыларды баптады. Әр жылдары самбо, қазақ күресінен жаттықтырушы болып қызмет жасады. Тіпті ұлттық құрамада қазақ күресінен бапкер болды. Сол жылдары қазақ күресі өзгеше сипат алып дамығанын көз көрді. Өз саласының білікті мамандары тұрған жерде қай саланың да гүлденіп сала берері даусыз. Осы берекетті істің басында Нұрбай Жалбақұлының жүруі соның дәлелі. Бертін келе Жетісу спортының, соның ішінде самбоның дамуына атсалысты. Ғасыр басындағы қиыншылықтарға қарамай Талдықорғанда спорт мектебін ашуды қолға алады. Жақсылық Үшкемпіров және басқа да облыс басшылыларының араласуымен 2003 жылы Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің жекпе-жек түрлері бойынша мектебі ашылады. Бүгінде аталмыш мекеме талай жастың қанатын қатайтып, спортта биік белестерді бағындыруға жол ашты. Нұрбай Жалбақұлы мектеп директоры болып жұмыс істегелі төрт бірдей халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бір ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, 60 спорт шебері және 400-ден астам спорт шеберлігіне үміткерлер дайындалды. Алғаш құрылған жылдары бес спорт түрінен 35 спорттық топта 200 дей спортшы жаттықса, қазіргі таңда спорттың 9 түрі бойынша 126 топта, мыңнан астам адам дайындалады. Ұлттық құрама сапына мектептің 11 спортшысы кірген. Араларында бірнеше дүркін Азия, Әлем біріншіліктерінде жеңімпаз атанғандары бар. Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев та осы мектептің түлегі.

Баласы Қайрат Жармұхамедов те әке жолын таңдаған. Самбодан бірнеше мәрте Қазақстан чемпионатында топ жарған. Қазір шәкірт тәрбиелеп, осы мектепте болашақ чемпиондар баптаған бапкер. «Әкемнің мықты спортшы болғанын замандастарының аузынан естігенде төбем көкке жетердей қуанамын. Бұл біз үшін зор мәртебе. Оның атақ қумайтын адалдығына бәріміз тәнтіміз.Ол бізге дәйім жеке өміріміз бен спортта үнемі жол көрсетеді, ақылын аямайды. Әкеміздің абройына дақ түсірмеу біздің перезенттік әрі шәкірттік парызымыз», – дейді ұлы. «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» – деген атам қазақ сөзі осындайда айтса керек. Нұрбай аға жары Гүлғайшамен тату-тәтті бір әулеттің тізгінін ұстап отыр. Отбасында үлгілі отағасы, аяулы әке, үш немеренің сүйікті атасы.

Еліне елеулі еңбек етіп келетін ерді елі де елеусіз қалдырған жоқ. Ол – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Құрметті спорт қайраткері, әр жылдары еңбегі еленіп, құрметке бөленіп келеді. Қызметте көрсеткен нәтижелеріне орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғыс хаттарымен, Алматы облысы әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медальмен, «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен наградталды.

Ақпаннның 27 күні Нұрбай аға пайғамбар жасы 63 ке толды. Жұртының сүйікті ұлы бола білген, күш жігерін ел спортының өркендеуіне жұмсаған арда азаматты туған күнімен құттықтаймыз. Еліне әлі талай шашасына шаң жұқпас жүйріктер тәрбиелеп шығарады деген сенімдеміз.

          А.НАЗЫМҰЛЫ.

 

Кілтсөздер:СПОРТ МАЙТАЛМАНЫ


ПІКІР ЖАЗУ