Жолдың сапасы басты назарда

0
4018
1

Жол салу, жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстарының барлығы –  ең бірінші кезекте жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Өткен жылдың қорытындысында республикалық маңыздағы жолдардың 88 пайызы, ал жергілікті деңгейдегі жолдардың 71 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деген бағаға жетті.

Өткен жылы еліміздегі автожолдардың сапасын бақылау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетіне қарасты «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны құрылып, барлық облыста оның филиалдары ашылды. Бұл мекемелер құрылған күннен бастап жолдың сапалы болуына аса мән беріп, сапасыздықты жоюға зертханалық тексерістер жүргізу арқылы нақты іске кірісті. Мысалы, былтырғы жылы ашылғаннан бастап жыл соңына дейінгі тоғыз айдың ішінде орталықтың мамандары автожолдарды 8 мың рет тексеріп, 5 мыңға жуық тәртіп бұзушылықты анықтаған.
Ал, биылғы жылы ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» үш айда жүргізілген жұмыстардың қорытындысын шығарды. Орталық мамандары еліміздің өңірлеріндегі жолдарға 1398 іс-сапарға шығып, 1522 кемшілікті анықтаған. Олқылықтардың біраз бөлігі автомобиль жолдарын қысқы кезеңде күтіп ұстау сапасының төмендігіне қатысты орын алған.
Оталықтың жылжымалы жол зертханасы республикалық маңызы бар жол учаскелеріне диагностикалық зерттеу жүргізді. Үш айдың ішінде республикалық маңызға ие жолдарда 582 нысан тексерілді. Тексеріс жұмыстарының нәтижесінде 1386 кемшілік анықталып, мердігерлерге 579 хат жолданды. Сондай-ақ, 2020 жылдың алғашқы тоқсанында жергілікті автомобиль жолдарының 4500 шақырымы тексерілген болатын. Зертханалар мұндай жолдарға 104 сапар жасап, 136 олқылықты анықтады.
Жуырда Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемелекеттік бағдарламасын іске асыру туралы баяндама жасады. Министр өз сөзінде: «Биыл, яғни бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылында автожол саласында республикалық және жергілікті маңызы бар 9,5 мың шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Оның ішінде республикалық 4 мың шақырымында құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. 350 жол жобасы іске асырылып, 30,5 мың адам жұмыспен қамтылады. Бұл мақсатқа 680 миллиард теңге қарастырылды. Оңтүстік өңірлерде жұмыс барысы наурыз айының соңында басталып кетті. Қолданылатын шикізат, материалдардың негізі – Отандық өнімдер. Жыл қорытындысында жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырымдық автожол учаскелерінде қозғалыс ашу жоспарланып отыр. Жалпы 2020 жылдың қорытындысында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық автожолдардың 89 пайызы, облыстық, аудандық жолдардың 71 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу»,– деді.
Міне, өзіміз байқағандай ел ішінде жол құрылысы кең ауқымда жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылы Алматы облысында жалпы көлемі 491,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі таңда облыстың бес учаскесінде жұмыс барысы қызу жүріп жатыр. Жақында облыс тұрғындары Балқаш көлінің жағалауындағы демалыс орындарына заманауи жаңа жолмен желдей есіп жететін болады. Құдай қаласа, келер жылы «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» жолдары пайдалануға берілмекші. Сонымен қатар, «Сарыөзек-Хорғос-Қоғалы-Көксу-Қарабұлақ» жолдары да назардан тыс қалған жоқ. Оның жұмыстары да жыл соңына дейін аяқталады. Сол сияқты Жамбыл ауданына қарасты «Қаракастек-Сұраншы батыр» жолдарында да жөндеу жұмыстары ойдағыдай жүруде. Алакөл, Ескелді, Жамбыл, Қаратал және Райымбек аудандарында күрделі жөндеуге жататын 11 көпірдің де жұмысы өз мәнінде қолға алынды. Жалпы облыста 300 шақырымды құрайтын 28 учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жол құрылысымен қатар жолдың сапасын бақылау да күшейе түсті. Бұл істі «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» нақты қолға алды. Орталық үстіміздегі жылдың үш айында ел өңірлеріндегі жолдарға 1398 рет рейідтер жүргізіп, 1522-ден астам түрлі олқылықтардың барын анықтаған. Оның ішінде Алматы облыстық филиалының мамандары жыл басынан бері аймақтағы күре жолдың 4171 шақырымына тексеру, бақылау жұмыстарын жүргізді.
– Біз тексеру жүргізген жолдардың 3551 шақырымы республикалық болса, 620 шақырымы облыстық деңгейдегі жолдар. Диагностика және сараптама барысында анықталған кемшіліктерді жою үшін, әрі қалпына келтіру мақсатында мердігер компанияларға және тапсырыс беруші кәсіпорынға хат жолданды. Филиал мамандары жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары мен елді мекендер, қала көшелеріндегі жұмыстар мен материалдар сапасына сараптама жасайды. Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын талапқа сай дайындауды жұмылдыру шараларын жүзеге асырып қана қоймай, жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін де бақылаймыз. Біздің ұранымыз – «Жақсы жолдан – жарқын өмірге!».Сондықтан барлық іс-қимылдарымыз жолдың сапасына бағытталған, — дейді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Ғалия Асанова.
Жол саласында атқарылып жатқан жұмыстар да, кеткен кемшіліктер де халықтың көз алдында. Жолдың сапалы болуына бақылау жүргізу Жол активтері ұлттық сапа орталығының да назарынан тыс қалмайды.

Ақбөпе ЖИЕНҚҰЛОВА,

«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК

 Алматы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.



ПІКІР ЖАЗУ