Егіс жинау науқаны қызып тұр

0
2695

Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 7 мың гектарға ұлғайып, 968,6 мың гектарды құрады.  Бүгінге  диқандар 263 мың гектарға егілген дәнді-масақты дақылдың 56 пайызын орып  үлгерген. Алдын ала есептеу бойынша 438 мың тонна дәнді дақыл жиналып, гектарына шаққандағы орташа өнімділік 16,7 центнерді құрауда. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.  

Ал орылған астықты сыйымдылығы 771 мың тонна болатын 265 астық қоймасы қабылдап жатыр екен. Оның екеуі астық сақтау үшін арнайы лицензия алған, бұл қоймаларға 58,6 мың тонна астық сияды.

Сондай-ақ, облыстың шаруа қожалықтары картоп дақылын жинауға да кірісті. Биыл орташа өнімділік 176,1 центнерді құрап отыр, бұл өткен жылға қарағанда сәл жоғары. Қазірге дейін картоп егілген 40,3 мың га алқаптың 8,6 мың гектары жиналып, одан 150,8 мың тонна өнім алынған. Мұнан бөлек, егілген қыстық және жаздық дақылдың 42,9 мың тоннасы орылып, қамбаға құйылды, өнімнің көлемі облысқа қажетті мөлшердің 54,1 пайызын құрайды.

Жетісудың төл дақылы — қант қызылшасы 16,1 мың алқапқа себіліп, бұдан 500 мың тонна өнім алып, 48 мың тоннадан астам дайын қант шығару жоспарланған. Қазір облыс қызылша жинау науқанына толық дайын. Ақсу және Көксу қант зауыттары өнім қабылдауға кіріспек, ал қант қызылшасын қазу жұмысы қыркүйектің екінші жартысында басталады.

Науқан басталғанға дейін барлық техника жөнделіп, астық жинауға 1409 комбайн, 180 механикалық қырман, 260 астық тиегіш, 203 дән атқыш, 160 астық тазалау машиналары мен 249 автотаразы жұмысқа кіріскен екен. Ал өнім жинау науқанын дер кезінде аяқтау үшін Энергетика министрлігі бөлген 19,1 мың тонна дизельдік отын да кезең кезеңімен шаруашылықтарға жеткізілуде екен. Диқандар  жеңілдетілген бағада берілетін жанармайға қарап отырмай, өз қаражаттарына қажетті өнімді сатып алуда. Ал, бүгінге дейін 5 мың тонна жанар-жағармай алған.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ