Онлайн режим оңай емес

0
2435

Дүниежүзін дүр сілкіндірген коронаіндет адам баласына қатты әсер етті. Барлық мекеме, мектеп, оқу орындары онлайн режимге көшті. Жағдай тұрақталып, біраз жер ашылып, жұмысын қайта жалғастырғанымен, оқушылар мен білімгерлер онлайн режимде білім алуда. Бұл оқушыларға ғана емес, оқуын қадағалап отырған ата-анаға да қиын болуда. Әсіресе, жоғары оқу орындары мен колледжге түскен білімгерлер қиындыққа көбірек тап болуда.

Үйінен шығып, ата-анасынан жыраққа кетіп ештеңені білмей жүрген шағында онлайн режимде оқу білімгерлерге тағы бір соққы болып тиді. Танымайтын ұстаздар, мүлде естіп көрмеген сабақтар, ешқашан тапсырып көрмеген сынақтар, аралық бақылау, емтихан. Мектептің бағдарламасынан шыға алмай жүрген білімгер үшін бұл әрине қиын. Мәселен, І.Жансүгіров атындағы ЖУ техникалық факультетінің экология мамандығы бойынша бірінші курс білімгері Аруна Абитаева онлайн режимнің оңай еместігін айтты.

«Сабақ  өте күрделі, тақырыпты түсінсем де, тапсырма орындауда қиналып қаламын. Барлық үй жұмысын орындаймын дегенше журнал жабылып қалады. Тіпті бағаларды қалай есептейтінін де әлі толық білмеймін. Салдарынан бағаларым төмен болуда. Студенттің өзіндік жұмысы, аралық бақылау деген тіптен қиын. Түсінбегенімді сұрайын десем мұғалімдерді де жақсы танымаймын. Сабақтарды уақытылы салу үшін түнгі 3-4 ке дейін жазып отыруға тура келеді», – дейді ол.

Тек бірінші курс білімгерлері ғана емес онлайн режимде оқу барлығына кері әсерін тигізуде. Гуманитарлық бағытта оқитындар оқуын оқып отыра береді, ал медицинаға түскендер ше? Үшінші, төртінші курста оқитын білімгерлерге қазір тәжірибе маңыздырақ, үйде отырып оны қалай жинамақ. Солардың бірі, Семей медициналық университеті жалпы медицина бойынша 3 курс білімгері Алишер Ризабековтың айтуынша, онлайн білім алу білікті маман болуға кедергі келтіреді.

«Қашықтықта оқудың тиімді жағынан гөрі, тиімсіздігі басымырақ. Себебі, білім деңгейі төмендеп, студенттер сабақ барысында қажетсіз істермен айналысып отырады. Ал, кейбір мұғалімдер сабаққа дұрыс көңіл бөлмейді. Содан болар бұрынғыдай сабаққа деген құлшыныс жоқ. Болашақ дәрігер ретінде тәжірибелік тұрғыдан көбірек дайындалу қажет, ауру түрлерін талдап, оны көзбен көру керек»,  – дейді А. Ризабеков.

Білікті маман болуда тек теорияны ғана жақсы білу жеткіліксіз. Өз ісінің шебері атануда тәжірибенің маңызы зор. Әсіресе, қазіргі таңда мықты дәрігерлер ауадай қажет. Індетпен күресіп адамдардың өмірін аман алып қалу бірінші кезекте тұр. Онсыз да мықты мамандар аз кезде онлайн режимде оқып жатқандардан қандай дәрігер шығады? Бұл туралы сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?

Мадина МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

 


ПІКІР ЖАЗУ