Екінші толқынға дайындық пысықталды

0
2344

 Жыл басынан бері жұрт көңіліне қорқыныш ұялатып, талай жанның тағдырын жалмаған алапат індет жаздың соңғы айларында сәл саябырлап, халық көңілі қалпына келгендей болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да алдағы бірнеше айдағы жағдай қиындауы мүмкін екенін айтып, пандемияның екінші толқынынан қашып құтыла алмайтынымызды мәлімдеген-ді. Бұған еліміз де алдын-ала дәрі-дәрмек қорын жасақтап, дайындық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Жұқпалы дерттің алдын алу шаралары Алматы облысы көлемінде де басты назарға алынып, жағдай қатаң бақылауда.

Пандемияның болжалды екінші толқынына байланысты өңірдегі дайындық шаралары жөнінде «Jetisy media» ақпарат алаңында өткен брифингте сөз болды. Баспасөз мәслихатында сөз алған Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Өмірзақ Ниязбековтің мәліметінше, коронавирус індетімен күреске жергілікті бюджеттен 12,1 млрд. теңге бөлініп, оның 2 млрд. теңгесі төтенше жағдай кезінде жұмсалған. Ал алдағы уақытқа болжанған пандемияның екінші толқынына 7,3 млрд. теңге қарастырылыпты. Қараша айының біріне дейін облысқа 180 жедел жәрдем көлігі жеткізілмек. Бұдан бөлек, өңірде дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау мақсатында емдік препараттардың екі айлық қоры әзірленген.
– Науқастар үшін модульді инфекциялық аурухана ашылып, пандемияның ықтимал екінші толқынына арнап бес мыңнан астам төсек-орын дайындалды. Коронавируспен күреске бөлінген қаражатқа 2 компьютерлік томограф, 150 бірлік ӨЖЖ аппараттары және медициналық ұйымдарға арналған дәрілік заттар, жылжымалы рентген-аппарат, 3 цифрлық рентгенологиялық жүйе, 100 бірлік оттегі концентраторы, 2000 дана өкпені емдеуге арналған пульсоксиметрлер мен виброакустикалық массажерлер және т. б. құрал-жабдықтар сатып алынды. Коронавирустық инфекциямен күресу мақсатында модульдік инфекциялық аурухана пайдалануға беріліп, ондағы аурухананың штаттық саны 452 адамды құрады. Оның ішінде дәрігерлер — 66, орта медициналық персонал – 180, кіші медициналық персонал – 159 болса, басқалары – 47,– деді Ө. Әбілсейтұлы.
Сондай-ақ, дәрігерлік кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан-Ресей медициналық университетімен денсаулық сақтау мамандарын, интерндерді, резиденттерді көп деңгейлі даярлау бойынша оқу орталығын құру туралы Меморандум жасалды. Талдықорған және Алматы қалаларындағы көпсалалы ауруханалардың базасында ауыр науқастарға шұғыл көмек көрсету үшін заманауи жабдықтармен жабдықталған орталықтар құрылып, балалар жұқпалы аурулар ауруханаларының базасында балаларға арналған екі COVID-орталығы қосымша жарақтандырылуда.
– Екінші Толқынға дайындық аясында СOVID-орталығына сандық рентген-аппарат, 20 өкпені жасанды желдету аппараты, 12 концентратор, 30 монитор, 8 виброакустикалық аппарат және 130 пульсоксиметр қойылады. Бүгінгі күні ауруханаларда 404 өкпені жасанды желдету аппараты бар болса, республикалық бюджет есебінен тағы 129 өпені жасанды желдету аппараты жеткізіледі деп күтілуде. Жергілікті бюджеттен 1,2 млрд. теңге сомасына 100 бірлік ӨЖЖ аппараты сатып алынса, олардың жалпы саны 533 бірлікті құрайды. Өңірдің инфекциялық және провизорлық стационарларында 125,3 мыңнан астам қызуды түсіретін таблеткалар, 22,7 мың вирусқа қарсы препараттар, сондай-ақ 178 мың антибиотиктер бар. Тұрақтандыру қоры арқылы дәрілік заттар резервін қалыптастыру үшін жергілікті бюджеттен 500 млн.теңге бөлінді,– деген Ө. Ниязбеков коронавирус инфекциясы бойынша өңірдің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты екенін жеткізді.
Ал Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының директоры Жұмахан Молдақұловтың айтуынша, бүкіләлемдік пандемия жағдайында ауруханада 100 орынды төсек қойылып, емделушілерге көмек көрсетілген. Қазір мұнда болжанған коронавирус инфекциясының екінші кезеңіне арнап 200 төсек дайындалыпты.
– Бұның ішінде 20 реанимациялық төсек, 20 жасанды тыныс алдыру аппаратымен жабдықталған төсек қойылған. Сондай-ақ, аурухана бойынша 220 оттегі нүктесі мен оттегі станциясы бар. Барлық цифрлық рентген аппараттары қабылдау бөлімінде тәулік бойы жұмыс істеуде. Мұның барлығы шұғыл жағдайларда ауруды жылдам анықтап, халыққа тез арада көмек көрсетуге, ем-шараларды қолдануға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Алматы облысы әкімшілігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен коронавирус инфекциясына қарсы күресте қажет аппараттар берілді,– деді ол.
Пандемияның бірінші толқын кезеңінде еліміздің екі өңірінде кеңес беру орталықтары ашылған болатын. Оның бірі оңтүстік өңірде, енді бірі Талдықорған көпсалалы ауруханасында жұмыс атқарды. Ол кабинет қазірге дейін өз қызметін жалғастырып, видеобайланыс арқылы көмек көрсетуде. Бұған қоса, аталған екі орталықта да мобильды топтар құрылған. Егерде орталықпен байланыстағы бейнеконференция кезінде науқастың жағдайы нашарлап, сондағы дәрігерлерге орталық тарапынан көмек керек болса, осы құрылған топ қызметкерлері шұғыл түрде көмек көрсетуге барады. Яғни, науқастың өмірін құтқаруға барынша жұмыстар жасалып, керек деп танылса көпсалалы ауруханаға емдеуге жатқызуға мүмкіндік бар.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ