Қараталға санитарлық бекет қойылды

0
2666

 Жыл басынан бері халықтың жүрегіне қорқыныш ұялатып, сананы сансыратқан індеттің жыры әлі де басылар емес. Елімізде бес облыс қызыл аймаққа еніп, жағдай күрделенуде. Барлық ауданға, қала орталықтарына блок бекеттер қойып, індетті ауыздықтау үшін барынша жұмыс атқарылуда. Алматы облысы қазір жасыл аймақта, ешқандай қауіп жоқ. Десе де сақтықта қорлық жоқ дегендей, облыс бойынша екі ауданға санитарлық бекет қойылды.

Оның бірі Ұйғыр ауданындағы Шонжы ауылы. Соңғы бір аптада ауыл бойынша 21 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Алдағы уақытта Шонжы ауылына тек сол жерде тіркелген тұрғындар, жұмыс істейтін және маңызды қызмет өкілдері ғана кіре алады. Қойылған блок бекеттерде тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері жолаушылардың дене қызуын өлшеп, тіркеп отырады. Екінші санитарлық бекет облыс орталығына жақын маңдағы Қаратал ауданына кірер жолға қойылды.

Аудандағы ахуалды анықтап, індетке байланысты жағдайды білу мақсатында Қаратал аудандық орталық ауруханасының эпидемиолог дәрігері Алина Абдраимовамен хабарласқан едік. Дәрігердің айтуынша ауданда айтарлықтай қорқыныш жоқ, өсім байқалмаған. Бірақ, төтенше жағдай бола қалса індетпен күреске дайын екендерін алға тартты.

– Пандемия басталған сәтте барлығымыз үшін өте қиын болды. Халық та, дәрігерлер де мұндай жағдаймен бірінші рет бетпе-бет келді. Мамыр айының 22-сінен бастап ауданда 260 жағдай тіркелді. Ал, қазір індетті жұқтырған науқастар саны – 38. Оның ішінде жағдайы күрделі 20 науқас  Талдықорған қаласындағы инфекциялық ауруханаға жіберілді, қалған 18 науқас үй карантинінде, дәрігерлердің бақылауымен ем қабылдауда. Біздің ауруханада стационар бөлімі жоқ болғандықтан біз тек коронавирустың белгілері байқалған науқастарды қабылдаймыз. Ал, коронавирус анықталған жағдайда Талдықорған қаласына жібереміз. Науқастармен жұмыс істеуге арнайы мобильдік бригадалар құрылған. Түскен қоңырауларға мобильдік топтар барып, науқастарды арнайы дайындалған фильтрге алып келеді. Фильтрде 26 науқасқа дейін қабылдауға мүмкіндік бар. Пандемия кезінде барлығы 585 қызметкер жұмыс істеді. Санитарлар, медбикелер, дәрігерлер, тыста қалған адам жоқ. Барлығы қолынан келгенше жүгіріп қызмет жасады. Басқа аймақта дәрі жетіспеушілігі қатты байқалды, бізде дәрі жетіспеушілігі болған жоқ. Барлығы уақытылы, протокол бойынша ем жасадық. Ең бастысы адам өлімі тіркелген жоқ. Қазіргі аудандағы жағдай бірқалыпты. Тек елімізде қызыл аймаққа енген қалалар анықталып, өсімнің артуына байланысты санитарлық бекет қойылды. Яғни, ауданда індеттің өсімін болдырмауда, кіріп шығатын жолаушылар санитарлық тексерістен өтуде, – деді Алина Сұлтанқызы.

Сөз орайында ол Талдықорған қаласына жіберілген 20 науқастың ішінде бірнешеуі жазылып, үйлеріне қайтқанын да тілге тиек етті. Олар қазір дәрігерлердің бақылауында екен.

Ал, елдегі жағдай әлі де күрделі болып тұр. Соңғы тәулікте коронавируспен тіркелгендер саны 770-ке жетті. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында көрсеткіш жоғары. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 133118 адамды құраса, жазылғандар саны 117362 адамға жетті. Өткен тәулікте коронавирустық инфекция белгілері бар 232 пневмония жағдайы тіркелді, оның ішінде 119 адам сауығып, 1 науқас өмірден өтті. Бірінші тамыздан бастап 42447 жағдай тіркелсе, оның 30681 жазылып, 444 науқас қайтыс болған.

Мадина АКМАТОВА.

 


ПІКІР ЖАЗУ