Бәріне де бір самғау қажет еді немесе байқау әділ өтті ме?

0
2321

«САМҒАУ» байқауы. Осымен төртінші жыл өтті. Алматы облысы әкімінің жүлдесі үшін журналис-тер арасындағы байқау қаламды қару еткендердің еңбегін бағалап, ілтипат көрсетудің бір жолы десек, қателеспеспіз. Яғни, «Самғау» сыйлығы журналистерді кәсіби тұрғыда одан әрі ізденуге, өсуге ынталандыратын шара деп білеміз.

Байқауда қазылық еткен белгілі журналист Нұртілеу ағамыз: «Қоғамдық қатынастарды реттеуде билікпен жұмыс жасамаса, журналистика алдыға басатын уақыт емес. Билікпен жұмыс жасай білу – журналистердің парызы болса, биліктің журналистермен жұмыс жасауы – өнер» депті. Қалай десек те, еңбегің лайықты бағаланып жатқанға не жетсін. Ақындар айтқандай, бәріне де бір самғау қажет-ақ па дейсің.
ДӘСТҮРЛІ түрде өтіп келетін байқау жайында жыл сайын түрлі жайсыз әңгімелерді құлақ шалып жүр. Бұл жолы да байқаудың әділ өтпегенін айтып, өкпесі қара қазандай болғандардың қарасы көп. Орын алмай қалып кейігендердің сөзі былай тұрсын, «осы жолы да сол адамдарға берілетін шығар» деп кей әріптестер байқауға материал тапсыруды қойған. Қандай байқау болмасын адамға қанат бітіреді. Ал енді кей істің баянсызын, байлаусызын көргенде, жауап таба алмай қайран қаласың сол.
Шындығында мақаланы жазуда санадағы алуан ойды екшеуге тура келді. Себеп сан түрлі, ал жауап жалғыз. Қалам тербегендердің талайы басымыз бәлеге қала ма деген ойды қылау етеді. Сондықтан байқаудан көңілі қалғандардың әрқайсысының айтқан сөзін жіпке тізіп жатпай, жалпылама түрде жеткізуді жөн көрдік.
Пікір білдіргендердің басым бөлігі төртінші жыл қатарынан өтіп келетін байқауда жыл сайын жүлдегерлер қатарынан таныла беретіндерге таңданыстарын жасырмады. Мәселен, бір әріптестің (атын атап, түстемеді –редакция) осымен төртінші мәрте жүлдегер атанып отырғанын айтты. Мұндайлардың қатары аз еместігін де тілге тиек етті. Байқаудан үміткер журналистердің еңбегі жыл сайын елеусіз күйде қалып, БАҚ саласында осындай көзбояушылықтар орын ала берсе, онда қалам ұстағандардың әділдік жайында әңгіме қозғаудың да қажеті бар ма дейсің?!
БАЙҚАУДА бағы жанғандар өтеді дейміз. Дей тұрғанмен, жыл сайын әртүрлі номинация бойынша жүлдегер атана беретіндер туралы не айтуға болады? Негізінде, «Самғау» ережесіндегі Байқаудың негізгі мақсаты мен міндеттерінде: «Облыстағы журналистика қоғамдастығында жаңа перспективалы есімдерді анықтау» деген тұс бар. Ендеше, жылда өтетін байқауда неге осыған ерекше назар аударылып, жаңа есімдер алға шығарылмайды? Бәлкім, жыл сайын орын алатындар жүлдеге ілігетінін алдын ала біле ме, қалай?!
Өткен жылды айтпағанның өзінде, биыл «COVID-19» коронавирустық инфекциямен күресу тақырыбы бойынша мақала өткізіп, жүлдеге ілікпей қалған әріптестің сөзінше байқау өткен бірінші жылдың марапаттауында қазылар алқасы мүшесінен бір адам шығып, жүлдеге іліккендердің қай тақырыпты қаузағаны, мақаласы туралы шолу жасағанын айтты. Яғни, жүлдегерлер туралы нақты анықтама беріліп, шолу жасап көрсетілсе, марапат алғандарды сараптап: кімнің не үшін, қалай алғаны жайлы ашық айтылса дейді. Бір ол ғана емес, тілдескендердің талайы номинациялар бойынша жүлдегер атанғандардың есімі белгілі болғанымен, өткізген мақалалар туралы ашық айтылмай, түсініксіздеу болып қалатындығына таң екенін айтып, ішкі наздарын жеткізді.
ҚЫСҚАСЫ байқаудан әділдік іздегендердің қарасы «Самғау» конкурсының ережесіне өзгерістер енгізілу керек дегенді меңзейді. Мәселен, «Қазылар алқасының құрамына конкурстың ұйымдастырушысы – Алматы облысының ІСБ, қоғамдық журналистік ұйымдарының өкілдері, республикалық және аймақтық БАҚ басшылары, ғылым және қоғам қайраткерлері, байқаудың демеушілері (әріптестері) кіреді» деген шарттағы қазылар құрамына байқауды ұйымдастырушылар мүлдем кіріктірілмеуі керектігін, мұнымен қоса жүлдегер атанғандар екі жыл қатарынан байқауға қатыспайды деген тұс та енгізілсе, бұдан өзге аты дардай конкурсқа бір ғана мақала беріп қана қатысудың да реті дұрыс еместігін айтты. Неге десеңіз, жалғыз мақаламен журналистің тұтас шығармашылығын бағалау, бағамдау мүмкін емес.
Байқау жайында жұмбақтамай-ақ, ашық түрде жазба қалдырған «Хабар», 24 арналарының Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі Ардақ Айбарұлы ФБ парақшасындағы жариялынымда былай депті: «Өз басым Жер жәннаты – Жетісу өңіріндегі БАҚ өкілдері қатысатын бұл шараның ың-шыңсыз, айқай-шусыз өткенін көрген емеспін. «Екі иттің достығы – ортаға сүйек тасталғанша» деп белгілі айтыскер ақын Оразалы Досбосынов айтқандай, байқау аяқтала салысымен кей әріптес ит құсап бір-бірімен ырылдаса бастайды. Оны бірі көре алмаушылыққа, іштарлыққа, енді бірі мәдениетсіздікке балайды. «Маған десең бірің өліп, бірің қал!», «Ішің күйсе тұз жала!» деп қойып, бейтарап позиция ұстанып, сырттан бақылап қана отыра беретіндері де аз емес енді…
Үш жыл қатарынан «Самғаудың» жүлдесін алған бір жігітті білемін. Төртінші жылы да сахнаға шығып, Амандық Баталов ағамыздың қолынан сертификат алып тұрса таңқалмаймын. Сондай кездерде әлгі «жүлдегерлердің» кәуек басына «артымыздан еріп келе жатқан жастарға, іні-қарындастарымызға жол берейік» деген ой келе ме екен өзі деп қайран қаламын. Сол жігіт өткен жылы үшінші рет жүлдегер атанғанда менің артымда отырған жас журналистердің «Осы-ақ жалмаңдап, қайта-қайта шыға береді екен. Ар, ұят, ынсап, қанағат деген бар ма өзінде?!» деп кейігенін өз құлағыммен естігенмін.
Өткенде кеңседен сыртқа шықсам, екі шал есік алдында темекі шегіп тұрды. Аз-кем сөйлесіп едім, екеуі де «Самғаудың» жүлдесінен дәмелі екенін аңғартты. Іштей «Бүйткен түрлеріңе болайын!», – деп, теріс айналып кеттім. Өйткені сол екі ағамыз да мұның алдындағы байқауларда жүлдегер атанған еді. Шалдардың түйсігінде «жастарға жол берейік» деген ой болмаған соң басқасына не деп бағасың?! Айттың не, айтпадың не, бәрібір. Сөзің зая кеткенмен бірдей».
БҰЛ жазбаға орай журналистің өзімен хабарласып, пікірін білгенбіз.
«Мұны жазбастан бұрын облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлиге хабарласып, ішімдегіні айттым. Бұл байқау әділ өтіп жатыр деп ойлайсыз ба, өзіңіз деп… Сонсын парақшамда ойымды білдіріп, жазатынымды да ескерттім. Ол жазсаңыз жазыңыз, бірақ бәрі объективті болсын деді. Жазбада әріптестердің атын атап, түстемедім, себебі бәріміз де бір қазаннан ас ішіп жүрген жандармыз. Бірақ, төрт жыл қатарынан жүлде алу деген сұмдық қой енді? Бір жылы жүлдегер болды, енді жыл сайын әр номинация бойынша қатысудың қажеті бар ма, өзгелерге, жастарға да жол беру керек шығар» деген әріптесіміз де байқау ережесіндегі шарттарға өзгеріс енсе деген ниетін жасырмады. «Яғни, бір рет жүлдегер болған адам келесі байқауға қатыстырылмаса, ішкі саясат басқармасы ұйымдастырып отырған соң басқарманың адамдары қазылар алқасы құрамына кіріктірілмесе. Себебі, бұра тартушылық деген осындай жағдайда туындайды. Сонымен қатар әділқазы деген сөз қазылар алқасы деп қана қолданылса…негізінде көп жағдайда әділдіктің үстемдік құра алмай қалатыны өкінішті» дейді ол.
ОСЫ орайда байқауды ұйымдастырушы ішкі саясат басқармасына барып, осы мәселеге қатысты ақпараттық саясат және бұқаралық ақпарат құралдарын мониторнингілеу бөлімінің басшысы Салтанат Нұрахметовамен жолығып, көкейдегі сауалымызды қойдық.
Салтанат Орынбекқызының айтуынша, байқау шартындағы қазылар алқасының құрамына ұйымдастырушы ІСБ кіреді деген сөз катысуы мүмкін дегенді білдіреді. Алайда, төртінші жыл қатарынан өтіп келетін байқауда қазылар алқасы құрамына басқармадан бірде-бір адам кіріктірілмепті. Ал енді байқауда төрт жыл қатарынан жүлдегер болып жатқандар жайындағы сауалға: «Жарайды, ала берсін. Ережеде жүлдегер атанған адам келер жылы қатыстырылмасын деген жоқ. Сондықтан, сіз биыл бірінші орын алсаңыз, келесі жылы басқа мақалаңызбен байқауға қатыса бересіз» деген қысқа жауап алдық.
Әңгіме желісінде Салтанат Орынбекқызы-нан көптің көкейінде жүрген қазылар алқасының жүлдегер ретіндегі берген орындары байқау кезінде өзгеріске ұшырап жататыны рас па деген сауал қойған едік.
«Мұны кім айтып жүргенін білмедім. Байқау деген жеңіс пен жеңілістен тұрады. Мәселен, осы жолы өтпей қалған адамдар басшыларға телефон шалып, неге өтпей қалғандарын айтып, ішкі наздарын жеткізген. Бізде қазылар алқасы тәуелсіз БАҚ-тың адамдарынан тұрады. Олардың берген бағасы ешқашан да өзгертілген емес. Сондықтан, жүлдегер болып немесе болмай қалған жағдайда берілген орындар өзгеріске ұшырайды деген бос сөз. Егер сізді бұл қанағаттандырмаса, ол сіздің жеке шаруаңыз. Ал, орынсыз біреуге кінә артып, мін тағудың қажеті жоқ» деген бөлім басшысы жыл сайынғы байқауда қазылық еткендер марапаттауға шақырылатынын да тілге тиек етті.
Сонымен қатар ол ережеде өзгертуге яки мынадай шарт енгізілсе деген журналистер тарапынан ұсыныстар болып жатса, оны қарастыруға болатынын, яғни, қатып қалған қағида жоқтығын қадап айтты.
МАҚАЛАНЫ жазуда «Самғау» байқауына қазылық еткен адамдармен де хабарласып, ойларын білдік. Солардың бірі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Ғабит МҮСІРЕП былай дейді:
Әдетте журналистер қауымы көп жағдайда әлеуметтік жеңілдіктен, мемлекеттік марапаттан құр қалып жататыны бар. Бұл жағынан алғанда жетісулық журналистердің жарылқаушысы бар екен. Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен биыл төртінші мәрте «Самғау» байқауы өткізіліп, жетісулық үздік журналистерді марапаттады.
Биыл осы байқауға қатысушылардың еңбектерін саралап, қазылық жасауға орай ұсыныс түскен еді. Маған басқалармен бірге «Үздік журналист» аталымына қазылық ету бұйырған екен. Аталған номинацияға барлығы 29 журналист қатысуға тілек білдіріпті. Әрине, байқауға ұсынылған жалғыз мақала журналистің тұтас шығармашылығының барометрі болмайтыны белгілі. Баға байқауға ұсынылған мақалға берілетіні сөзсіз. Сондықтан байқауға қатысушы журналистердің мақалаларын мейлінше ыждағатпен қарап, оның мазмұнына, үміткердің білім-білігіне, стиліне қарай өз бағамды берген болатынмын. Аталымдар арасында ауыс-түйіс болғанымен, өзім шығармашылығын жоғары бағалаған журналистердің жүлдегерлер қатарынан көрінгені көңілге қуаныш ұялатты. «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі Әсет Қалымов, «Огни Алатау» газетінің журналистері Хасан Еспанов пен Ирина Карякина еңбегінің лайықты бағалануы осыны көрсетсе керек. Осы тұрғыдан алғанда қазылар алқасы мүшелерінің шешімі бір жерден шыққаны байқалады.
СӨЙЛЕЙ білу бір басқа да, айта алудың жөні бөлек екенін білеміз. Байқау жайындағы мақаланы жазуда біз көпке ортақ ойды, пікірді айтуға тырыстық. Айтылмаса сөз жетім деген емес пе?!

Сарби ӘЙТЕНОВА


ПІКІР ЖАЗУ