Алдыңғы толқынға қарағанда вирус агрессивті

0
1218

19 қаңтар күні өткен Үкімет отырысында еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы талқыланды. Селекторлық жиында Үкімет басшысы өңір әкімдіктеріне вирусқа қарсы дәрі-дәрмек қорларына тексеріс жүргізуді тапсырды. Осы орайда Алматы облысындағы жағдайды білмекке тырыстық.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ө.Ниязбековтың сөзінше, облыс ауруханаларында жеке қорғану құралдары мен дәрілік заттардың екі айлық қоры бар. Одан өзге, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жергілікті бюджет есебінен 92,1 млн.теңгеге вирусқа қарсы препараттар сатып алынған. 1,3 млрд. теңгеге тұрақтандыру қоры құрылып, «СК Фармация» арқылы дәріханаларға 63 млн.теңгеге өтінім қалыптастырылғандығын да айтты ол. Ал, дәрілер бағасының қымбаттауына байланысты сауалымызға орай: «Бұл біздің жауапкершілікке жатпайды. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметке қарасты фармкомитет бар. Сол ұйым күн сайын рейдтік тексеріс жүргізеді», – деді.
Осы орайда Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімі басшысы А. Ас-қаровамен тілдесіп көрдік.
«Тұрақтандыру қоры құрылғалы бері дәрі тапшылығы байқалмады. Вирусқа қарсы препараттар дәріханаларда бар. Бағаны бақылауда ұстау жұмысын жалғастырамыз, мониторинг жүргізіледі. Жаңа бұйрыққа байланысты 25 қаңтардан бастап Антикормен бірігіп рейдтік шараларды бастаймыз. Осы уақытқа дейін дәріханалардан 23 млн.теңге айыппұл өндірдік», – дейді ол. Өз сөзінде бөлім басшысы дәрі іздеуде ешқандай қиындық жоқ екенін, «Дәрі KZ» мобильді қосымшасы арқылы оңай табуға болатынын айтты. Алайда, аталған қосымшаны қолданушылар «әлі шикі» деген баға берді. Бірі «Танымал деген 10 дәрінің біреуін де таппады» десе, енді бірі «Баға тұрақсыз, баяу жұмыс жасайды, дәрі бағасы көрсетілмеді» деген сынды арыз-шағымдарды интернет желісінде жаудырып тастағанын көрдік.
26 қаңтар күнгі дерек бойынша облыста 64 жағдай тіркелген. Оның 17-і Талдықорған қаласында анықталды. Қазіргі таңда ауруханада жатқан 563 науқастың 31-і ауыр жағдайда. Амбулаториялық емдеуде 376 адам бар.
Індетпен күреске жергілікті бюджеттен 13,8 млрд.теңге бөлінсе, оның ішінде екінші толқын дайындығына 8,8 млрд.теңге қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, 180 жедел жәдем көлігі, 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынған. Естеріңізде болса, 55 күн ішінде құрылысы аяқталған 200 орындық инфекциялық аурухана пайдалануға берілген болатын. Мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін Алматы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Марат Досқалиевпен тілдесіп, көптің көкейінде жүрген сауалдарды қойған болатынбыз.

 

АЛАТАУ: – Бүгінгі таңда инфекциялық ауруханада қанша адам ем қабылдауда?
Марат ҚАНАТҰЛЫ: – Қазір 200 орындық ауруханада 136 адам ем қабылдауда, яғни, 70 пайызы бос емес деген сөз. Ал, 20 орындық жансақтау бөлімінде 14 адам емделуде.
АЛАТАУ: – Пациент қанша күнде толығымен жазылып шығады? Қандай белгілер байқалғанда ем қабылдаушы провизорлықтан инфек-циялық стационарға ауыстырылады?
Марат ҚАНАТҰЛЫ: – Облыстық ауруханада 40, қалалық көпсалалы ауруханада 40 төсек қамтылған. Ол жерде полисегментарлы пневмония диагнозымен ем қабылдап жатқандар бар. Сол пациенттер арасында ПЦР талдау нәтижесінде коронавирустық инфекция расталса, шұғыл түрде инфекциялық ауруханаға жөнелтіледі. Қалыпты жағдайда пациент 10-12 күнде емделіп шығады.
АЛАТАУ: – Дәрі-дәрмек тап-шылығын денсаулық сақтау басқармасындағы мамандар жоққа шығаруда. Алайда, аты-жөнін атамауды өтінген оқырмандарымыз бізге арыз-шағымдарын жеткізді. Науқасқа қажетті «Медаксон» атты құны 1900 теңге тұратын дәріні Алматыдан таба алмай, Ұзынағаштағы дәріханадан бір флаконын 6000 теңгеге сатып алғанын айтады. Сөйтіп дәрі таппай сабылып жүргенде науқас өмірден өтті. Бұған не дейсіз?
Марат ҚАНАТҰЛЫ: – Бізде ондай жағдай тіркелген жоқ. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. «СК-Фармацияға» өтініш берілді. Егер шындап таба алмай қалған жағдайда байланыста отырған 10 шақты ауруханамен көмек алмасамыз. Бізге дәрі жеткізілгенше ала тұрамыз да, қайтадан қайтарып береміз.
АЛАТАУ: – Марқұм Әлімғазы атамыз ауруханада жатқанда жағдайын білмек болып жұбайына хабарласқан әріптестер бар екен. Сол кезде апамыз: «Дәрі жоқ, балалар астанадан тауып беріп жатыр» депті. Барлығы жеткілікті болса, бұл кісілер неге дәрі тапшылығын көрді?
Марат ҚАНАТҰЛЫ: – Жағдай былай ғой, дұрыс түсініңіздер. КВИ-дің дәрісі бір бөлек те, әртүрлі созылмалы ауруларға тағайындалатын дәрі бір бөлек. Мәселен, пациенттің қант диабеті, жүрек ауруы, гипертония деген секілді өзге де диагноздары болуы мүмкін. Терапевтер сол ауру түрлеріне қарсы дәріні жазып береді. Оның барлығын аурухана қамдай алмайды ғой. Әрине, үй ішіне алдыртуға мәжбүр боламыз. Ал, қазіргі вирусқа қажетті 20 шақты дәрі түрі ауруханамызда бар.
АЛАТАУ: – Жаңа толқын деп жатыр… Симптоматикалық тұрғыдан алғанда оның бірінші толқыннан қандай айырмашылығы бар?
Марат ҚАНАТҰЛЫ: – Бірінші толқында біз дайын болған жоқпыз. Құрал-жабдықтар жеткіліксіз болды. Оттегі аппаратты тапшы еді. Ал, қазіргі жағдайда дайынбыз деп айта аламыз. 200 палаталық төсектің және 20 жансақтау бөлмесінің барлығында оттегі аппараты бар. Қорда тағы 5 аппарат қамтылған. Ал, симптоматикалық сипатына келер болсақ, қазір көбіне егде жастағы адамдар түсуде. Жансақтау бөлімінде жатқан пациенттердің 70%-ның жас шамасы 70-тен асқан. Ауруханаға келгенде өкпесінің 20-25% зақымданғанын көреміз, дәрі-дәрмектің күшіне бой бермей бір-екі апта өткен соң-ақ зақымданған аймақ 100 пайызға жетіп қояды. Еліміздің басқа да аймағындағы дәрігерлерден сұрағанымызда көбінде осындай жағдай орын алғанын айтуда. Науқас саны бірінші толқыннан аз болуы мүмкін, бірақ алдыңғысына қарағанда вирус «агрессивті», адам ағзасына ауыр тиеді.
АЛАТАУ: – Халық арасында «Бұл ауру симптомсыз жүреді екен. Ал, рентген нәтижесі өкпенің 25-30% қабынғанын көрсетуде» деген сыбыс бар. Бұл қаншалықты рас?
Марат ҚАНАТҰЛЫ: – Бұл деген барлығы барып рентгенге түссін деген сөз емес. Дене қызуы, жөтел деген секілді бірнеше белгілерінің біреуі байқалса ғана рентгенге түсіп көз жеткізген жөн. Қазір «симптомсыз түрі» дегенге мән бермей жүр. Пациентті 14 күнге үйінде жатып оқшаулануды тапсырсаң, «Жақсы болды, жұмыстан демалатын болдық» деп туыстарын аралап, жеке басының жұмыстарымен қоғамдық орындарда жүре береді. Міне, бізді құртып отырған сол. Дәрігер айтты ма, оқшаулану керек. Емханадағы мамандар үйде жатқан пациенттердің халін сұрап, күнделікті хабарласып отырады. Сол кезде дәрігерден жасырмай, қандайда бір өзгеріс байқалса ашығын айту керек.
АЛАТАУ: – Не жедел жәрдем қызметіне жүгінбей, не дәрігерге хабарласпай үй жағдайында өз бетінше ем қабылдап жатқандар бар көрінеді. «Ауруханаға барсақ, вирусты тіпті асқындырып аламыз» деген қорқыныш бар екен. Бұл туралы не айтасыз?
Марат ҚАНАТҰЛЫ: – Жансақтау бөліміне түсетіндердің басым бөлігі – осылар. Үйде жатып әбден асқынғанда ауруханаға келеді. Өз бетінше ем-дом жасап бірі май ішеді, бірі қытайдың дәрі-дәрмегін тұтынады. Ондай қателікке жол беруге болмайды, кеш қаламыз.
АЛАТАУ: – Келер толқын наурыз айының аяғында өрши түседі деген болжам бар…
Марат ҚАНАТҰЛЫ: – Наурыз емес, ақпанның ішінде күшейеді деп жатыр. Бұған дейін де күз айларында болады деді, бірақ болмады. Нақтысын ешкім айта алмайды. Бұл болжам ғана. Қазір қатты өршіп тұр деп айта алмаймыз, бірақ ауру көрсеткішінде өсім бар. Мысалы, бір күнде 10 адамды ауруханадан шығарсақ, 14-15 адам орнына келеді.
АЛАТАУ: – Сөз басында аурухананың 70%-ы бос емес дедіңіз. Қазіргі бірқалыпты кезеңде осындай көрсеткіш болса, вирустың нақ өршіген кезінде не болмақ? Орын санының жетпей қалу қаупі қаншалықты?
Марат ҚАНАТҰЛЫ: – Бірінші толқындағыдай емес, дайындық бар. Тері аурулары диспансері, облыстық аурухана мекемелерінде резервтік орындар қамтылды. Жаз айларындағыдай ажиотаж болмайды деп сенеміз.
АЛАТАУ: – Сайлау науқанына дейін қаламызда ауру-сырқаудың бар екені туралы ешбір ақпар болмады. Сайлау аяқтала салысымен бір-ақ күнде «қызыл аймаққа» еніп кеттік. Бұл қалай болғаны? Мұның қандайда бір саяси астары бар ма?
Марат ҚАНАТҰЛЫ: – Мұның сайлауға қатысы жоқ деп ойлаймын. Расымен, оған дейін ауру деңгейі төмен болатын.
АЛАТАУ: – Қауіп-қатердің ошағында жүрген медициналық қызметкерлерге бұрынғыдай мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетіле ме?
Марат ҚАНАТҰЛЫ: – Әрине, үш категория бойынша науқаспен тікелей жұмыс жасайтын дәрігерлерге, медбикелерге, жедел-жәрдем қыз-меткерлеріне өзге де мамандарға арнайы тағайындалған қаржылай көмек бар.
АЛАТАУ: – Сіздерде қазіргі жұмыс тәртібі қандай? Үйге бару мүмкіндігі бар ма?
Марат ҚАНАТҰЛЫ: – Қала бойынша үш қонақ үй берілді. Елімізге ауру енгелі бері сол қонақ үйден барып келеміз. Әкімшіліктен бөлінген автобус тасымалдайды.
АЛАТАУ: – Әңгімеңізге рахмет!

Данагүл БЕРЕКЕТ

Кілтсөздер:МЕДИЦИНА


ПІКІР ЖАЗУ