Жүкті әйелдерге арналған инфекциялық бөлім ашылды

0
1483

…Бір тыныс алу аппаратына таласқан бірнеше жүкті әйелдің картинасын көз алдыңызға елестетіңізші. Індет ә деп өршіген өткен жылы елімізде осындай түрлі келеңсіздіктер орын алып, коронаіндетпен күрескен ақ желеңді абзал жандар шарасыздық күйге еніп еді. Содан бері қарай коронавирус жұқтырғандарды емдеу хаттамасына  өзгеріс енгізіліп, бүгінгі таңда  оң нәтижелер көрініс бере бастады.

Коронаіндетпен ауырған жүкті әйелдердің қатары әлі де толастар емес. Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханасына да әр ауданнан түсетін ауыр халдегі жүкті әйелдер саны жетерлік. Осы орайда Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен   Талдықорған қаласындағы  облыстық ауруханасы мен облыстық  перинаталдық  орталық мамандары  әйелдер мен балалардың денсауылғы үшін күресуге  күш біріктіруді ұйғарды.  Сәуір айының 9-ы жұлдызында ашылған бөлімде бүгінгі таңда облыстық аурухананың жиырмадан астам білікті маманы қарқынды жұмыс істеуде.
Бас дәрігер Анарбек Монғолұлы бастап, аурухана басшысының емдеу жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Базылжанова қостаған дәрігерлер сапы, атап айтсақ: анестезиолог-реаниматолог Г.Боталбаева, А.Енсин, Б.Уалиев, А.Қазақбаева, терапевт дәрігері Н.Нұрланқызы, аға медбике Ш.Салқынбекова, медбикелер – Г. Сәрсенбаева, Б.Тасыбекова, Д.Мүсекенова, А.Молшылықбаева, Б.Төлегенова, С.Бородина, Б.Жексенбаева, А.Қасымова сонымен қатар шаруашылық жөніндегі қызметкер (сестра хозяйка)Л. Утьева, кіші қызметкерлер (санитаркалар) – А. Арғынова, Б. Жанғазиева, З. Жұманова, С. Юмашева, С. Нұрғожаева, К. Күнбосынова, К. Мамыраимовалар күн-түн демей тынымсыз еңбек етіп келеді.


Екі бірдей медициналық мекеменің басшыларымен ақылдаса отырып ашылған инфекциялық бөлімнің жұмысы қалай өрбуде, коронаіндет жұқтырып, қиын жағдайда түскен ауыр аяқты әйелдердің жайы қалай деген ниетпен жаңа ашылған бөлімге арнайы бас сұғып, ондағы жағдайды көзімізбен көріп қайттық.
Білікті анестезиолог-реаниматолог Берікжан Серікұлы басшылық ететін бөлімде  20 науқас ем қабылдауда. Бұл жерде жүкті әйелдерді босандырып, кесер тілігі де жасалады. Ол үшін арнайы операция блогы да қарастырылған.
«Бізге өте ыңғайлы болды. Себебі, гинеколог та, реаниматолог та жанымызда, тіпті акушер де бар. Ауыр халде жеткізілген жүкті әйелді бірден операция бөліміне апарып, перинаталды орталықтың аку-шер-гинекологтары бастаған сап өзінің анестезиологтарымен бірігіп шұғыл ота жасайды. Операциядан соң босанған әйелді біз қайта өзіміздің бөлімге аламыз. Осы уақыт аралығында өте ауыр жағдайда түскен жүкті әйелдер өте көп болды. Мәселен, Жаркент қаласынан санавиаця арқылы жеткізілген 29 апталық жүктілікпен түскен келіншектің жағдайы бүгінгі күні қалыпқа келіп, бұйырса үйіне шыққалы отыр. Бөлім ашылғалы ем қабылдап, баласын қолына алып, аман-есен үйіне қайтып жатқандар саны толассыз» – дейді анестезиолог-реаниматолог дәрігер Гүлжан Мәлікқызы.
Осы ретте терапевт-дәрігер Нәзира Нұрланқызы да өз ойын ортаға салды.
«Бас дәрігеріміз Анарбек Монғолханұлы ковидпен ауырғандардың күн санап көбейіп отырғанын, әсіресе, жүкті әйелдер санының артуына орай облыстық перинаталды орталықтан арнайы осындай бөлім ашуды қолға алып жатқандығын және соған терапевт-дәрігер ретінде баратынымды айтты. Шыны керек, алғашқыда келісім бермей, алты жылдық еңбек өтілімде жүкті, босанған әйелдермен жұмыс істеп көрмегенімді айттым. Бірақ, осындай қысылтаяң шақта дәрігер – адам өміріне жауапты әрі арашашы бола алуы керек қой…. Сәуір айының 12-інен бері осы бөлімде бір кісідей жұмыс істеп келемін. Ауыр халде түскен жүкті әйелдер саны көп болды. Алайда, дәрігерлердің араласуымен бүгінде  олардың жағдайы жақсарып, үйлеріне қайтуға жарады» дей келе инфекциялық бөлімге түскен жүкті әйелдердің дертінен айығып, үйлеріне риза болып шығып жатқанынан артық марапат жоқ екенін де жасырмады.
Өткен жылдан бері коронавирус індетінен және соған байланысты енгізілген карантин шектеулерінен жүкті әйелдер мен өмірге енді келген сәбилер зардап шегіп келеді-ақ. Індетке қарсы күресіп келетін ақ желеңді абзал жандардың сөзінше, аяғы ауыр әйелдің ағзасы онсызда әлсіз келеді, сол себепті вирусты жұқтыруы оңай, ал емделуі қиын. Жүкті әйелдер жұрт сияқты вирус пен бактерияға қарсы күшті дәрілерді де іше алмайды – құрсақтағы балаға зиян. Дегенмен, дәрігерлер тарапынан тиісті шаралардың барлығы да жасалып, ана мен баланың жағдайына сай ем-дом қабылдануда.
Осындай қиын кезеңде жүкті және босанатын әйелдерге арнап арнайы инфекциялық бөлім ашуды ұйғарған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысына,  облыстық аурухана мен  перинаталды орталықтың  директорларына емделушілер тарапы  шынайы алғыстарын жеткізді. Солардың бірі Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ кентінен түскен Мөлдір есімді келіншек.
«Сәуір айының бесі күні өте ауыр жағдайда облыстық ауруханасына түстім. Тыныс алуым нашарлап, аппаратпен жаттым. Оны күні кесір тілігін жасап, нәрестем де, өзім де аманбыз. Аллаға мың да бір шүкір. Оы бөлімде күн-түн демей қызмет етіп жүрген облыстық аурухананың білікті дәрігерлеріне айтар алғысым шексіз. Әсіресе, анестезиолог-реаниматолог дәрігер Гүлжан Мәлікқызына, терапевт-дәрігер Нәзира Нұрланқызына, осындағы тамағымызды, суымызды беріп, зыр жүгіріп жүрген жандардың өлшеусіз еңбегіне басымды иіп, рахметімді айтқым келеді. Дәрігерлер маған екінші өмір сыйлады және осы кісілердің арқасында әлі өзім көрмеген дені сау сәби дүниеге келді. Бүгін сәбиімді бірінші рет көріп, құшағыма басамын деп отырмын», – дейді ол.

* * *

«Мұнда сәуірдің он тоғызы күні ыстығым көтеріліп, тұла-бойымды әлсіздік билеп түскен едім. Сол күні түнде аман-есен босанып, сәбилі болдым. Қазір жағдайым тым жақсы. Дер кезінде  қолұшын созып, көмек берген осындай дәрігерлеріміздің барына қуанамын. Мынадай қиын шақта өз өмірлерін тәуекелге байлап, алдыңғы шепте жүрген жандардың деніне саулық, тынымсыз еңбектеріне жеміс тілеймін» – дейді текелілік Зухра.

* * *

«Жаркент қаласынан санавиациямен алып келді осында. Жиырма тоғыз апталық жүктілікпен өте ауыр жағдайда түстім. Қазіргі жағдайым өте жақсы. Үйге қайтуға асығып отырмын. Себебі, төрт балам алаңдап, күтіп отыр.Дәрігерлердің дер кезінде берген көмегінің арқасында құрсағымдағы егіз баламның да, өзімнің де жағдайым жақсы. Аллаға мың да бір тәубе келтіремін. Біз секілді жүкті әйелдер үшін осындай инфекциялық бөлім ашып, барлық жағдайды жасап жатқан ақ халаттыларға аналық алғысымды білдіремін» – дейді Панфилов ауданының тұрғыны Мадина.
Бүгінгі ұрпақ – еліміздің ертеңі. Пандемия кезеңінде ана мен баланың жағдайына баса назар аударуды алғы жолға қойып, перинаталды орталықтан ауыр аяқты әйелдерге арналған инфекциялық бөлім ашып, бір кісідей еңбек етіп жатқан облыстық аурухананың медициналық қызметкерлері жұмысына жеміс тілейміз.

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ